• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қаңтар, 2021

Қордайдағы биофармацевтикалық зауыттың құрылысы қарқын алды

113 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бүгінде Қордай ауданының Гвардейский ауылында биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасындағы биофармацевтикалық зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Аталған кәсіпорында әлемдік стандарттар бойынша иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирустық инфекцияға, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығару жоспарланып жатыр. Оның жылдық өндіріс көлемі 30-60 миллион доза биологиялық өнімді құрайды.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы биофармацевтикалық зауыттың құрылысы бойынша кеңес өткізді. Кеңеске Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары Олжас Смағұлов, Денсаулық сақтау министрінің бірінші вице-министрі Марат Шоранов және Білім және ғылым министрінің орынбасары Мирас Дауленов қатысты.

Сонымен қатар басқосуда Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының басшылары, мүдделі мемлекеттік органдардың, сарапшылар мен мердігерлердің өкілдері де болды. Кездесу барысында жобаны іске асырудағы ағымдық мәселелер талқыланды. Сондай-ақ келушілер құрылыс-монтаждау жұмыстары, өндірістік жабдықты сатып алу және орнату, валидация және GMP сертификаттау рәсімдерін және басқа да жайттарды саралады.

«Зауыттың стратегиялық маңызы бар. Сондықтан жұмыс сапасына және белгіленген мерзімде аятауға баса назар аудару қажет. Зауыт өндірістік тәжірибенің халықаралық стандарттарына сәйкес келуі тиіс. Бұл үшін барлық мемлекеттік органдар мен құрылымдардың үйлесімді жұмысы қажет», деді Бердібек Сапарбаев.

Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев Қордай ауданын газдандыру мәселесі бойынша да кеңес өткізді. Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, қыс мезгіліне қарамастан, елді мекендерге газ құбырын тарту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.

Жиынға мұндағы жобаларды жүзеге асырып жатқан мердігерлік ұйымдардың басшылары да қатысты. Кеңес соңында әкім Қордай ауданындағы елдімекендерді одан әрі газдандыру бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.