Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастыру мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бейне конференцбайланыс форматында ұйымдастырылған кеңеске құқық қорғау органдарының басшылары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы жұмыс тобының мүшелері қатысты.
Кеңес барысында ғалымдар мен сарапшылардың архивтер мен жабық қорлардағы зерттеу жұмыстары, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметін сүйемелдеу жөніндегі жобалық офистің қызметін ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» ҚР Президенті Жарлығының міндеттерін жан-жақты іске асыруды қамтамасыз ететін ұйымдастыру-техникалық және зерттеу іс-шаралары кешенін өткізу туралы бірқатар тапсырмалар берілді.