Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы Autism Kazakhstan Ұлттық қауымдастықпен өзара бірлесіп жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидалары өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz
Жобаның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар жолаушылар үшін ұшуларды барынша қолайлы ету.
Көрінбейтін шектеулері бар жолаушыларға тиісті куәлігі болған жағдайда (Аутизм диагнозын растау үшін ДКК қорытындысы қажет) басым тәртіппен қызмет көрсетіледі. Осындай құжаттарды ұсынған жолаушыларға әуежайда тиісті ланьярд (ленталар) беріледі.
Ол үшін әуе билетінде көрсетілген ұшу уақытынан 48 сағат бұрын қызмет көрсетуге өтінім беру қажет. Әуежайға келгеннен кейін аутизмі бар жолаушының алып жүретін адамы арнайы ланьярд алу үшін анықтама бюросына жүгіне алады.
Ланьярд авиациялық қауіпсіздік, тіркеу, сондай-ақ әуежайда шекара және кеден қызметтерінің қызметкерлеріне көрінбейтін мүгедектігі бар жолаушыларды сәйкестендіруге мүмкіндік береді (оларды алып жүру және рәсімдерді басым тәртіппен өту үшін).
Қажет болған жағдайда жолаушы аэровокзал бойынша және әуе кемесіне дейін жүріп-тұру үшін мүгедектер арбасын, сондай-ақ ана мен бала бөлмесін пайдалана алады.
Қазақстан Аутизм қауымдастығының төрайымы Нұрия Балтабайқызы ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Ластаев Талғат Тілеубекұлына, төраға орынбасары Салтанат Томпиеваға, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі департаментінің директоры Нұржан Малаевқа, жобаның барлық қатысушылары, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті және Астана әуежайының қызметкерлері ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектердің игілігі үшін бірлескен ынтымақтастығы және атқарған орасан зор жұмысы үшін (2019 жылғы қарашадан 2021 жылғы қаңтарға дейін) ерекше алғысын білдіреді.