• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
20 Желтоқсан, 2013

Мас күйінде көлік айдау қылмыс емес пе?

630 рет
көрсетілді

Нағыз қылмыс. Қасақана кісі өлтіру деген осы. Қас-қағым сәтте бейкүнә сәбидің де, атпал азаматтың да, абзал ананың да жаны қиылып, жаһаннамға кете барады. Оны жазым деп алдаусыратып, артын жауапсыздыққа аудара салатынымыз да жасырын емес. Егер, көлік тізгінін ұстаған жанның санасына, қылмыстық жауапкершілікті айтпағанда, адами құндылықты, бір өзінің ғана емес, өзгелердің де өмірін ойлау керектігін сіңіре білсек, жол-көлік апаттары азаяр ма еді?

Нағыз қылмыс. Қасақана кісі өлтіру деген осы. Қас-қағым сәтте бейкүнә сәбидің де, атпал азаматтың да, абзал ананың да жаны қиылып, жаһаннамға кете барады. Оны жазым деп алдаусыратып, артын жауапсыздыққа аудара салатынымыз да жасырын емес. Егер, көлік тізгінін ұстаған жанның санасына, қылмыстық жауапкершілікті айтпағанда, адами құндылықты, бір өзінің ғана емес, өзгелердің де өмірін ойлау керектігін сіңіре білсек, жол-көлік апаттары азаяр ма еді?

Шыны керек, бұл тұрғыда да ақысыз ақыл, пәрменсіз пікір айтуға шеберміз. Сондықтан сөзден іске көшетін уақыт әлдеқашан өтті деп шарасыздыққа бой ұрмалық. Басқасын айтпағанда, Ата Заңымыздың 1-бабының 1-тармағында «Қазақ­стан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп нақтыланған. Осынау заңнаманы ой елегінен өткізіп, әр сөзіне зейін қойсақ, адам құқығына ерекше мән берілген. Бірақ нақты өмірдегі жол-көлік оқиғалары сол заңның белінен басылып жатқанын растайды. Көгілдір экрандағы «Рейдер» бағдарламасын көріп отырып жаныңыз түршігеді.

Ал сол оқиғаның негізгі себепшісі болатын жүргізушілер жалтарма жауаптарын ағытқан соң, кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, я болмаса абайсызда орын алған оқиға деп тіркеліп, қағаз жүзінде қала береді. Адам өмірі, тағдыры ше? Сондықтан бұл күндері депутаттар талқысында жатқан заңнамаға кімде-кім алкоголь өнімін ішіп алып, жол-көлік оқиғасына себепші болды ма, ешқандай талқылауыз ол адам ҚР ҚК 96-бабы, 2-тармағымен қасақана кісі өлтірген деген айыптаумен жазалануы керек. Мүмкін халық қалаулылары одан да қатал жаза түрін ұсынып, күшіне ендірер.

Қалай десек те, жол-көлік оқиғасын жасасын, жасамасын алкоголь өнімдерін ішіп алып, көлік тізгініне отырған адамның кінәсі заңнама шеңберінде мойнына қойылды ма, ол Қылмыстық кодекс бойынша айыпталып, жазалануы шарт. Біле білсек, бұл – өмір қажеттілігінен туындаған талап.

Алматы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, былтырғы жылы спирттік ішімдік ішіп алып автокөлік руліне отырған жүргі­­­зушілер саны 3396 болса, бұл биыл 2889, яғни мас болсын, тіпті шала мас болсын, спирт­тік ішімдік ішкені дәлелденіп, авто­­көлік тізгініне отырғандар саны 507 адамға азайған. Жақсы. Мұны елімізде жол жүру ережесі талап­тарын күшейтуді мықтап қолға алғандықтың ықпалы және түрлі жол-көлік оқиғаларының жүргізушілерге ой салғандығының әсері деуге болады.

Бүгінде «такси» жүргізушілері құдды жауыннан кейінгі саңырау­­­құлақтай қаптап кеткені ақиқат. Бұл кәсіпті күнкөріс көзіне айналдырып алған­дар ауылда да, қалада да жетіп артылады. Қозғалатын ой сол, «такси» атты түрлі көліктер талапқа сай техникалық байқаудан өте ме? Әй, қайдам. Бірде бір та­ныс­­ым­ның жекеменшігіндегі авто­кө­­лігін үйіне қалдырып, Алматыға «таксимен» барып келісімен «такси» жүргізушісінің 60-70 шақырым жүрген сайын тоқтап дөңгелегінің болтын қатайтып алып, еш қапер­­сіз ызғыта беретінін және жол полиция­сы қызметкерлерінің қай жерлерде тығылып тұратынын да жатқа білетінін айтып жағасын ұстағаны бар еді.

Ал қала іші, ауыл арасында жүретін «таксилердің» сыртқы көрінісі-ақ көп жайды аңғартады. Міне, осындай «таксилердің» жүргізушілері алкоголь өнімдерін ішіп алып сол көлігінің тізгініне отырған соң, арты неге тірелетінін бір Алла біледі. Уақытпен санас­пай ертелетіп Талдықорғаннан шығып Алматыға (280 шақырым) бір рет барып келгенін қанағат тұтпайтын жүргізуші тиын қуалап, шаршағанына қарамай тағы бір рет Алматыға барып келе қояйын деп тәуекелге бел буатыны өз алдына.

Алматы облыстық ІІД Жол полициясы басқармасы ағымдағы жылы 5996 әкімшілік істі сот жүйесінің қарауына жіберген. Нәтижесінде 3006 адам автокө­лік­ті жүргізу куәлігінен айырылған. 341 жүргізуші әкімшілік жазаға тартылып, 10-15 тәулік қамауға алын­­са, оған қоса, тағы 1435 жүр­гізушіге түрлі әкімшілік жа­за көрілген. 37 іс өндірісте қыс­қартылып, 142 іс қаралуда екен.

Қолданылған әкімшілік шаралар бойынша 154 981 жүргізушіге жалпы сомасы 1 023 119 851 тең­ге айыппұл салынып, 131 566 жүргі­зушіден 909 091 951 теңге өндірілген. Әділет министрлігіне қарасты сот актілерін орындау комитеті қызметкерлері мен жол полициясы қызметкерлері бірлесе 23 246 әкімшілік іс бойынша салынған айыппұлды мәжбүрлеп өндіру шарасын атқарып, нәтижесінде бюджетке 201 194 130 теңге құйылыпты.

Қорыта айтқанда, түрлі себеп­тер­­­­мен салынған айыппұл есе­леп төленер. Түптің түбінде адам ең­бегімен оның орны толар. Ал, адам өмірі ше? Кеудеден жан шық­ты, бітті. Адам өмірінің бей­­­мез­­гіл қиылуының бір себеп­шісі – көлік жүргізушісі, сол көлік жүргізушісінің абайсызда, тіпті қасақана жасаған әреке­ті­не себепкер болған – алкоголь өнімі. Сондықтан, ішімдік ішіп алып көлік тізгініне отыру – нағыз қылмыс!

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.

Соңғы жаңалықтар