...Сынаптай сырғыған заманның өмiр-өзен жылнамасынан әдетте, әр пенденiң жүрiп өткен жолы үңiлген жанға әр қырынан сыр шертiп тұрады. Әсiресе, бұл – жастайынан тартқан тағдыр тауқыметiне мойымай, қанына сiңген намыс найзағайымен ылғи да алға ұмтылып отырған жандарда анық байқалады.
Мынау өмiрдiң жақсылығын да, жоқшылығын да көрiп, ыстық-суығына төзiп, адами болмыс-бiтiмi мен парасатын, адамгершiлiк асыл қасиетiн қандай мансапқа болмасын айырбастамастан адалдықты, елге, жерге деген шынайы махаббатты ту еткендер үшiн ол тiптi алыстан-ақ «мен мұндалайды». Олай дейтiнiм – сонау ел басына төнген зұлмат-заманда туып, қанқұйлы соғыс зардабы мен қызыл империяның зобалаңын бастан кешiрiп, бүгiнгiдей тәуелсiздiкке жетiп, егемендiк жолында азды-көптi еңбек етiп, ел ағасы атанған аралықта өз басым көп нәрсенi көрiп, көп нәрсеге куә болдым. Бұрылыс-бұралаңы көп өмiр жолында қызмет бабымен де, рухани жағынан да қаншама жақсы жандармен араласып, сыйластым. Өмiрiмiздiң ащы-тұщысына қарамастан сондай жаны жайсаңдармен сыйластық пен жарасымдылықтың күнi бүгiнге дейiн жалғасып келе жатқанына тағдырыма тәубе етемiн. Солардың бiрi – көңiлiмнiң көгiнен, жүрегiмнiң төрiнен орын алған, бүгiнде 75 жасқа толып отырған, мемлекет және қоғам қайраткерi, ел сыйлаған үлкен азамат – Кеңес Мұстаханұлы Аухадиев.
Кеңес Мұстаханұлы туралы ойлағанымда әуелi оның «өмiр жолы – тар соқпақ» дегенi есiме оралады. Мұны тектен-тек айтып отырғаным жоқ. 2008 жылы Кеңес Мұстаханұлы өзiнiң жетпiс жылдығы қарсаңында осындай тақырыппен үлкен естелiк кiтап жазды. Онда Советтiк Социалистiк Республикалар Одағының дәуiрлеп тұрған тұсында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бюро мүшесi, Алматы облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы кезiндегi елiмiздiң жалпы саяси ахуалы, халықтың тұрмыс-тiршiлiгi және өзiнiң еңбек жолы мен КСРО қайраткерлерiнiң жұмыс iстеу жүйесi, тәсiлi, тағы басқалары тұрғысында ой толғады. Кiтапта Кеңес Мұстаханұлы «тар соқпақ» деп өзiнiң өмiр жолын айтып отыр. Олай дейтiн себебi – Кеңес Мұстаханұлының өмiр жолы шын мәнiнде оңай болған жоқ. Әкесi Мұстахан 1939 жылы сол кездегi жоспарлы шақыру бойынша әскерге алынып, алдымен фин соғысына, одан кейiн Ұлы Отан соғысына қатысады. Әкесi әскерге аттанғанда Кеңес бiр жасар ғана бала едi. Бұл күндерi Кеңеске әкесiнен қалған жалғыз асыл мұра – әкесiнiң 1941 жылдың 14 маусымында Брест маңынан жазған соңғы хаты. Сол хаттың елге қай күнi жеткенi белгiсiз, бiрақ содан бiр апта өткен соң-ақ тарихтан бiлетiнiмiздей, Ұлы Отан соғысы басталып кеттi. Әкесiнiң iнiсi Айтжан да 1942 жылы соғысқа аттанып, алдымен Ұлы Отан соғысына, содан Жапон соғысына қатысып, елге тек 1947 жылы ғана оралады. Бұл кездер «жығылғанға жұдырық» дегендей елдiң отызыншы жылдарғы ашаршылықтан арып-ашып, отыз жетiнiң саяси қуғын-сүргiнi зұлматынан есiн жинай алмай жатқан тұсы едi. Осылайша, тұрмыс-тiршiлiгi жағынан да, рухани жағынан да қалт-құлт күй кешкен халқымыз Ұлы Отан соғысы кезiнде де, одан кейiн де қиын кезеңдердi басынан өткердi. Бас көтерер ер-азаматтар соғысқа аттанып, көбi майдан далаларында қалды. Соңғы хатынан соң Кеңестiң әкесi Мұстаханнан да хабар болмады. Елде жесiр ана, жетiм бала көбейдi. Солардың бiрi – Кеңес пен оның анасы Зинатай едi. Көйлегiнiң етегiне оралып, таңды-кешке, түндi-таңға ұрып жүрiп анасы колхоздың фермасында еңбек еттi. Бар мақсаты – жалғыз жетiмегiн жетiлдiрiп, ел қатарына қосу болатын. Сол кездергi балаларда, соның бiрi – өзiм ғой, балалық шақ болған жоқ. Бiздер аш-жалаңаш өмiр сүрдiк. Бiздердi қатал тағдырымыз бен қиыншылық ерте есейттi. Қабырғамыз қатпай жатып жұмыс iстедiк, оқу оқыдық. Сондай бар ауыртпалықты Кеңес те көрдi.
Кеңес Мұстаханұлының өмiр жолына зер салып, үңiлгенде оның жастайынан-ақ өте еңбекқор, намысшыл, адал, бiлiмге құштар болғандығы аңғарылып тұрады. Орта мектептi күмiс медальмен бiтiрген ол, жоғары оқу орнына емтихансыз-ақ қабылдана алатынына қарамастан жалғызiлiк анасын темiржолдың ауыр да азапты жұмысынан құтқару үшiн ауылда қалу мақсатымен Шұбар ауылшаруашылық техникумына түстi. Бұл – оның «ендiгi жерде анам тауқымет тартпасыншы» деген ойынан туындағаны сөзсiз. Аталған техникумды 1960 жылы үздiк бiтiрiсiмен сол кездегi Талдықорған облысы, Панфилов ауданына қарасты В.И.Ленин атындағы колхоздың трактор бригадасының бригадирi болып орналасуы Кеңес Мұстаханұлының еңбек жолының бастауы едi. Жасын отындай жарқылдаған жас жiгiт ылдидан салса төске озып, бiрден-ақ басшылардың көзiне iлiктi. Совет заманында жастарды басшылық қызметке көтеру үшiн олардың арасында қолынан iс келетiн, бiлiмдi, бiлiктiлерiн, ұйымдастырушылық қабiлетi барларын комсомол жұмысына салып, жан-жақты сынап, темiрдi көрiкке салғандай етiп пiсiрiп, тәжiрибеден өткiзетiн едi ғой. Мұндай сыннан Кеңес Мұстаханұлы да сүрiнбей өтiп, 1962 жылы 24 жасында Панфилов аудандық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшылығына тағайындалды. Мiне, осыдан кейiн Кеңестiң басшылық қызметi басталды десе де болғандай. 1978 жылы Алматы облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бюро мүшесi болғанға дейiнгi аралықта Кеңес Мұстаханұлы Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетiнде бөлiм меңгерушiсiнiң орынбасары, Алматы қалалық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетiнiң хатшысы, Алматы қаласы Совет аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы, Алматы қалалық халық депутаттары атқару комитетiнiң төрағасы мiндеттерiн атқарған едi. 1978-1985 жылдар аралығында, жоғарыда айтқанымыздай, Алматы облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметiнде болды. Коммунистiк партияның жан-жақты тергеуiнен өтетiн осыншама лауазымды қызметке ол кездерi әркiмнiң қолы жете бермейтiн едi. Кеңеске халық – сендi, партия – тағайындады, басшылар – мақұлдады. Үлкен-үлкен лауазымды қызметтердi азаматтарымыз бағына орай совет заманында да атқарған, қазiр де атқаруда, атқара да бередi. Солардың бiразы бұрын да, қазiргi кезде де мансаптың буына елiтiп, лауазымын қара басының қамы үшiн пайдаланып, қарабет болуда. Бiрақ, соншама лауазымды қызметтiң тiзгiнiн ұстаса да Кеңес Мұстаханұлы абырой-атағына, атқарған қызметiне, болмыс-бiтiмiне, адами парасатына кiр келтiрген жоқ. Егер ол бiлiмдi болмаса, iскер-ұйымдастырушы болмаса Қазақстанды бiрнеше ондаған жылдар бойы басқарған Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев сондай жауапты орындарға отырғызар ма едi?! Адал жанның абыройы оны ешқашанда тастап кетпейдi. 1985 жылы Мәскеуден түскен пәрменге байланысты Алматы облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшылығынан 47 жасында, яғни әбден толысып, қызмет iстейтiн шағында босап қалған Кеңес Мұстаханұлын құқық қорғау органдары тергеп-тексердi. Ондағы ойлары – абыройлы азаматтың кiршiксiз адамгершiлiк қасиетiне дақ түсiру едi. Бiрақ, қайда жүрсе де, қандай қызметтi атқарса да өзiнiң бойындағы барлық күш-қуатын елiне, Отанына арнаған Кеңес Мұстаханұлынан кiнә табылмады. Оның қызметтен кетсе де бойын тiк ұстап, кеудесiн жоғары көтерiп, халқына тура қарауы да сондықтан екендiгiне шүбә келтiрмеймiн, өйткенi, елiне сыйлы, отбасы мен ағайын-туғандарының ортасында абыройлы Кеңес Мұстаханұлымен қырық жылдан астам уақыттан берi тонның iшкi бауындай араласып келемiз. Парасат-пайымы жоғары, сабырлы, салмақты, бiлiмдi, салиқалы осынау азаматтың бiтiм-болмысынан қай кезде де, ұлт болашағына деген, Отанымызға деген махаббатты, шынайы жанашырлықты байқаушы едiм. Бұл күндерi жасымыз ұлғайып, ел ағалары атанған тұста ол бұрынғыдан да айқынырақ сезiлуде. Бiр ерекшелiгi – қызметтес достары мен үзеңгiлестерiне, еңбек жолындағы ұстаздары мен қамқоршыларына деген адалдығы да баяғы қалпында. Үлкен жұмыстан кеткенімен Кеңес Мұстаханұлы өзгермейтін азамат ретінде ел қатарлы еңбек етіп жатыр. Халық арасында өте сыйлы, құрметті. Бұдан екі жыл бұрын бізбен Қызылордаға барғанда бүкіл халық ерекше құрметпен қарсы алды. Жұмысына байланысты Қызылорда облысына ешқандай қатысы жоқ азаматқа бұл құрметтің жөні тіпті бөлекше ғой.
Пенде болған соң, бәзбiреулер қызметтен кеткен кiсiге дұрыстап та сәлем бермей қалатын кездер болады. Оны да көргенiмiз бар. Тiптi, Дiнмұхамед Қонаев ағамыз тақтан тайғанда тайқып шыға келгендердi де көз көрдi. Кеңес Мұстаханұлы болса өзiне сенiм артып, талай жауапты орындарға отырғызып, ақыл-кеңесiн айтқан аға буын өкiлдерiн, оның iшiнде Дiнмұхамед Ахметұлын аса жоғары бағалап, есiмдерiн қадiрлейдi, қастерлейдi. Осының бiр дәлелi ретiнде оның Д.А.Қонаев мұражайын, кiтапханасы мен қорын ұйымдастыруын айтсақ та жеткiлiктi.
Кеңес Мұстаханұлы Алматы облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшылығынан босағаннан кейiн «Главриссовхозстройда», Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрлiгiнде, «Казводмелиорация» концернiнде, т.б. мекемелерде жауапты қызметтердi атқарған тұста да өз iсiне деген адалдығы мен ұйымдастырушылық қабiлетiн көрсете бiлдi. Бүгiнде ел ағасы атанып отырған үлкен жүректi азамат бала-шаға, ағайын-туғандарының, өзiн сыйлайтын елiнiң, достарының ортасында адамгершiлiк асыл қасиеттерiн жоғары ұстаған күйi абыройлы өмiр сүрiп жатыр. Мұқан, Мұхтар, Айгүл сияқты перзенттерiнен өрбiген немерелерiн тәуелсiз елiмiздiң өркендеуi жолында адал қызмет ететiн азамат етiп тәрбиелеп, жетiлдiріп келеді. Бiр өкiнiштiсi – осыдан бес жыл бұрын балаларының анасы, немерелерiнiң әжесі, өмiрлiк жан жары, шаңырағының отанасы Кербез және бертiнде қызы Айгүлдiң қазалары өзегiн өртеп кеттi. Тағдырға не шара?!
...Жақында елiмiзге белгiлi ақын Рафаэль Ниязбектiң «Аттан түспеген азамат» деген кiтабын оқып шықтым. Өлеңмен өрiлген шығарма Кеңес Мұстаханұлының жастарымызға үлгi-өнеге боларлық ғибратқа толы ғұмыр жолына арналған екен. Керемет! Кiтапты оқи отырып, тәңiрiмiзден аттан түспеген азаматты ендi «өмiрдiң де тағынан түсiрмегейсiң» деп тiледiм...
Камал ОРМАНТАЕВ,
академик, Қазақстан Республикасы
Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты.