Маңғыстау облысында бұған дейін «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі» АҚ-қа қаржыландыруға ұсынылған 5 жобаның бірде-біреуі қаржыландырылған жоқ. Бірқатары комиссиядан өтпей қалса, енді біреулері комиссиядан өткеннен кейінгі қаржыландыру шешімі алынғанға дейінгі мерзім ұзақтығынан зардап шекті деуге болады.
Маңғыстау өңірінде мал шаруашылығының маңызы зор. Осыған орай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Күзембай Ерғалиевті әңгімеге тартқан едік.
– Күзембей Ерғалиұлы, Маңғыстау аймағының ауыл шаруашылығы дегенде ауыз толтырып алдымен айтарымыз – мал шаруашылығы. Әйтсе де, осы саланың өзі толыққанды түледі деп айта алмаймыз. Неге?
– Маңғыстау облысындағы өндірілетін ауыл шаруашылығы жалпы өнімнің 80-55 пайызына дейін осы мал шаруашылығының үлесінде. Мал дегенде, бабамыздан кәсіп болған дәстүрлі – жыл бойы табиғи жайылымда бағып-күтуге негізделген қой, жылқы, түйе бар. Статистика мәліметтері облыста 450 мыңға тарта қой-ешкі, 50 мыңға жуық түйе, 60 мыңдай жылқы, 15-16 мың қаралы мүйізді ірі қара бар дегенді айтады. Сиыр, шошқа, құс және егін шаруашылығы, оның ішінде дәнді дақылдар мен мәдени мал азығы шаруашылығы бізде табиғи-климаттық жағдайына байланысты дамымаған. Дамыды деген мал шаруашылығын одан әрі толыққанды түлету үшін аяққа тұсау болып тұрған бірнеше қиындықтар бар. Мал болған соң оған бірінші жайылым, екінші су керек. Мал жыл бойы табиғи жайылымда бағылатындықтан жайылым жетіспейді. Жайылым жетіспейді дегенде жалпы жер жоқ емес, бірақ мал шаруашылығына жайылымға пайдаға жарамды жер жоқ. Кеңшарлар тарап, ел үлестерін алған кезеңде «жер жетеді ғой» деген оймен жер алу мәселесіне мән берген жоқ. Енді шаруашылық айналасындағы жерлерді өзге субъектілер сатып, не ұзақ мерзімге пайдалануға алды да, малдың өрісі тарылды. Мысал үшін бір қойға 4 гектар жер қажет болса, бізде осынша жерде 15-20 шартты қойдан келіп тұр. Сондай-ақ, шаруагерлер әу баста малымен су көздерін сағалағандықтан, қазір құдық маңдары түгел тозып бітті. Өсімдік өз тұқымынан көбейе алмай сиреді, топырақ эрозияға ұшырады. Малдың жегені былай тұрсын, «тұяқ кесті» дегендей, олардың тұяғының өсімдік тамырына тигізетін әсерінің өзі орасан. Бұлай жалғаса берсе, енді 4-5 жылдан соң Маңғыстауда мал жейтін шөп мөлшері 40-50 пайызға дейін төмендеп кетуі мүмкін. Екінші қиындық – су көздерінің жетіспеуі. Өңірде жердің бетінде пайдаға жарамды су көздері жоқ. Негізгі жол – тұздылығы төмен жерасты суларын құдық қазу арқылы пайдалану. Кеңестік кезеңде солай болды да. Құдықтарға құрмет ерекше болды, оларды күтіп-ұстау үшін көптеген жұмыстар, жағдайлар жасалды. Облыста арнайы маманданған 3 мекеме осы бағытта жұмыс жасаған болатын. Қазір олар тарады, малдың 99 пайызы жекеменшікте, ал мал Үстірт қыратындағы жазғы-күзгі жайлауға шығуын қойды. Жүздеген құдықтар қараусыз қалды. Шопан-бақташылар көшіп-қонбайтын «отырықшылық» кәсіпке бейімделді. Бұлар былай қарағанда жеңіл көрінгенмен, ас-суын жерден айыратын малды өсіру үшін аса маңызды жағдай болып табылады. Мемлекет тарапынан қолға алынған «Агробизнес-2020» бағдарламасында жайылымды суландыру деген үлкен мәселе көтерілген. Ол өз деңгейінде жүргізілетін болса, үмітімізді біраз тірілтетін түрі бар. Маңғыстауда мал басын, өнім өндіруді молайту үшін жайылымдарды суландыру, құдық қазу арқылы тың жайылымдарды игеру керек. Қазіргі таңда біз құдық қазудың 5 түрлі нұсқасын дайындап, ұсынып отырмыз. Осы қиындықтарды шешу жолы табылып жатса, Маңғыстауда мал басын 30-35 пайызға өсіруге, өнім өндіруді молайтуға мүмкіндік бар. Ал, жоғарыда айтылған сиыр, шошқа, әсіресе, құс шаруашылығын дамытуға ынта білдірген инвесторлар болды, бірақ олар есептей келе өнімнің бізде өндірілгендегі өзіндік құнын тиімсіз деп бағалап, істі қолға алған жоқ. Қазіргі таңда «ҚазАгро» арқылы құс, жылыжай шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаны сөз етудеміз. Ақырын алдағы уақыт көрсететін болады.
– Бұрын Форт-Шевченкода теңізден балық аулайтын кемелері бар, құрал-жабдықтары түгел, материалдық-техникалық жағынан қамтылу деңгейі өте жоғары «Маңғыстаурыбхолодфлот» деген үлкен мекеме болғаны белгілі. Бүгінде ол жоқ. Қазіргі маңғыстаулықтар «телегей-теңіз жағасында отырып, ернімізге балық тимейді» деген рәуіштегі әңгімені көп айтады. Бұл шаруашылық жүргізудегі олқылық па, әлде орынсыз наз ба?
– Балық аулау кәсіпшілігін дамыту – оңай іс емес, тәжірибеге, ғылымға негізделетін шаруа. Оның балықты аулау және өсіру сынды екі бағыты бар. Дүниежүзілік тәжірибе қоры азайып, экономикалық өнімділігі төмендейтін болғандықтан, балықты аулауды емес, өсіріп, халыққа ұсынуды қолайлайды. Бізде ұйымдасқан балық кәсіпшілігі жоқ, ал жағалық балық аулау жеке кәсіпкерлер күшімен ғана қолға алынуда. Алдымен білек сыбана кіріскендердің өзі елеулі қиындықтарға тап болып жатыр. Балық байлаулы тұрған қой емес, оны қай жерден қалай аулайтынын білетін кәсіби маман керек және жеткілікті қаражат қажет. Шетелдік тәжірибелерді зерделеудің де зияны жоқ. Жасыратыны жоқ, облыста балық шаруашылығының деңгейі төмен болғанымен осы істі дамытсам деген кәсіпкерлердің ынтасы мен қызығушылығы бар. Ашық теңізден балық аулаудың қиындығы айтпаса да белгілі. Сондықтан оны жеке адамдар күшімен дамыту мүмкіндігін көріп отырғаным жоқ. Ал тауарлық балық өсіруді міндетті түрде өркендету қажет деп ойлаймын. Маңғыстау облысында осы бағыттағы алғашқы қадам ретінде «Осетра-Аралды» деген жоба 2012 жылы қолға алынған болатын, шаруашылық жүргізудегі тәжірибенің аздығына, өзге де кедергілерге байланысты әлі іске қосыла қойған жоқ. 2014 жылы аталмыш жобаның көші түзеліп, жолға түсіп кетсе, балық кәсіпшілігімен айналысуға ынта білдірушілер саны артатынына сенім мол.
– Облыс тұрғындарының етпен қамтылуы қалай? Маңғыстауға сырттан ет әкеліне ме?
– Өңірдегі малды жан басына шағатын болсақ, бір адамға 4-5 қойдан келеді. Бұл аз мал емес. Еліміздің Тағам академиясының мәліметі бойынша, жеке адам жылына барлық ет түрлерін қоса есептегенде 29,5 кг. шамасында ет тұтынады. Маңғыстауда жергілікті жердегі малдың өзімен халықты кем дегенде 50 пайыз етпен қамтып отырмыз десек, артық айтқандық емес. Сырттан тірілей әкелініп, осында сойылған малды қоса есептегенде, тұрғындарды 70 пайызға етпен қамтамасыз етіп отырмыз деуге толық негіз бар. Өңірге шеттен вагондап ет әкелінбейді, көрші облыстардан автокөлікпен әкелінген мал саны бізге белгілі. Тек құс еттері ғана республикамыздың басқа облыстарынан және шетелдерден тасымалданады. Маңғыстауда қай базар, қай дүкенге бас сұқсаңыз да етсіз тұрған сөрені көрмейсіз. Демек, бұл еттің барлығының, жеткіліктілігінің дәлелі.
– Сала кәсіпкерлерінің мемлекеттік қолдауларды қажетіне жарату деңгейі қандай?
– Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдаулар аясы кең. Бірақ жергілікті халық арасында түсінік, үгіт-насихат жүргізу деңгейіміз төмен. Субсидия сұрап келген кәсіпкерді кері қайтарып жіберген кезіміз болған емес, керісінше сұраныс беріп, кейін бас тарту фактілері бар. Маңғыстау облысында бұған дейін «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі» АҚ-қа қаржыландыруға ұсынылған 5 жобаның бірде-біреуі қаржыландырылған жоқ. Бірқатары комиссиядан өтпей қалса, енді біреулері комиссиядан өткеннен кейінгі қаржыландыру шешімі алынғанға дейінгі мерзім ұзақтығынан зардап шекті деуге болады. Маңғыстау облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуды қаржылай қолдау мақсатында «ҚазАгроның» 4 салалық қаржы институттары және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын «Маңғыстауагросервис» ЖШС-і қызмет етеді. Осы серіктестіктің қаражаты тұрғындар үшін қолжетімді. Себебі, оның алу мүмкіндігі жергілікті ауыл шаруашылығының жағдайына ыңғайластырылған. Ал басқа қаржы институттарының талап-ережелері ауылдықтардың ахуалымен, жергілікті ауыл шаруашылығының ерекшелігімен сәйкеспей жататын тұстары аз емес. Біздің аймағымызда, жалпы елімізде негізгі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер – жеке үй және шаруа қожалықтары. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін алдымен осы субъектілерге қаржылай қолдау көрсетуіміз, қаржы институттары көмектерінің осыларға қолжетімді болуына жол ашуымыз қажет деп есептеймін. Бірақ, өкініштісі сол – бізде бағдарламалардың талаптары шағын, орта, ортаны ірі бизнеске айналдыруға асығатындай. Әйтсе де, қаржы институттарының облыс ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне берген көмектері жоқ деп айта алмаймыз. Мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны дұрыс ұйымдастырып, шаруагердің қолына оңайлықпен түсетіндей етіп қарастырса, істің көзін табатын іскер, ұсынақты азаматтар ел арасынан табылатыны анық.
– Маңғыстауда асыл тұқымды мал өсіру ісі қалай жолға қойылған? Алдымен олардың «асыл тұқымды» екенін анықтау қажет қой. Оған қалай қол жеткізіп отырсыздар? Яғни, қандай да бір ғылыми-зерттеулер жүргізіле ме?
– Облысымызда асыл тұқымды 21 субъекті бар. Оның 13-і жылқы, 4-уі қой, оның ішінде екеуі етті-майлы еділбай, қалған екеуі қаракөл қойын өсіруге бейімделген. Түйе түлігін өсірумен айналысатын 4 шаруашылықтың екеуі, қазақша айтқанда, қазақтың іңген түйесін, екеуі бір өркешті аруана түйе өсірумен шұғылданады. Өйткені, бұл қазіргі асыл тұқымды малды анықтау бағытындағы үлкен кемшілік деуге болады. Асыл тұқымды шаруашылыққа өту үшін ғылыми қамтылу бұрын болған, қазір жоқ. Ғалымдар 5 жыл бойы жұмыс жасап, малдың тегін, өнімділігін, өнім сапасын зерттеп, оның асыл не жай тұқым екенін анықтайтын, дәлелдейтін де сосын барып ұсыныс беретін. Қазір тек меншік иесінің құжаттар жасақтап, тіркетуі жетіп жатыр. Маңғыстау облысында агроөнеркәсіп саласы бойынша бірде-бір ғылыми қызмет көрсету субъектісі жоқ. Малды зерттемей, тек асыл тұқым ретінде тіркету – асыл тұқымды малды өсірмейді, құнын кетіреді. Жұмыс жүргізудің бұл әдісі, асыл малды сан жағынан көп етуі мүмкін, бірақ сапа жағынан күндердің күнінде опындыратыны анық және осылай жалғаса беретін болса, бұл бағытқа мемлекеттен бөлінген қыруар қаржы түптің түбінде нәтиже бермей қалуы да әбден мүмкін. Өңірде асыл тұқымды мал шаруашылығын ұйымдастырғанда өзінің табиғатына, ерекшелігіне мән беріп отырмыз. Біз асыл тұқымды малды іріктеп, өз алдына дамыту үшін бұрынғы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін тәжірибені қайта енгізуіміз қажет деп ойлаймын.
– Мал өнімдері – тері мен жүн біз үшін қажетсіз қоқысқа айналды. Іріктегенін тиын-тебенге алып кеткен шетелдік пысықтардан бағасы бірнеше есе қымбат тон ретінде қайта сатып аламыз. Тері-терсек, жүн-жұрқамызды кәдеге жарату мүмкіндігіміз қаншалықты?
– Бұл да ауыр мәселе. Бұл бағытта да біраз жұмыстанып көрдік, бірақ нәтиже шығара алмай отырмыз. Иран, Түркия елдерінде тері мен жүнді өңдеп, одан өнім шығару ісі дамыған. Осы елдегі кәсіпкерлермен байланыс жасап байқағанымызда, біздің аймақтан алынған терімен олардың фабрикасы тек 1-2 ай ғана жұмыс жасап, қалған уақытта жұмыссыз тұруы керек екен. Бұл олар үшін әрине, тиімсіз. Сондай-ақ, тері өнім ретінде құнды болмағандықтан болар, бізде терілердің сапасы өте нашар – жыртылған, жұлынған болып келеді. Ирандықтар біз ұсынған терінің 70 пайызын жарамсыз деп тапты. Қойдың қылшық жүнінен жасалатын өнім түрі санаулы болғандықтан, оған сұраныс жоқ. Өзіміздің негізгі қылшық жүнді қой мен түйе өсіретін көршілес Атырау, Орал, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының мәліметін жинақтап қарасақ, жылына 4,6 мың тонна қойдың қылшық жүнін, 550 тоннадай түйе жүнін өндіреді екенбіз. Қытайға тасымалдайтын жеке кәсіпкерлердің жұмысы аса ауқымды емес. Бұл аймақтағы, тіпті, еліміздегі жүн мен тері мәселесін шешпейді. Сондықтан, Ақтөбедегі жүнді алғашқы өңдеу фабрикасын қалпына келтіру қажет.
– Маңғыстауда ауыл шаруашылығының деңгейі қандай деп ойлайсыз?
– Қолда бар мүмкіндік шегіндегі даму деңгейі мені қанағаттандырады. Ал біздің ішкі мүмкіндігімізді саралап қарайтын болсақ, төменде жатырмыз. Жасалатын жұмыс көп, халықтың ұмтылысы бар, жайылым мен жердің астында су бар, мемлекет қолдауы бар – осының бәрін қосып қарасақ, біз төмендеміз. Мол мүмкіндікті пайдаланып отырғанымыз жоқ. Соңғы 3-4 жылда мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту бағытында біраз шаруаларды қолға алды, бірақ оның халыққа қолжетімділігі мәселесі күрделі болып тұр. Қаржы жүрген жерде үрей жүреді, қазір кез келген тиісті орындар осы қаржыны халыққа қалай жеткіземін деп емес, осыдан аман-сау қалай құтыламын деп ойлайтын тәрізді. Мүмкін болса, бір-біріне ысырып тастауға, сол арқылы жауапкершіліктен сытылып шығуға құштар. Мұның салдары мемлекеттен бөлінген қаржыға шаруагердің қол жеткізуін қиындатып жіберіп отыр. Шеті жоқ қағаз, құжат жинау, кезек күту, анықтамалар тапсыруға кәсіпкердің, шаруагердің уақыты да, құлқы да бола бермейді. Мемлекеттен берілген қолдау халыққа кідіріссіз жетіп, іс расында сол деңгейде жүретін болса, біз көп нәтижеге қол жеткізген болар ма едік? Осы тұрғыдан келгенде біз қолда бар мүмкіндіктен қалыс қалып келеміз. Даму деңгейімізді де осы бағаммен есептеуге болады. Халықтың тамағы, киімі ауыл шаруашылығы саласының мойнында. Сондықтан, саланың дамуын ақсатуға құқымыз жоқ. Қашанда жұмысымыздың арқауы, өзегі осы ой болып келеді.
Әңгімелескен
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.