Белгілі актер Бауыржан Ибрагимовтың «Бауыржан-шоу» театрының құрылғанына осы желтоқсанда жиырма жыл толды. Елордадағы Конгресс-Холл сарайында соған орай 26-27 желтоқсанда екі күн қатарынан концерт қойылмақ. Концерт алдындағы дайындық барысы, актердің соңғы уақыттағы ізденістері мен жоспарлары туралы, басқа да бірқатар сауалдар қою мақсатында Бауыржан Ибрагимовтың өзіне жолыққан болатынбыз.
Белгілі актер Бауыржан Ибрагимовтың «Бауыржан-шоу» театрының құрылғанына осы желтоқсанда жиырма жыл толды. Елордадағы Конгресс-Холл сарайында соған орай 26-27 желтоқсанда екі күн қатарынан концерт қойылмақ. Концерт алдындағы дайындық барысы, актердің соңғы уақыттағы ізденістері мен жоспарлары туралы, басқа да бірқатар сауалдар қою мақсатында Бауыржан Ибрагимовтың өзіне жолыққан болатынбыз.
– «Бауыржан-шоудың» сахнадан көрінбей кеткеніне біраз уақыт болды. Бұл «театр жабылды ма әлде жұмысын басқа бір бағытқа бұрды ма екен» дейтін ойға жетелейді. Оның үстіне интернетте бір журналистің блогынан «Бауыржан-шоу жұмысын тоқтатты» деген мақаланы оқыған болатынбыз. Ал мына жақта «Бауыржан-шоудың» концерті өтеді дейтін афишалар ілулі тұр? Нағыз шындықты өзіңізден білгіміз келеді.
– Қазір өнерді табыс көзіне айналдырып алған ұжымдардың көбейіп кеткені рас. Олар екі-үш дүние шығарады да, ақкөңіл халықты пайдаланады. Арасына менің атымды қыстырып, жарнама жасайтындар да бар екен. Соңғы уақытта өзім танитын екі-үш жігіт «концертке неге келмедіңіз» деп хабарласты. Бұл кәдімгі ойланатын жағдай. Ал, «Бауыржан-шоуға» келсек, біріншіден, театр жабылған жоқ. Құжатқа «жабылды» деген таңба қойғызып, «ал, жігіттер, қош-сау болыңдар!» демедім. Бізде әзіл-сықаққа дайындайтын мамандықтың болмауына байланысты, былтыр осында келіп Қазақ ұлттық өнер университетінен эстрада және миниатюра дейтін курс ашқанбыз. Курсқа 14 бала қабылдадық. Қасымда Ұлан Нүсіпәлі ғана бар. Қалған актерлердің бәрі Алматыда қалды. Бірге жүріп, бірге дайындалмағаннан кейін де «Бауыржан-шоуға» мойын бұра алмадым. Екіншіден, соңғы кездегі қаптап кеткен әзіл-сықақтарға онша көңілім толмай, «басқаша қалай жасауға болады» дейтін ой да мазалап келді. «Бауыржан-шоудағы» актерлер баяғыдан бері бірге келе жатқан жігіттер. Біз уақытша ғана тоқтап тұрдық. Концерт өткізуге түрткі болған жағдай мынадай болды. Мен Көпен Әмірбекпен бірге «Көзкөрген» деген бағдарламаны жүргіземін. Бір бағдарламаны марқұм Марат Сахатовқа арнадық. Сонда біздің біраз актерлеріміз қатысты. Қадырғали, Алмат, Нұрбек, Қарагөз, Сәбит бәріміз бағдарлама біткен соң әңгімелестік. Олар «театрдың 20 жылдығын өткізейік» деген ұсыныс айтты. Кейбір актерлеріміз өз алдына жеке театр ашып кеткенімен, барлығы «Бауыржан-шоуда» жастайынан бірге жұмыс істеген соң, бір-біріне деген әріптестік ынтымағы, әріптестік сезімдері өте күшті. Жалпы, театрда ол үлкен рөл атқарады. Бір-бірін толықтырып, үлкен ансамбль құру үшін әріптестік сезім қажет. Сонымен, бағдарламаға келген қыз-жігіттермен «Бауыржан-шоудың» концертін жылына екі рет Алматы және Астана қалаларында өткізіп тұруды келістік. Қанша дегенмен елдегі нөмірі бірінші әзіл-сықақ театры деген атымыз бар. 16 жыл бойы шамамыз жеткенше жақсы дүниелерімізді ұсынып тұрдық. Әрі қарай да Бауыржан тірі тұрғанда «Бауыржан-шоудың» аты өшпейді деп ойлаймын.
– Неге бірінші театр? «Тамаша» бар емес пе? Ал «Бауыржан- шоу» бұрынғы құраммен жұмыс істей бере ме? Әртістеріңіздің алды елуден асты, соңы қырықтың қырқасында дегендей.
– Мысалы қазір 4-5 адамды жинап алады да театр дейді. Мен оған келіспеймін. Театр деген шаңырағы, штатта актерлері, грим жасайтын цехы, көптеген костюмдері бар үлкен ұйым. Біз алғаш рет сондай талаптан шыға білдік. Оған ешкімнің де таласы жоқ. Алматыдағы баяғы теміржолшылар сарайын жалға алып жұмыс істегенбіз. Ал, «Тамашаны» театр деуге келмейді. Оның актерлерінің бірі академиялық театрда, екіншісі жастар театрында, тағы біреуі теледидарда жұмыс істейтін де, тек қойылымға дайындық кезінде ғана бастары бірігетін. Қойылымды дайындап болған соң келесі «Тамашаға» дейін тарап кетеді. Олар телевизиялық бағдарлама көлемінде жұмыс істеді. Бірақ, бұл жерде әріптестік сезім, бір-бірін айтқызбай білу, қамшы салдырмай жұмыс істеу қатты дамыған еді. Кілең талантты әртістер болатын. Мен өзім «Тамашадан» шықтым. Тұңғыш рет Құдайберген, Уәйс, Тоқсын ағалармен сахнаға шыққанда аяқ-қолым дірілдеген. Ол кезде екінші курстың студентімін. Сахнаға шығу оңай емес. Ал шыға қалсаң, таңертең бүкіл Қазақстан танитын атақты адам болып оянатынсың.
Рас айтасың, «Бауыржан-шоудың» актерлері уылжып тұрған жоқ. Біз бірақ, осы актерлермен жұмыс істей береміз. Олардың өз жұмыстары бар екенін де ұмытпау керек. Біз тек жылына екі рет қана концерт беріп отырамыз. Шынын айтқанда, өзім Астанаға келген соң «Бауыржан-шоу» деп, өзге актерлерді жинап алып концерт өткізуге арым жібермейді. Ал, енді өзі сұранып келіп жатқан әртістер болса, оларға да қарсылық жоқ.
– Қазақ ұлттық өнер университетіндегі жұмысыңыз қалай жүріп жатыр?
– Эстрада және миниатюра курсына талантты балалар қабылданды. Олардың бәрі профессионал. Бірі әнмен, бірі вокалмен айналысады. Бишілеріміз де бар. Сабағымыз сәтімен өтіп жатыр. Оған қоса елордада қазақ эстрада театрын аштым. Мұхамеджан дейтін жігіт бар. Ленинградта оқыған. Қуыршақтардың маманы. Бейбіт деген жігіт бар. Пантомимамен кәсіби айналысады. Осы жігіттер бар, студенттерім бар бірлесіп жұмыс істеуге күш саламыз.
– Оған әлгінде өзіңіз айтқандай ең алдымен ғимарат керек емес пе? Сосын «Бауыржан-шоудың» актерлерін де осы театрдың маңайында топтастырғыңыз келе ме?
– Ғимаратты министрден сұрадым. Ол «мыналарың жақсы бастама екен, көмектесемін» деп уәде берді. Бұл театр бір ғана бағытта жұмыс істемейді. Біз мұнда бар жанрды қамтуға тырысамыз. Клоундық өнер, пантомима, қуыршақ қойылымдары, миниатюра, эстрадалық ән, би бәрін кіргіземіз. Егер біз оны пародия деп қана ашсақ, алысқа ұзай қоймайтын сияқтымыз. Өйткені, ол қиын жанр. Халық танитын адамдармен ғана пародиялар жасап көрсетуге болады. Эстрада театры дегенмен, эстрада да көп өнердің бір бұтағы ғана. Оны да көп өнердің арасында пайдалануға болады. Эстрада және миниатюра курсына мен қабылдаған балалардың ішінде 4-5 бала бар, университетте келер жылы бітіретін тағы бір топ бар, осылар болашақ театрымыздың актерлері. Бұл театрдың болашағы үлкен деп түсінем. Және шамам келгенше мемлекеттік театр жасауға тырысам. Ал, «Бауыржан-шоуға» келсек, бұның жаңадан ашылатын театрға қатысы жоқ. Жылына екі рет концерт қоямыз. Жұмысын бөлек жалғастыра береді. Шамам келіп тұрса, жігіттердің бәріне бір-бір пәтер әперіп, жаныма жинап алар едім. Бірақ ондай қауқар жоқ.
– Осы жуырда эстрада әртістерінің одағы құрылып еді? Оның шаруасы не болып жатыр? Оны да сіз басқармайсыз ба?
– Мен одақтың ұйымдастырушысы ғанамын. Елімізде жазушылардың, суретшілердің, композиторлардың, т.б бәрінің одағы бар. Неге эстрада әртістерінің одағын құрмасқа деп Асқар, Уәлибек, Ұлан сияқты жігіттермен ақылдасып осындай қадамға барғанбыз. Олар «сіз төраға болыңыз, бастамасын бастап беріңіз» деген соң төраға болдым. Өйткені, қазір араларында жасы үлкені менмін. Баяғыда Құдайберген ағалардың жанында жүргенде ең жасы мен едім. Енді ең үлкені менмін. Мұның да істейтін шаруалары көп.
– Алдағы болатын концертке дайындықтарыңыз қалай жүріп жатыр? Кімдердің шығармаларын сахналамақсыздар?
– Ең бірінші қойып отырған талабым – халтура болмауы керек. Біз төрт жыл сахнаға шықпай кеттік. Енді шықсақ, халықтың ризашылығын алатындай қойылым көрсетуге тиіспіз. Сол үшін жігіттерге бар жұмысты тастап, он күн бұрын Астанаға келу керек деген талап қойдым. Авторлардың дайын дүниесін сахнада өзгертетін тұстар бар. Мысалы, қанша керемет жазылғанымен, сахнада ойналмай қалатын дүниелер болады. Оны өзгертуге уақыт керек. Осы жолы 20 жылдығымызға байланысты Асқар Наймантаевқа қолқа салдым. 4-5 қойылымға тапсырыс бердім. Баяғыда марқұм Марат Сахатовтың кезінде басқа авторлармен жұмыс істемейтінбіз. Ол өзі сценарист, өзі жазушы, өзі режиссер болатын. Сондай-ақ, Арман Дүйсеновке де тапсырыс бердім. Қажетті миниатюраларды іріктеп алдық. Ән, би бар арасында. Жаңадан ашылып жатқан театрдың да жастарын көрсетуім керек. Оларға арнайы бір блок дайындап жатырмыз. Алла қаласа, бәрін Конгресс-Холлдың сахнасынан көресіздер.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».