• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
20 Желтоқсан, 2013

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі

1813 рет
көрсетілді

 

Оның мақсаты мен міндеті, бүгіні мен болашағы қандай?

 

Соңғы жылдары елімізде пайда болған Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі саладағы елеулі орны бар реформалардың нәтижесін көрсетіп отыр. Біз оның негізгі ерекшеліктері мен артықшылықтары жайында айтып беруді Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті төрағасының орынбасары Гүлім АСЫЛБЕКОВАДАН өтінген едік.

 

Оның мақсаты мен міндеті, бүгіні мен болашағы қандай?

Соңғы жылдары елімізде пайда болған Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі саладағы елеулі орны бар реформалардың нәтижесін көрсетіп отыр. Біз оның негізгі ерекшеліктері мен артықшылықтары жайында айтып беруді Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті төрағасының орынбасары Гүлім АСЫЛБЕКОВАДАН өтінген едік.

– Гүлім Ошақпайқызы, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шарттары жағдайында пациенттерді ауруханаға жатқызу қандай қағидаттар бойынша жүзеге асырылады?

– Сұрағыңызды түсіндім. Мен бұған қатысты түсіндірмені мынадан бастағым келіп отыр. Бәріміздің ең алдымен түсініп алуға тиісті басты нәрсеміз мынау: Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бүгінгі таңда пациенттерге өзі емделгісі келетін стационарды еркін таңдауына жол ашып берді. Былайша айтқанда, науқас адам енді емделетін орнын бүкіл республика аумағынан өзі таңдап алуға ерікті. Бүгінде сырқат еліміздегі кез келген емдеу орнында емделуге тілек білдіріп, соның нәтижесінде өзі қалаған жерінде ем ала алады. Мұндай емдеу мекемелері қатарында аймақтар мен ірі қалалардағы ауруханалардан бас­тап, республикалық деңгейдегі клиникалар – ғылыми орталықтар мен институттар да бар. Ал емдеу орындарына жоспарлы жату үшін кез келген тілек білдіруші ең алдымен міндетті түрде госпиталдау бюросының порталына тіркелуі керек.

Бұл жерде мен әңгіменің тек ауру­ханаға жоспарлы жату турасында қозғап отырғанымды ескерте кеткім келеді. Демек, пациенттің кешеуілдетуді күтпейтін немесе шұғыл жәрдем керек ететін жағдайлары біз тілге тиек етіп отырған бұл сипатқа жатпайды. Әлбетте, кенеттен пайда болған аурудың салдарынан адамның өмірі мен қоршаған ортасы денсаулығына қатты қауіп төніп тұрған, оқыс оқиғаларға ұшыраған, уланып қалған, жарақат алған, туу жағдайларында пациентті оның жолдамасының бар-жоғы мен госпитальдау бюросы порталына тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан, щұғыл тәртіппен кезекті стационарға жатқызу бұрынғысынша жүргізіле береді. Ал қалған жағдайлардың барлығында кез келген сырқат өзінің қайда жатып емделгісі келетінін алдын ала білдіріп, соған орай тіркелген кезегі бойынша емдеу орындарына бара алады. Бұл жерде жоспарлылық пен жүйелілік, тәртіп пен режім айқын көрініс табады. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің ең басты қағидаттары осындай шарттардан тұрады.

– Жалпы, госпитальдау бюросы порталы дегеннің өзі не? Оның негі­зінде ауруханаға жоспарлы түрде жату үдерісі қалай жүзеге асырылады?

– Бұл жерде біз ең алдымен мынаны түсініп алуымыз керек. Жаңа ғана пациентке республика көлемінде өзі емделгісі келетін стационарды еркін таңдау мүмкіндігі беріліп отырғанын айтып өттік. Ал науқасты сол тілегін тіркеп, баратын жеріне бағыттап отыратын бір орталыққа бағынған жүйе болмаса, ол сол көздеген клиникасына қалай жетеді, одан өзіне қалай орын алады? Мысалы, анау Атырауда отырған ауру Шымкенттің өзі қалаған бір емдеу мекемесіне, болмаса анау Қостанайдағы сырқат Астана мен Алматының біріндегі емдеу орталығына қалай келе алар еді? Өз бетінше жай келе салса, оны бұл жақтарда ешкім де қабылдай алмайды ғой. Солай емес пе? Міне, біз айтып отырған госпитальдау бюросы порталы деген ең алдымен осы үшін, осы арқылы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын үйлестіріп отыру үшін қызмет етеді. Былайша айтқанда, госпитальдау бюросы порталы дегеніміз ақпараттық жүйедегі жолдамаларды тіркеудің құралы ғана болып табылады. Оның негізінде бұл жұмыстағы мөлдірлікке, яғни жасырын-жабық тірлігі жоқ ашық тәртіпке жол ашылады. Ешкім ештеңені жасыра алмайды, ешкім ештеңені жасырын істей алмайды.

Порталға тіркелудің артықшылықтары бір бұл ғана емес. Айталық, бұл бір жағынан пациентті бос орын бар-жоғын білу үшін өзі көздеген емдеу орнына алдын ала барып қайтудан сақтайды. Сонымен бірге, пациенттің өзі қалаған ауруханаға жатуға кезекке тұруы оның порталға тіркелген мерзімінен автоматты түрде басталады. Ал ондағы кезек ретіне әлдекімнің өзгеріс енгізуі тіпті де мүмкін емес. Сосын бұл интернет-ресурсқа барлық медициналық мекемелердің қолжетімділігі бар. Сол сияқты, еліміздің кез келген азаматы, көңілі қаласа, оған емін-еркін кіре береді. Демек, ондағы өзінің ретін де, тіркелгендердің санын да, кезегі қай шамада келуі мүмкін екенін шамалауына да болады. Былайша айтқанда, істің жүру барысын толық назарында ұстап, бақылап отыра алады. Бірақ ол мұны өзіне ғана белгілі ерекше код арқылы ғана жасайды. Бұған тағы бір қосатынымыз, біз сөз етіп отырған портал тек емделушіні госпитальдаудың, яғни ауруханаға жатқызу жөніндегі өтініштерді тіркеудің құралы ғана болып қоймайды, ол сонымен бірге, аталмыш жұмыста медицина мекемелері тарапынан орын алып отырған олқылықтар мен кемшіліктерді дер кезінде анықтап отыруға да мүмкіндік береді. Олай болса, ондай ағат кеткен тұстарды, алшақ кеткен істерді тездетіп түзетіп, қайтадан жолға қойып отыруға мүмкіндік бар. Жаңа жүйенің бұл артықшылығының пайдасын емдеу мекемелері де, оларда қызмет ететін дәрігерлер қауымы да, ең бастысы – пациенттердің өздері де көре алады. Сосын, аурулардың сұраныс берулерінің деңгейлері арқылы еліміздегі емдеу орындарының рейтингілерін ұдайы анықтап, оның содан кейінгі барысын байқап тұруға да біраз мүмкіндік жасалады. Осының бәрі медициналық мекемелер арасында жақсы мағынасындағы бәсекелестікті туындатып, олардың үнемі алға ұмтылып отыруларына үлкен серпін береді.

– Ал ауруханаға жоспарлы жат­қызуға берілетін жолдамалар жайы қалай шешіледі?

– Науқас адам ауруханаға жоспарлы тәртіппен жату үшін ең алдымен өзі тіркеуде тұрған емханаға баруы керек. Онда өзін қарайтын дәрігер одан алынған талдамаларының нәтижелері, клиникалық көрсеткіштер негізінде бөлім меңгерушісімен ақылдаса отырып, ауруды ауруханаға жатқызуға болатын-болмайтынын шешеді. Ал емханада гос­питальдау бюросы порталы жұмысына жауап беретін маман болады. Ол қажетті бейінге орай қай стационарда орын бар екені жөнінде мәлімет береді. Бірнеше емдеу мекемесінде бос орындар болған жағдайда соның қайсысына баратынын пациенттің өзі анықтайды. Осыған сәйкес, емхана қызметкерлері порталға өз пациентінің мәліметтерін енгізеді. Егер таңдалған ауруханада орын жоқ болса, басқа стационарларды ұсынады. Ауру тіркеуге алынған бойда оған автоматты түрде ауруханаға жатқызудың ерекше коды белгіленіп беріледі.

Сол сияқты, стационарларда да порталдың жұмысына жауап беретін жауапты қызметкерлер болады. Олар күн сайын барлық ақпарларды, барлық тіркелген өтініштерді қарап тұрады. Нәтижесінде пациент өзі көздеген емдеу орнына белгіленген уақытта барып жатады. Әлбетте, бірқатар бейіндер бойынша, мәселен, невралгия, офтальмология, травматология бөлімдеріне жату үшін кезекке тұруға тура келеді. Дегенмен, азаматтардың 92,4 пайызы стационарлардан он күннің ішінде орын алып болады. Осы жерде атап өтерлік бір жайт, жүйенің ырғақты да іркіліссіз жұмыс жүргізуі тек денсаулық сақтау саласы мекемелері барлық деңгейдегі буындарының өзара үйлесе жұмыс жасаулары ғана емес, сонымен қатар, емханалар дәрігерлерінің біліктілігі мен пациенттердің өз жауапкершіліктеріне де байланысты болып жатады.

– Мұның бәрі жөн дейік. Ауру порталға тіркелді. Енді белгіленген уақытын күтуіне тура келеді. Міне, осы күту кезеңінде ол не істейді?

– Ауру стационарға жату кезеңін күтіп жүрген кезінде өзінің емханадағы дәрігерінің немесе сырқатына қатысты кәсіби маманның ұдайы бақылауында болады. Бұл аралықта ол стационардағы емнің орнын баса алатын, соған жетеғабыл басқа дәру қабылдауы мүмкін.

– Дұрыс екен. Ал созылмалы сыр­қаты бар, осыған орай бірнеше рет емде­луіне тура келетін науқастарды ауру­ханаға жатқызу қалай жүзеге асырылады?

– Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде мұның жайы да ұмыт қалдырылған жоқ. Айталық, сондай санатқа жататындар қатарындағы қатерлі ісік ауруларымен ауыратын, жастары 70-тен асып кеткен пациенттерді порталға онкодиспансерлердің, стационарлардың, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ардагерлер госпитальдарының өздері тіркеп тұрады. Мұндай құқық бұл ұйымдарға аталмыш санаттағы ауруларды бірден емделуге жатқызуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бүгінде емдеу мекемелерінің жетекшілеріне әлеуметтік жағынан қорғалмағандар тобы қатарындағы сырқаттардың жалпы санының 10 пайызын жоспарлау тәртібімен өз бетінше жатқыза беруге рұқсат етілген. Меніңше, қиын жағдайда тұйықтан шығып кетуге мұның өзі үлкен сеп. Жалпы, бірнеше мәрте емделуге тура келетін науқастарды емдеу орындарына жатқызып тұруда ешқандай тосқауыл бола қоймайды деп ойлаймын.

– Бізді ғылыми орталықтар мен институттарға жатып емделудің жайы да қызықтырады. Ауру адам оларға қалай қол жеткізе алады? Оның ерек­шелігі неде?

– Мұнда да пәлендей күрделі проблема жоқ. Қазақстанда ғылыми орталықтар мен институттарға пациенттерді жіберіп тұрудың екі түрлі жолы бар. Бірінші. Пациент таңдау еркіндігі негізінде өзінің бейініне, яғни сырқатына қарай өзі қалаған ғылыми-зерттеу институтына немесе ғылыми орталыққа барып, арнайы медициналық жәрдем ала алады. Бірақ бұл жағдайдағы емдеу тәсілдері жоғары технологияны талап ете алмайды. Мұндай пациенттің жолдамасы ауруды басқа кез келген стационарға жіберуден өзгеше емес. Алайда, ауруханаға жоспарлы жатуды күтудің мерзімі әлдеқайда жоғары. Егер әркімнің өз аймағындағы емдеу орындарына жатуының уақыты 10 күннен аспайтын болса, ғылыми орталықтар тарапынан сондай шақыруды күтудің мәулеті бір айдан немесе одан да көп мезгілден асып кетуі мүмкін. Бар айырмашылығы осы ғана. Мұның өзі ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың негізгі іс-әрекеттері емдеуді жоғары және ерекше технологияны қолдану арқылы жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге (ЖММК) бағытталатынына байланысты туындап отыр.

Екінші жол. Егер облыстарда ем жасаудың мүмкін болған барлық жолдары қарастырылып бітсе, денсаулық сақтау басқармасы аймақтық комиссиясының шешімі бойынша пациентке одан әрі емделу үшін, дертіне шипа іздестіру үшін осындай ғылыми орталықтар мен институттарға жолдама беріледі. Алайда, қазіргі таңда аймақтардың өзінде тұрғындарға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетудің ең же­тілген тәсілдері, шектеулі шегі қолжетімді бола бастағанын да ұмытпау керек. Ай­талық, 2013 жылы республика көлемінде ЖММК бойынша жасалған емнің 53,8 пайызы аймақтық деңгейдегі емдеу орындарының үлесіне тиеді. Сол сияқты, ғылыми орталықтарда жыл бойына 22 мың адам ЖММК деңгейінде ем алып шықса, олардың да 30 пайызын ауыл тұрғындары құрады. Демек, жоғары технологиялы ем алушылардың басым бөлігі республика аймақтары тұрғындары болып табылады. Сөз соңында биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жоғарыда айтылған еркін таңдау құқығын еліміздің 760 мың тұрғынының пайдаланғанын, олардың 45,2 пайызын шалғай елді мекендерде тұратын сырқаттардың құрағанын айта кеткім келеді.

Алдағы уақыттарда жүйе жұмысын дамыта түсудің жолдары жетілдіріле береді.

Әңгімелескен

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар