• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
20 Желтоқсан, 2013

Қаржылық пирамидаларға заңдық тосқауыл қойылады

364 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігі­мен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында қаржылық пирамидалар, сәулет, агроөнеркәсіп кешен, атқарушылық іс жүргізу, мемлекеттік органдар қызметі мәселелеріне қатысты заң жобалары қаралды.

 

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігі­мен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында қаржылық пирамидалар, сәулет, агроөнеркәсіп кешен, атқарушылық іс жүргізу, мемлекеттік органдар қызметі мәселелеріне қатысты заң жобалары қаралды.

Жалпы отырыста бірінші кезекте «2005 жылғы 26 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы келісімге хаттаманы ратификация­лау туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды. Келісім хаттамасына 2012 жылғы 5 желтоқсанда Бішкекте қол қойылған. Ол бойынша төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау үшін қолданылатын құжаттардың үлгі нысандары белгіленеді. Ал осы үлгі нысандар Ұйымға мүше мемлекеттер шекараларын кесіп өту барысын жеңілдетуді көздейді.

Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың айтуынша, Хаттама ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері арасындағы төтенше жағдайларды жою ба­рысындағы өзара іс-қимылдарды нақты жүзеге асыруды қарас­ты­рады.

Сонымен бірге, отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қолдау тапты. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай әзірленген заң жобасы Қазақстан аумағында қаржылық пирамидалардың қыз­метіне заңнамалық дең­гейде тыйым салуды қарас­ты­рады. Қаржылық пирамида­ларды құрғаны, қызметін ұйым­дастырғаны мен басқарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Ал олардың қызме­тін жарнамалағаны үшін әкім­шілік жауапкершілік те қарастырылады.

Бұдан басқа, заң жобасында қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың ұғымын нақ­тылау қарастырылып, олардың қызметтерін жарнамалауға заңнамалық тыйым салынады.

Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель әлемде қаржы пирамидаларының қызметіне қатысушылар саны шамамен 10-15 миллион адамды құрайтынын, соның ішінде Қазақстанның өзінде «МММ» аталатын қаржы пирамидаларының 8 кеңсесі қызмет еткенін ескерте кетті. Үш жыл ішінде еліміздің құқық қорғау органдары мұндай ұйымдардың заңсыз қызметіне қатысты 61 іс қозғаса, 4 мың адам зардап шеккен. Олардың осындай пирамидаларда жоғалтқан қаржысы 707 миллион теңгеге жетеді екен.

Сондай-ақ, кешегі отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасымен елді мекендердің, инженерлік құрылыстардың және желілердің, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйі туралы ақпараттың жеделдігін қамтамасыз ету шаралары көзделеді. Ең бастысы – мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесін құру қарастырылады. Мұнымен қоса, авторлық қадағалауды жүзеге асыру ресімдерін реттеу және нысандар құрылысына арналған алдын ала жобалау құжаттамасының мерзімін белгілеу көзделеді. Сонымен қатар, заң жобасында қала құрылысының жаңа жүйесі озық технологияларды пайдалана отырып, жекелей кәсіпкерлер мен халықты қолжетімді дең­геймен қамтамасыз ету қарас­ты­рылады.

Депутаттар «Қазақстан Рес­­пуб­ликасының кейбір заң­намалық актілеріне агроөнеркәсіп ке­шені мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжілістің бір топ депутаты бастамашы болған заң жобасымен агроөнеркәсіп кешені мен ветеринария саласын жетілдіруге бағытталған өзгерістер енгізу көзделеді.

Баяндамашы – Мәжіліс депутаты Роман Кимнің сөзіне қа­рағанда, заң жобасымен ин­вестициялық салымдар кезін­де агроөнеркәсіп кешені субъек­тілері шығыстарының бір бө­лігін өтеу қарастырылады екен. Сондай-ақ, мемлекеттік қол­даудың осы бағыты аграр­лық секторға инвестицияны арттыруға, агроөнеркәсіп ке­ше­нінің басым бағыттарын да­мытуға оң ықпал ететін көрі­неді. Тағы бір белгілі болғаны, заң жобасымен қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруа­шы­лығы шикізатын сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау қарастырылады. Бұл ретте сатып алынатын шикізаттың кейбір түрлерін ғана субсидиялау қарастырылатындығын айта кету керек. Әсіресе, қант қызылшасы мен сүтті сатып алуға басымдық берілмек.

«Агробизнес-2020» бағдар­ла­масы бойынша ойын білдірген сенатор Қуаныш Айтаханов қазіргі таңда шаруаларға қолжетімді несие берудің тетіктері әлі де болса толық шешілмегендігімен бөлісті. «Ал екінші деңгейлі банктердің несие портфелінің небәрі 3,5 пайызы ғана ауыл шаруашылығына жұмсалған. Осы ретте ауыл шаруашылығы банкін ашу мәселесінің айтылғанына он жылдай уақыт болып қалды. Бәрі осыны дұрыс деп қолдайды, алайда, бұл шешімін таппайды», деді сенатор осы орайда.

Бұдан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік органдардың құзыретін заңнамалық және (немесе) заңға тәуелді деңгейде бекіту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да екінші оқылымда талқыланды. Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен, ол Мәжіліске қайтарылды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар