• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
20 Желтоқсан, 2013

Тәуелсіз Қазақстанның Жеті қазынасы: Ел бірлігі

672 рет
көрсетілді

Қазақ елі дүниеге азат­ты­ғын паш етіп, әлемдік қоғам­дастыққа толыққанды мүше болғалы, бірлігі мен бе­ре­кесін, татулығы мен тұ­рақ­тылығын басты тұғыры етіп, тәуелсіз мемлекет ретінде дербес дамудың даңғылына түс­келі 22 жыл болды. Тәуелсіз Қа­зақстан өзінің кезекті азат­тық мейрамын жылдағы дағ­дысынша жарқын көңіл, жасампаз істерімен жайдары қалыпта қарсы алды. Алғаш азаттығын алған тұста Қа­зақ елін этносаралық, кон­фес­сияаралық араздықтың ошағы болады деген сан сәуегейді сансыратып, кері­сінше, татулықтың тал бе­сі­гіне айналған жұрттың күллі табысының кілті – кемеңгер басшысының келелі бастамаларын барша халық болып қолдауында.

 

Екінші қазынамыз: Ел бірлігі. Біз туған елімізді бейбітшіліктің бесігіне айналдыра білдік. Тыныштық арқылы тұрақтылық, татулық арқылы тұтастық төрімізге озды.

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты

жиында сөйлеген сөзден.

Қазақ елі дүниеге азат­ты­ғын паш етіп, әлемдік қоғам­дастыққа толыққанды мүше болғалы, бірлігі мен бе­ре­кесін, татулығы мен тұ­рақ­тылығын басты тұғыры етіп, тәуелсіз мемлекет ретінде дербес дамудың даңғылына түс­келі 22 жыл болды. Тәуелсіз Қа­зақстан өзінің кезекті азат­тық мейрамын жылдағы дағ­дысынша жарқын көңіл, жасампаз істерімен жайдары қалыпта қарсы алды. Алғаш азаттығын алған тұста Қа­зақ елін этносаралық, кон­фес­сияаралық араздықтың ошағы болады деген сан сәуегейді сансыратып, кері­сінше, татулықтың тал бе­сі­гіне айналған жұрттың күллі табысының кілті – кемеңгер басшысының келелі бастамаларын барша халық болып қолдауында.

Ел тәуелсіздігінің 22 жыл­дығына арналған салтанатты жиында Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің тартуы ре­тінде еліміздің жеті қазы­насына айналған басты құн­­ды­лық­тарымызды атап көр­сетті. Ой-толғау осы қа­зыналарымыздың екін­шісі, яғни бірінші қа­зына – Мәң­гілік Елдің мызғы­мас ір­гетасы – Ел бірлігі қа­ғида­сына тоқталып, оның маңы­зын аша түсуді көздейді.

Елбасы айтқандай, Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ға­на пешенесіне жазылатын бақ. Азаттық бізге ғайыптан бұйы­рып, аспаннан түсе салған жоқ. Ол бабалардың қанымен, ана­лар­дың жасымен суарылған сан ғасырлық күрес арқылы келді. Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасындағы алтын елдің жылнамасы – азаттық үшін арпалыстың айқын куәсі. Ұлы бабаларымыз алтын таққа мініп, айдарынан жел ескен сәттер де, бодандық қамытын киіп, басына бұлт үйірілген кезеңдер де болған. Қай заманда да халқымыз азаттық рухын аласартпай, жүрегінің төрінде сақтай білді. Тәуелсіздік ең ұлы құндылық ретінде ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып келді. Ендеше, Қазақстанның тәуелсіздігі – қазақ халқына, оның мемлекеттілігіне, тілі мен мәдениетіне байланысты тарихи әділеттіліктің салтанат құруы.

Президенттің бастамаларын қолдаушы да, оны жасам­паз­дықпен жүзеге асырушы да – халық. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері қарапайым қа­зақ­стандықтар Елбасының тірегі болып келеді. Оның әлемге танымал алып тұлғаға айналуының бір қыры оның туған халқының қапысыз қолдауына ие болуының нәтижесі десек, тиісінше елдің бүгінгі шат-шадыман, берекелі тірлігі біртуар ұлының халқына деген шынайы қамқорлығының, елі үшін еткен өлшеусіз еңбегінің арқасы. Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың: «Садағаң ке­тейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойдағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге бейілмін», деген сөздері Елбасының еліне деген риясыз перзенттік пейілінің көрінісі. Ең бастысы, бұл пейіл әрдайым нақты іспен өріліп, ерен тұлғалы Елбасы екі тізгін, бір шылбырды өзіне сеніп тапсырған елін асқар асуларға бастауда.

Салтанатты жиында Елбасы атап өткен тәуелсіздіктің тағы бір тартуы, қайталасақ артықтығы жоқ, құнды қазынасы – Ел бірлігі. Тағдырдың жазуымен өткен ғасырда сан түрлі ұлыс өкілдерінің мекеніне айналған қазақ жерін талай сәуегей этносаралық араздық пен қақтығыстардың ошағына балағаны күні кеше ғана болатын. Сол кезде Мемлекет бас­шысы: «Көп ұлттылық – біз­дің кем­ші­лі­гіміз емес, артық­шы­лығы­мыз», деген еді. Бүгінде әлемнің ең да­мы­ған азулы елдерінің өз­дері Қазақстанның этносаралық қа­тынас саясатын мұқият зерттеп, өз­де­ріне үлгі етуге ұмтылып отыр­­­ғаны айтуға болатын нақты факт.

Қазақстандағы барлық этнос­тық топтар ел иесі – қазақ хал­қының маңына шоғырланып, «Бір ел – бір тағдыр» қағидасына ұйыды. Олар тыныштық арқылы тұрақ­тылыққа, татулық арқылы тұтастыққа қол жеткізе отырып, тегі бөлек болғанымен тілегі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір тұтас халыққа айналды. Елбасының сөзімен айтқанда, «кез келген мемлекеттің мерейі – мығымдығында, мығымдығы – татулығында» екенін бек түсінді. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен құрылған қоғамдық келісімнің бірегей те­тігі – Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы өркениеттер үнқа­ты­суының теңдесі жоқ еура­зиялық үлгісіне айналды. Ол – бү­гінде конституциялық мәртебесі бар, ішкі саяси мүдделерден жо­ғары тұратын жалпыхалықтық келісім институты. Ассамблея жұ­мысының ауқымын тек осы жылдың өзінде еліміздің 3,5 миллион тұрғыны қамтылған 10 мыңнан астам республикалық және аймақтық шара өткізіп, мызғымас бірлікті жарасымды тірліктің өзегі етуге үлес қосуынан бағамдауға болады.

Еліміздің шын мәніндегі өмір салтына айналған қо­ғам­дық келісім мен ел бірлігі Қа­зақстан халқын жаңа ға­сырда жаңа белестерге бастай­тын «Қа­зақстан-2050» Стра­тегиясының да басты өзегі. Та­рихи құжатта елі­міздің этнос­ара­лық қатынас сала­сындағы алыс болашаққа бағыт­талған стратегиялық бағы­ты айқындалып берілді. Қазақ­стан 2050 жылы одан кейін­гі ұлы мақсаттарға да қа­зір­гі­дей бір бағдармен аяқ басатын, жұдырықтай жұмыл­ған, үлгі­лі ұлттық мемлекет болады. Ал қоғамдық келі­сім халық пен мемлекеттің, аза­мат­тық қо­ғам институттары мен саяси пар­тиялардың, діни конфес­сия­лар­дың біртұтас өмірлік қағидасы әрі Жалпыға Ортақ Еңбек Қо­ға­мының қалыпты сипаты болып қала береді. Ешкімді басындырмау да маңызды, ешкімді ашындырмау да маңызды екенін әрбір азаматы түсінетін қоғамның әр­дайым алды ашық, маңдайы жа­зық. Осынау ұлы мақсаттардың ая­сында Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының мерейтойлық 20-сес­сиясы «Қазақстан-2050» Стра­­тегиясы»: бір мемлекет – бір халық – бір тағдыр» деген та­қы­рыпта өтуі заңдылық. Қо­ғам дамып, биік мақсаттарға ұм­тыл­ған сайын Ел бірлігі қағида­сының өзектілігі арта түспек. Сол себепті де Елбасы: «ХХІ ға­сырда Қазақстан халқы Ассам­блеясының миссиясы тарылмайды, керісінше, кеңейе түседі», деп айрықша атап өтті.

Мерейтойлық сессия­да Ел­басы Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ғана емес, барша халықтың алдында тұрған идеологиялық міндеттерді айқындап берді. Бұл тұрғыдағы басты мақсаттардың бірі – ел бірлігі үрдісіндегі қазақ халқының рөлін арттырып, оны барлық этностық және әлеуметтік топтарды ұйыстыратын қуатты ядроға айналдыру. Бұл үрдіс өз бойына бірлікті, сабыр-сали­қа­лы­лық пен патриоттықты негіз етеді.

Ұлтымызды ұлы мақсаттарға ұйытатын тағы бір тетік – Қазақ­станның тіл саласындағы саясаты. Қазақ тілі – қай ұлттың өкілі екеніне қарамастан, Қазақстанды мекен еткен барша халықты бі­ріктіретін құдірет. Қазақ елін өзімнің Отаным деп танитын әрбір азамат мемлекеттік тілді білу қасиетті парызы еке­нін жан жүрегімен сезінуі қа­­жеттігін ұғындыру жолында да Ассамблея тынымсыз еңбек етуде. Стратегияда Елбасы атап өткендей, 2025 жылға қарай мем­лекеттік тіл қоғам өмірінің барлық саласында үстемдікке ие болып, кез келген ортаның басты қатынас тіліне айналуы үшін Ассамблея жанындағы «Тілдарын» және «Лингва» тіл орталықтары мен этномәдени бірлестіктер жемісті жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда қа­зақ тілін жеделдетіп оқытудың тиімді әдістемесі – «Тілдарын» бойынша А1 және А2 деңгейіне арналған екі оқу-әдістемелік кешен әзірленіп, шығарылды. Бұл әдістемемен биыл 23 курс және 12 семинар ұйымдастырылып, онда 1314 тыңдаушы оқып шықты.

Ассамблея жұмысының ең бас­ты қырларының бірі – «Қазақ­стан-2050» Стратегиясының ру­хани өзегі болып табылатын Жа­ңа қазақстандық патриотизм. Патриотизмге жаңа қазақстандық деп сипаттама берілуінің өзі Қазақстан халқының жаңа ғасырда жаңа биіктерге ұмтылуына жаңа рухани серпіліс беру керектігінен туындаған ізгі қадам. Бұл басым­дықтың стратегияда көрініс тапқан басқа бағыттардың түйіні ретінде бөлекше аталуының да өзіндік мәні бар. Себебі, Жаңа қазақстандық патриотизм – тәу етер тәуелсіздігімізді нығайтып, ортақ Отанымызды дамыта түсудің негізгі тұғыры.

Адам жанының ең нәзік екі қылының біріншісі оның ұлттық болмысы десек, екіншісі, әрине, діни сенімі. Қазақстан зайырлы мемлекет, елімізде діни сенім бостандығына Ата Заңмен кепілдік берілген. Нәсіліне, ұлтына, діни нанымына немесе басқа да жағ­дайға байланысты ешкімді кем­сітуге болмайды. Сонымен бірге, діннің үстемдігіне де, дінді мансұқтауға да жол берілмейді. Дін саласындағы мемлекеттік саясат конфессияаралық сабыр-салиқалылық пен татулықты нығайтуға бағытталған. Бұл салада да еліміз зор жетістікке жетті. Қазақстан басшысының еш­кіммен салыстыруға келмейтін мәмілегерлік қабілетін, дінаралық түсіністікті орнатудағы тең­дес­сіз тәжірибесін күллі әлемнің мойындағанын әр жолы қаты­сушыларының саны еселеп өсе түскен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездеріне дүниенің түкпір-түк­пі­рінен келетін мәртебелі мей­мандардың сапалық құрамына қарап-ақ бағамдауға болады.

Елбасының ел бірлігін ны­ғайту жолындағы тәжірибесі бү­гінде талайға ой салып отыр. Қа­зақстанның бастамасымен БҰҰ қабырғасында қолға алын­ған мәдениеттер үндестігінің халықаралық онжылдығының аясында биыл этносаралық жарасым мен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің беташары жасалды. Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім моделі Біріккен Ұлттар Ұйымында, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Копенгагенде, Вар­шавада, Ве­нада, Женевада және Нью-Йоркте өткен ірі халықаралық фо­румдарында таныстырылды. Бұл модель ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылықтар істері жөніндегі Бас комиссары жұмысының басты бағыттарының біріне айналды. Тұңғыш Президент күніне орайластырылып, бейбітшілік және келісім тақырыптарында өткен халықаралық конференция бұл саладағы Елбасының тұлғалық келбетін және аталған тақырыпқа деген әлемдік назардың ауқымын айшықтай түсті. Соңғы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және дінаралық татулық саласындағы тәжірибесін зерттеу үшін 15 мемлекеттен, атап айтқанда, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Франция, Испания, Италия, Қытай, Малайзия, АҚШ, Ресей, Түркия, Украина, Армения сияқты елдерден 60-тан астам өтініштің түсуі Қазақстанның ұлттық өмір салты – қоғамдық келісімнің халықаралық күн тәртібінен нық орын алғанына айғақ болса керек.

Қазақстан халқы Ассам­блея­сының атынан халық қалаулысы атанған азаматтар да жемісті еңбек етуде. Халық өкілі міндетін абыроймен атқару, Ассамблеяның мерейтойлық 20-сессиясы мен ғылыми-сараптамалық кеңес отырысының шешімдерін орындау мақсатында Ассамблеяның Парламенттегі өкілдері тал­қы­ланып жатқан заң жобаларына 1100-ден астам өзгерістер мен толықтырулар енгізді, 26 дербес, 144 ортақ депутаттық сау­ал жол­дады. Қарапайым азаматтардан келіп түскен 700-ден астам хат құзырлы органдарға табыстал­ды. Ассамблея депутаттары «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XV съезінің шешімімен «Бір­лік» бағытындағы сарапшылар то­бының белсенді мүшелері атанды.

Ел бірлігі мен қоғамдық келісім мәселесі отандық білім және ғылым кеңістігіне де кеңінен жол тартты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Орталық Азияда тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның этносаралық және конфессияаралық толеранттылық кафедрасы ашылды. Одан сәл бұрынырақ осы оқу орнында Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы ашылып, айтулы білім ошағымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл – жас ұрпақтың ел бірлігі ұғымына ғылыми тұрғыдан бойлап, этносаралық қатынастар саласында білікті мамандар даярлауға септігін тигізетін айтулы қадам.

Ассамблея қызметінің жаңа қыры – жалпыхалықтық өкілдік миссиясы оның көтерер жүгі мен жауапкершілігін арттыра түсуде. Ол Ассамблеяны саяси жүйенің сенімді өзегі ғана емес, мемлекеттік басқаруға аза­мат­тардың атсалысуын қамтамасыз ететін ашық үнқатысу алаңына айнал­ды­рады. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жос­пары осының айқын дәлелі. Тұ­жырымдаманы жүзеге асыру үшін Елбасы мемлекеттің этносаралық қатынас саласындағы саясатын жетілдіріп, Ассамблея институтын нығайта түсу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Қазір ол тапсырмалар жүзеге асырылуда.

Президент Ассамблеяның ай­мақтық құрылымдарын барынша жандандырып, дамыта түсу жайына баса назар аударып, бұл бағытта арнайы аймақтық тұжырымдамалар дайындау қажеттілігін айтқан болатын. Тиісінше, Алматы, Астана қалаларында, барлық облыстарда Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту тұжырымдамалары әзірленді.

Мемлекет басшысы этно­мә­дени бірлестіктер мен азаматтық қо­ғам­ды, мемлекет пен барша ха­лық­ты ортақ мақсаттар жо­лын­да жемісті жұмыс істеуге жұ­мылдыратын Достық үйлерін дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді де жүктеді. Нұрсұлтан Назарбаев: «Достық үйлері Қазақстанның барлық аймақтарында болуы тиіс. Бұл оңай шаруа емес, қосымша қаражат та талап етіледі. Алайда, ол айналып өтуге болмайтын қажеттілік. Бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қанша қаражат жұмсалса да артықтық етпейді», деді. Қазіргі таңда еліміздегі Достық үйлері жемісті қызмет етуде. Олардың жұмыс тәжірибелері барлық этномәдени бірлестіктердің басын қосатын тиімді амалға айналғанын көрсетті. Бүгінгі таңда, Астана қаласы мен бірқатар облыс орталықтарында Достық үйлерін салу мәселесі айрықша бақылауға алынды. Ақмола облысында жаңа мамандандырылған Достық үйі алдағы көктемде пайдалануға беріледі. Ассамблея жанындағы Достық үйлерін аймақтардағы қоғамдық келісім мен әлеуметтік бастамалардың орталығы ету үшін олардың қызметінің тиімділігін арттыра түсуді көздейтін Достық үйлері директорларының рес­пуб­ликалық әдістемелік кеңесі құрылды. Аймақтардағы түрлі әлеуметтік күштер мен институттарды біріктіріп, әлеуметтік түйт­кілдердің түйінін бірге тар­қатудың ортақ жолдарын іздейтін қоғамдық келісім кеңес­терінің құрылуы да маңызды қадам.

Қазақстан халқы Ассам­блея­сының жұмыс тиімділігін арттырып, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік идеясын әрбір азаматтың санасына нық орнықтырудың тағы бір тетігі – бұқаралық ақпарат құ­ралдары. Қараша айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының тұң­ғыш халықаралық медиа-форумына 20-дан астам мемлекет қатысса, бұл – қоғамдық келі­сімнің қазақстандық үлгісіне әлемдік ақпарат кеңістігінің қан­шалықты қызығушылық танытып отырғанын танытқан айтулы шара. Бұл бағытта арнайы жұмыс істейтін Журналистер клу­бы да өзінің тиімділігін көрсет­ті. Ассамблеяның қызметі биыл 183 бұқаралық ақпарат құрал­­дарының беттерінен көрініс тапты. Республикалық және этностық ақпарат құралдарында этносаралық келісім тақырыбын насихаттайтын 1100-ге жуық материал жарық көрді. Оның ішінде баспасөз беттерінде 368 мақала, ақпарат агенттіктерінде 266 кеңейтілген ақпарат, телеарналарда 456 тақырыптық сараптамалық бағдарлама мен кеңейтілген бейнематериал шықты. «Теңіз там­шыдан құралады» дейді қазақ. Ассамблея мүшелерінің, ел бір­лігі тақырыбына қалам тарт­қан әрбір журналистің еңбегі азаматтарға ой салып, ең бас­ты байлығымыз – қоғамдық келі­сім­нің ел өміріндегі теңдессіз рөлін сезінуіне титімдей болса да үлес қосса, еңбектің еш болмағаны.

Ғасырлар бойғы тоқ­таусыз күреске қарамастан, Тәу­елсіздік бір-ақ күнде беріледі. Ол күн біз үшін 1991 жылдың 16 желтоқсанында туды. Одан кейінгі әрбір күніміз ең қасиетті құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап қа­лу үшін, оны нығайта түсу мақсатында өтіп келе­ді. Халқымыздың біртуар тұлғасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев азат елге айнал­дырған Қазақ мемлекеті ке­меңгер басшысының тізгін ұс­тауымен кемел келешекке бет алып барады. Елбасы айтқандай, «қазіргі буынның маңдайына тәуелсіздіктің туын тігу бақыты мен оны нығайтып, баянды ету міндеті қатар жазылды». Ендеше, бақытқа масаймай, міндетті абыроймен атқару – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Ол парыз тек елдің бірлігін барша тірлігіміздің тұтқасы ете білсек қана өтеледі. Әдетте біз «жеріміз кең-байтақ болғанымен, халқымыздың саны аз» деп жатамыз. Бірақ, аз болғанмен саз болу, білімді де білікті, тату да тұрақты қоғам құру қолымыздан келетінін өзімізге де, өзгеге де дәлелдей алдық. Тәуелсіздік жолындағы мәңгілік күресте осы қағида әрбір азаматтың жадында нық орын алары сөзсіз.

Ералы ТОҒЖАНОВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының

орынбасары – Қазақстан Республикасының

Президенті Әкімшілігінің Хатшылық меңгерушісі.

Соңғы жаңалықтар