Астана қаласында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысы өтті. Онда саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың басшылары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген «Кәсіптік одақтар туралы» заң жобасын талқылады.
Астана қаласында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысы өтті. Онда саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың басшылары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген «Кәсіптік одақтар туралы» заң жобасын талқылады.
Талқылауға Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Қазақстан Еңбек конфедерациясының президенті Серік Әбдірахманов, «Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Николай Радостовец, «Нұр Отан», ҚХКП, «Ақ жол» партияларының фракцияларына мүше депутаттар қатысты. Қазіргі уақытта «Кәсіподақтар туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісінде, яғни «Нұр Отан», ҚХКП, «Ақ жол» партиялары фракцияларының депутаттарынан құрылған жұмыс тобының қарауында.
«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында Мемлекет басшысы әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді моделін жасау қажеттігі туралы, оның негізінде мемлекет, жеке сектор және кәсіптік одақ бірлестіктерінің серіктестігі механизмін құру қажеттігі туралы айтып, кәсіподақ институттарын жаңғырту жөнінде міндет қойған болатын. Индустрияландыру бойынша ауқымды бағдарламаны іске асыру барысында жаңа индустриялық объектілерді әлеуметтендіру маңызды. Мұнда кәсіподақтар маңызды рөл атқарады.
ДКЖК отырысында әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді моделі және мемлекет, жеке сектор мен кәсіподақ бірлестіктерінің жұмыс істеуге қабілетті механизмі болған жағдайда елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік жаңғырту ісі оң қадам алатыны атап өтілді.
Отырыстың қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды.
«Егемен-ақпарат».