Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» атты кітапқа қазіргі қазақ қауымы алдындағы өзекті мәселе, өткір тақырып арқау болған екен. Яғни, кітапта дін мен дәстүрдің қалыптасуы, тығыз байланысы жайлы жазылған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» атты кітапқа қазіргі қазақ қауымы алдындағы өзекті мәселе, өткір тақырып арқау болған екен. Яғни, кітапта дін мен дәстүрдің қалыптасуы, тығыз байланысы жайлы жазылған.
Діннің не екені жалпы халыққа белгілі. Ал, дәстүр дегенді біз қалай түсінеміз? Кітапта осы жайлы мынадай анықтама беріліпті. «Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Содан соң ата-баба дәстүрі, салт-дәстүр деген ұғымдар пайда болған. Жоғарыда аталған шариғат терминдерінің тілімізге ежелден еніп, кейіннен ауыспалы мағыналарда қолданылуы осындай пікірге жетелейді». Дәстүр деген сөздің этимологиясы, бүгінгі тілмен айтқанда, Конституция деген мағынаны білдіреді екен.
Сонау 751 жылдан, яғни қазақ даласына ислам дінінің сәулесі келген жылдан бастап дін біздің рухани тірегімізге айналды. Пұт дінінен бас тартып, ислам дініне бет түзеген заманнан бері қазақтың ұлы даласына асыл дін – ислам келді. Алайда, ислам дініне дейін де даламыздың өз заңдары, қағидалары, наным-сенімдері болды. Олар шым-шымдап сіңген шариғат дәстүрлерімен біте қайнасты. Осылайша, ұлы далада шариғат пен дала заңдары қосындысынан пайда болған қазақ халқының дәстүрі қалыптасты. Мінеки, екі жүз жылдан астам уақыт бойы біз сол ізбен жүріп келеміз.
Жаңа кітаптың «Дін мен дәстүр» деп аталуы да – ұлтымыз үшін өзекті мәселе, іргелі қағидат. Дін мен дәстүр ылғи да бір болуы қажет. Оның біреуі сетіней бастаса, екіншісі де сетінейді. Кешегі кеңестік кезеңде бізді жетпіс жыл бойы дінімізден айырмақ болды. Соның салдарынан дәстүрлеріміздің де шаңырағы шайқала бастады. Біздің дәстүрімізде қазақ қонағына арақ құюшы ма еді? Жоқ, құймайтын. Ал жаңағы жетпіс жыл ішінде қазақтың дастарқанынан арақ ажырамайтын жағдайға жетті. Осының салдарынан қос қанатынан айырылған ұл-қыздарымыз қылмысқа барып, бүкіл дәстүрді де, дінді де аяққа басты. Дін мен дәстүрдің іргесі сөгілмей тұрған кешегі ХІХ-ХХ ғасырларда бізде суицид деген болып па еді? Әрине, болған жоқ. ХХ ғасырға дейін қазақ даласында жезөкшелік деген болып па еді? Болған жоқ еді. Мұның бірінші себебі, шайқалмай тұрған дініміз бар еді. Әрбір үйде намаз оқитын аузы дуалы адамдар болды. Екіншіден, сол дінмен біте қайнасқан дәстүріміз бұзылмай тұрды. Жетпіс жыл бойы бізді діннен ажыратып еді, дәстүріміз де бұзылды. Яғни, қазақ даласында болмаған, көз көріп, құлақ естімеген, сұмдық қылмыстар, індеттер көбейді.
«Дін мен дәстүр» кітабы – өте дер кезінде ұсынылып отырған шығарма. Бұл кітаптың біз байқаған бірнеше ерекшелігі бар. Бірінші ерекшелігі – кітап дін мен дәстүрдің бірлігі жайлы тұжырымды, нақты мысалдар береді. Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистеріне сүйенеді. Одан кейін ондаған ислам ғұламалары, олардың асыл сөздері арқылы тақырыпты дәлелдеуі. Ал дәстүрлік жағынан қазақтың ауыз әдебиетіне сүйенеді. Кешегі Иүгінеки, Баласағұн, Асан қайғы, Бұқар жырау, Шал ақын, Әбубәкір Кердері, Абай мен Шәкәрімнен бастап бүгінгі Мұқағалиға дейінгі қазақ халқының діни дәстүрін дәріптейтін жыр-өлеңдеріне, өсиеттеріне арқа сүйейді. Осы әдеби нұсқаларға сүйенгендіктен де, кітап мейлінше әдеби тілге жақындап, қазақтың қабылдауына ыңғайлана түскен.
Ержан қажы Малғажыұлы осы кітапқа жазған алғы сөзінде: «Енді ұлт жадынан ұмытыла бастаған имани құндылықтарды қайта жандандырудың реті келді. Бұл тұрғыда біз қазақ қоғамына тыңнан жаңа дүние әкеліп жапсырып жатқан жоқпыз. Бар болғаны кезінде баһадүр бабаларымыз салып кеткен, кейіннен көмескі тарта бастаған соқпақтың сүлдерін тауып, соны қайтадан сара жолға айналдыруға тырысудамыз», – деп жазады. Біздің де мақсатымыз осындай болу керек. Үзілгенімізді жалғап, жоғалғанымызды түгендеп, дініміз бен дәстүрімізді қалпына келтіру баршамыздың міндетіміз деп білемін. Сайтан салтанатының сұрапыл салдарына қарсы тұрып, жастарымызға жәннаттай болып көрінген жабайы жаһандануға жол бермеуіміз керек.
«Дін мен дәстүр» кітабы ұлт болашағына арналған кітап деп білемін. Сондықтан да бұл кітап әрбір қазақ отбасының төрінде тұрып, мұны оқыған әрбір адам дін мен дәстүрдің біте қайнасқан бөлінбес дүние екенін білгені дұрыс. Сонда ғана дініміз бен дәстүрімізді дәріптеуге арналған игі бастама жалғасын табады.
Смағұл ЕЛУБАЙ.