Ақтөбе қаласында дәрігерлер мен мемлекеттік қызметкерлер вакцина қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz
Алғашқы күні 94 адамға екпе берілді. Өткен тәулікте Ақтөбе облысында 3 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.
Қазіргі кезде қаладағы № 2, 3, 4 емханаларда, Отбасылық медицина орталығында, облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығында, «Медикус» орталығында «қызыл» аймақта жүрген ақ халаттылар екпе қабылдап жатыр. Олар: инфекциялық, карантиндік стационар қызметкерлері, эпидемиологтар. Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов та вакцина салдырды. Бұл жұмысқа 189 медицина қызметкері тартылған. Бірінші күні 91 адам егілді. «Қазіргі кезде екпе салу Ақтөбе қаласында жүргізіліп жатыр.
Аудандар бұл науқанға кейінірек кіріседі. Біздің міндетіміз – екпе салу кезінде барлық талап пен нормаларды қатар сақтап, жағдай жасау», деді өңір басшысы Оңдасын Оразалин облыс әкімдігінде өткен жиын кезінде.
Айта кетейік, Ақтөбеде төсек-орын саны 445-тен 3603-ке дейін арттыруға мүмкіндік бар. Олардың 57,1% оттегімен қамтылған. 21 стационарлық рентген аппараты орнатылды. 382 өкпені жасанды желдететін аппараты, 450 оттегі концентраты, 626 оттегі баллоны, 787 Бобров аппараты мен 424 оттегі жастығы бар. Жедел жәрдем бекеттері мен емдеу мекемелерінің автопаркі 41 санитарлық машинамен толығып, 6 мобильді диагностикалық кешен сатып алынды. Дәрілік және жеке қорғаныс заттарының екі айлық қоры жасалды.