Шалғайдағы Сілеті, Тоқта, Абай, Панфилов аталатын ауылдарға алып баратын жүз бәленбай шақырымдай тақыр-тұқыр жол жартылай болса да жөнделіп қалыпты. Бұл күндері Амантай Мусиннің жылқыларын еліміздегі «Жылқы шаруашылығы мал азығын өндіру ғылыми-зерттеу серіктестігі» қолға алып, бірлесіп жұмыс жасауда. Мақсаттары – Бұланбайда жылқы зауытын ашу.
Шалғайдағы Сілеті, Тоқта, Абай, Панфилов аталатын ауылдарға алып баратын жүз бәленбай шақырымдай тақыр-тұқыр жол жартылай болса да жөнделіп қалыпты. Бұл күндері Амантай Мусиннің жылқыларын еліміздегі «Жылқы шаруашылығы мал азығын өндіру ғылыми-зерттеу серіктестігі» қолға алып, бірлесіп жұмыс жасауда. Мақсаттары – Бұланбайда жылқы зауытын ашу.
Алда жылқы жылы келе жатыр. Сілеті даласының қысы бет қаратпайды. Үйір-үйір жылқыны аман сақтап қалу – парыз. Былтыр қатал қыста 4 табынға бөліп бақтық. Оңай шаруа емес. Қазір жылдың аяғы, жылқышыларды жинап, бір қорытынды жасайық деп едік, ауылға бір келіп қайтсаң, деген Амантай ағамыздың өтінішін жерде қалдырғымыз келмей қиян шетте жатқан ауылға қарай шыққанымыз да осы себептен еді. Бұланбай бөлімшесі Сілеті ауылдық аумағына қарайды. Амантай Мусин «Алтай-Қарпық-Сайдолла-Сарытоқа» деп аталатын шаруа қожалығын басқарады. Қиян шеттегі ауылға бас-көз болып отыр. Біз келген кезде ауылға 3 баласы бар, әйелі мұғалім, өзі механизатор Темірболат Әбенов деген азамат көшіп келіп жатыр екен. Шаруашылық ауылға түгелдей көмірлерін, отын-суларын жеткізіп беріпті. Шөптері үюлі, малға, құсқа жемазық бар. Қысқа дайын.
Су демекші, аудан орталығы тұрғындарының арманына айналған су болса, Бұланбайда әр үйге су тартылып берілген. Жылқышылар биыл 400 құлын алыпты. Алдағы жылы амандық болса, 1000 құлынға жеткізбекші. Амантай ағамыз іргетасын қалаған ауданның жылқы зауыты еңбеккерлерінің жылдық қорытындысын шығарып, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күніне орай Дулат Мусин басқарып отырған «Алтай-Қарпық, Сайдалы-Сарытоқа» ШҚ жиын өткізді. Жыл қорытындысы бойынша жылқышыларға бір-бірден жылқы сыйақыға берілді. Бәрінен бұрын, мектепте өткен жиында жылқышылардың арасында отырған балаң жігіт көзімізге түсе берді.
– Менің аты-жөнім Ертай Рақымжанов, екі балам, әйелім бар. Көкшетаудағы Көкше академиясын тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Қазір Амантай ағамның ауылында мұғаліммін, жазда шаруашылық жұмыстарымен айналыстым. Ауылымызға шағын бір клуб салуға көмектессеңіз, жігіттер бәріміз асар жасап бірге жүрер едік. Қалада жүрген жастар ауылға келсін, ауылды бірге өркендетейік. Елбасының «Дипломмен – ауылға!» атты шақыруына осылай үн қосайық! – деді ол.
Шаруашылықтың да, тұрғындардың да малын толық қамтамасыз ету үшін 1400 тонна шөп шапқан мұғалім-механизатор Ертай Рақымжанов сыйақыға жылқы алды. Келген жылы тегін соғымға бір жылқы, көмір, ағаш, жемшөп беріп қолдау көрсетті, дейді Ертай бауырымыз. Жалпы, шаруашылық бойынша 17 жылқышы, 8 механизатор, табыншылар бар, барлығы 30-дай адам еңбек етуде. Барлығы 20 мен 45 арасындағы балалы-шағалы, ауылға өмірлерін арнаған қазақ жігіттері.
Амантай ағаның өз қаражатына салған бірнеше үйлерді аралап көрдік. Жастарды жылқышы, малшы, механизатор бол деп шақырумен келеді. Алдыңғы жылдары аудандық бюджет қаржы бөліп, бастауыш сыныптар үшін шағын мектеп те салып берді. Мектеп жанында шағын орталық бар. Келесі жылы 1-ші сыныпқа баратын 14 бала бар. Мусиннің ендігі ойы бие сауатын, қымыз өндіретін цех ашу, шұжықхана жасау, шалғайдағы ауылды қатарға қосып, өркендету үшін жас мамандар келсе, еңбек етсе деп армандайды. Амантай аға Омбымен көршілес Бұланбай ауылынан жұрт көшіп кете берсе, елдің, жердің жағдайы, болашағы не болмақ деп ойлайды. Өмірінің 40 жылын жылқы бағып ат үстінде өткізіпті. Осындай табанды, бірбеткей, тік мінезді, ұлтым дейтін ұлтаны болмаса айдаладан ауыл жасап несі бар?! Ж.Үшкемпіровтің келіп, осы жерден 200 жылқы сатып алуы тегін емес.
Кезінде ауыл тарап кетті. Екі-үш үй ғана қалды. Бос қалған үйлердің біріне Амантай ағамыз көшіп келеді. Жылқы өсіруге сұранып-ақ тұрған жер, ата-баба жолын қуып, осы күнгі жаңа қазақ байының үлгісін жасап, елге, өзге жұртқа таныту мақсат етті. Жақсы өмір сүру, байлыққа қол жеткізу оңай емес, нағыз бейнет. Кезінде Сілеті даласы, Бұланбай маңайында Аққошқар-Сайдалы, Мәті-Дәулен секілді жылқыларының саны 10-15 мыңға жеткен қазақ байлары болыпты.
Қазір шаруашылық дәстүр бойынша кіші ұлы Дулат Мусинге табыс етілген. Жұбайы Күләш апай екеуі 9 бала тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғары оқу орындарын бітірді, отбасылы болды. Ұлдары Темірғалы, Марат, Дулат, Монтай шеттерінен қазақша және еркін күрестен еліміздің чемпионы атанғандар, кішкентайларынан әкелеріне көмектесіп, жылқы бағудың қыр-сырын да біліп өсті. Қыздары да үйлі-баранды. Міне, ауылдың ауыл болып қалуына үлес қосып жүрген ауданның құрметті азаматы Амантай Мусиннің еңбегі үлкенге ұлағат, кішіге ғибрат.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Ертіс ауданы.