• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
20 Желтоқсан, 2013

Министрлер сапарынан күтеріміз көп

280 рет
көрсетілді

Жыл аяғы жақын. Осы жылы не бітірдік, алдағы жылға қандай жос­парлар бар? Ел ішінің ахуалы нешік, халықтың көңіл-күйі қалай? Жетіспейтін не, назардан тыс қалған тұс бар ма? Екі жылдың арасында осыны екшеп алудың маңыздылығы болар, Маңғыстауға бірінен соң бірі қос министр келді.

Жыл аяғы жақын. Осы жылы не бітірдік, алдағы жылға қандай жос­парлар бар? Ел ішінің ахуалы нешік, халықтың көңіл-күйі қалай? Жетіспейтін не, назардан тыс қалған тұс бар ма? Екі жылдың арасында осыны екшеп алудың маңыздылығы болар, Маңғыстауға бірінен соң бірі қос министр келді.

Жаңа министрлік қызметке тұрға­сын Маңғыстау өңіріне алғашқы сапарын жасаған Өңірлік даму министрі Б.Жәмішевтің сапары екі күнге созылды. Алдымен құрылысы тоқтап қалған «Аққу» шағын ауданының жобасымен танысқан ол құрылыс және жобалау жұмыстарынан қателіктер кеткендігін айтып, мемлекеттік бағ­дар­лама негізінде салынып жатқан­дықтан, нысанның құрылысы аяқта­латындығын жеткізді. Одан әрі қазіргі таңда ескірген жабдықтарымен тәулігіне 5 мың текше метр ауызсу ғана тұшытуға қауқары жетіп тұр­­ған «Каспий» су тұшыту зауытын аралады. Бұдан он жылға жуық уақыт бұрын іске қосылған зауыт күрделі жөндеуден өтіп, жабдықтары жаңартылса, тәулігіне 30-40 мың текше метр су тұшыта алады. Зауыт басшылығы министрдің назарына осыны салды. Жолай Мұнайлы ауданының Батыр ауылын электрмен жабдықтау және газдандырудың желілерін салу мәселелерімен таныс­қан Б.Жәмішев Жаңаөзенге барып, қаладағы ауызсу тазартатын «ӨзенИнвест» стансасында және қаланы жылумен қамтамасыз ететін «ӨзенЖылу» орталық қазандығы ғима­ратында болды. Алғашқы нысан­дағы қос қондырғының бірі істен шыққандықтан, өзгесін орнату үшін 2 млрд. теңгеден астам, ал жылуды қамдайтын мекемеде қолға алынған жаңа жобаның үш кезеңі толық аяқталып, 4-ші кезеңді жүзеге асыру үшін 1 млрд. теңге үстінде қаржы қажеттігі айтылды. Жаңаөзендегі апатты жағдайда тұрған 53 үй бар екен­дігін естіген министр ескіні жамап-жасқағаннан гөрі, орнына жаңа үйлер салған тиімді деген пікі­рін білдірді. Мұнайлы қалада былтыр ашылған бизнес-инкубаторда бол­ған Б.Жәмішев іссапарын облыс активтері алдында қорытындылап, қаражатты үнемді әрі тиімді пайдалану қажеттігін дәлелдей айтты.

Маңғыстау облысы жұмыссыздық мәселесі жөнінен республикада алдыңғы орындарда тұр. Өз ішінде екі жылда жұмыссыздық көрсеткішін 5,8 пайыздан 5,5 пайызға түсіре алғанмен, бұл деңгей Маңғыстаудың аталмыш мәселедегі түйткілін шешіп бермегені анық. Әсіресе, жұмыссыздар арасында жастар мен әйелдердің саны көбірек екен. Сондай-ақ, өңірде соңғы үш жылда 9 мыңға тарта адам мемлекеттік қолдауға ие болған, нақтырақ айтсақ, олардың жартысынан жуығы жұмыспен қамтылып, қалған бөлігі кәсіпкерлік оқудан өткен. Бұл деректер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенованың Маңғыстауға іссапары барысында айтылды.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дар­ла­масы аясында өз кәсібін ашқан кәсіпкерлермен, аудан, қала басшыларымен, сондай-ақ, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ студенттерімен кездескен Т.Дүйсенова Маңғыстауда соңғы үш жыл көлемінде шағын несиелерді 303 адам алғандығын, оның басқа облыстармен салыстырғанда төмен көрсеткіш екендігін айтып өтті. Министрге маңғыстаулықтар тарапынан қойылған сұрақ «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жайында болды. «Облыста жұмыссыздық мәселесінің өзек­тілігі халықтың бағдарламаны дұрыс түсін­беуі салдарынан» деген министр осы мәсе­лені шешу үшін келер жылдан бас­тап қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты, сондай-ақ жұмыссыздарды оқыту курстарынан өткізу мәселесін қозғады. Ақтаудағы оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығында өзге елден қоныс ау­дар­ған ағайындардың ана тілді үйрену ба­рысымен танысқан Т.Дүйсенова өзге де әлеу­меттік және өндірістік нысандарды аралады.

Иә, Т.Дүйсенова Маңғыстаудағы не­­гізгі дертті дөп басты – жұмыссыз­дық! Ем-шарасын алу үшін ұсыныс-ойын да жет­кізді, тек шипасының шеті қашан көрінері ғана белгісіз...

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

Соңғы жаңалықтар