• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
20 Желтоқсан, 2013

Инновациялар енгізу – болашаққа жол

360 рет
көрсетілді

«ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» АҚ бас компаниясы мұнай өңдеу зауыттарында инновациялар енгізуге байланысты айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Бүгінде оның еншілес кәсіпорны – Атырау мұнай өңдеу зауытында экологиялық талаптарға сәйкес өнім шығаруды, мұнайды тереңдетіп өңдеуді және өндіріс тиімділігін арттыруды, шығынды оңтайландыру мен энергия үнемдеуді, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін технологиялық инновациялар енгізілуде.

 

«ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» АҚ бас компаниясы мұнай өңдеу зауыттарында инновациялар енгізуге байланысты айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Бүгінде оның еншілес кәсіпорны – Атырау мұнай өңдеу зауытында экологиялық талаптарға сәйкес өнім шығаруды, мұнайды тереңдетіп өңдеуді және өндіріс тиімділігін арттыруды, шығынды оңтайландыру мен энергия үнемдеуді, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін технологиялық инновациялар енгізілуде.

 

Бензинді қосылыстардан бензолды ажыратып алу және параксилол алу үшін Атырау мұнай өңдеу зауытында қазіргі заманға сай техникалық база қалыптастыру мақсатындағы хош иісті көмірсутектер шығару кешенінің құрылысы аяқталуда. Зауытты қайта жаңғырту барысында қоршаған ортаға әсерді мейлінше азайту бағытындағы ең соңғы озық инженерлік шешімдер қарастырылды. Мұнда мұнайды сақтау және тасымалдау үшін герметикалық жабдықтар қолданумен қатар, ауа атмосферасына эмиссия кезінде зиян­ды қосындылардан жоғары деңгейде тазартуды көздейтін арнайы технологиялық түйіндер мен қондырғылар ұсынылады. Жоба жүзеге асырылғаннан соң жылына тазалық кепілдігі 99,9 пайыз болатын 133 мың тонна бензол және 496 мың тонна параксилол өндірілетін болады. Айта кетерлігі, ASTM стандартына сәйкес параксилолдың тазалығы 99,7 пайызға тең. Бұлар мұнай химиясы үшін шикізат болып саналатын қосылған құны жоғары өнімдер. Бензол полистирол өндірісіндегі негізгі шикізат, ал полистирол полиэтилентерефтал өндірісінде қолданылады. Осы өндіріс іске қосылса, Қазақстанда мұнай химиясы өндірісінің бірегей тізбегі қалыптасып, еліміз бұрынғыдай тек шикізатпен емес, дайын өніммен шығатын болады.

Зауытта мұнайды тереңдетіп өңдеуді арттыру мақсатында «Мұнайды тереңдетіп өң­деу кешені құрылысы» инвести­циялық жобасы іске асырылуда. Ол үшін әлемдегі іргелі ком­паниялардың лицензиялар портфелі таңдап алынды (фран­цуздық «Axens» компаниясы мен америкалық «UOP» компаниясы). Аталған жоба бірден бірнеше мәселені оңтайлы шешпек. Яғни зауытта шығарылатын отындық өнімдердің экологиялық сипатын жақсарту, бағалы мұнай шикізатын тиімді пайдалану, өндірістің экологиялық қауіпсіздігін арттыру болып табылады. Кешен жылына 2 миллион 400 мың тонна шикізат өңдеуге есептелген. Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені тереңдігін 85 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді. Жоғары октанды бензин өндірісі қазір жылына 600 мың тонна болса, болашақта бұл көрсеткішті 1 млн.743 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік туады. Дизель отынының өндірісі жылына 1 млн. 400 мың тоннаға дейін артпақ.

Ең бастысы, мотор отындары К-5 экологиялық сыныбына сәйкес келмек. Зауытта ірі инвестициялық жобалар­мен қатар қолданыстағы техноло­гиялық қондырғыларды жаңарту мақсатындағы кең ауқымды бағдарламалар аяқталып келеді. Мұнай коксын қыздырып шы­нықтыру қондырғысын қай­та жаңғырту жұмыстары жүр­гізілуде. Мақсат – қондырғы өнімділігін арттыру. Осы жоба жүзеге асырылғаннан кейін түтін газын күл шаңы мен күкірт диоксидінен тазарту, телес­копиялық жүйені енгізудің арқасында кокс шаңын болдырмау сияқты іс-шараның арқасында қоршаған ортаға әсер азайтылмақ. Коксты шынықтырудың жаңа технологиясын енгізудің нәти­жесінде өндіріске жұм­сала­тын энергетикалық шығын төмендемек.

Зауыттағы тұтынушыларды электрмен қамтамасыз ету сенім­ділігін арттыру және сыртқы көздерден алынатын электр энергиясын үнемдеу мақсатында Атырау МӨЗ жылу-электр орта­лығында №4 стансалық турбоагре­гаты іске қосылды. Зауытта шы­ғарылатын өнімдердің өзіндік құнына әсер етеді. Осылайша сырттан алынатын электр энергиясына кететін шығын құны жылына 588 миллион теңгеге азайды. Сондай-ақ, жаңа турбоагрегатты орнату экологиялық заңнамаларға сәйкес орындалды.

Атырау мұнай өңдеу зауытын­да ғылыми-зерттеу және тә­­жі­рибелік-конструкторлық жұ­­­­мыс­тар жүргізіледі. Бұл жұ­мыс­­тар қазақстандық, ресейлік және басқа да ғылыми-зерттеу институттарының қатысуымен атқарылады. Ол: технологиялық үдерістерді басқару жүйесін жетілдіру (модернизация), адами фактордың әсерін азайту мақсатында есеп-қисап жасау және мұнай, мұнай өнімдерін зерттеу, МӨЗ-ді пайдалану кезіндегі жанама әсерлерді зерт­теуге бағытталған ғылыми-тех­­никалық жұмыстардың екі негізгі бағытын қамтиды. Қон­дырғылардың өнімділігін есептеуге арналған автоматты жүйе енгізу және технологиялық үде­рістерді диспетчерлендіру тех­нологиялық қондырғылардың ағымдағы теңгерімі жүйесін автоматтандыруға мүмкіндік беріп, адами фактордың қа­жет­тілігін жойды. Сондай-ақ, кәсіпорында LIMS зертха­налық-ақпараттық жүйесі бағ­дар­ламасын енгізу бойынша жұ­мыстар атқарылып, персоналдар оқытылуда. Ол сапаны бақылау үдерістерін басқару үшін қажет – ол сынама алынғаннан кейін үлгіні тіркеуден бастап, сынама қорытындылары бойынша есептіліктерге дейін қамтылады. Сондай-ақ, уақтылы өнім сапа­сына әсер ететін шешімдер қа­был­дауға қажетті ақпаратты жіберу, өңдеу және сараптау бойынша алуан түрлі функциялары бар.

Атырау МӨЗ-де 25 пайызға дейін химиялық тұрақтылығы жетілдірілген кокстау бензинін қолдану арқылы өндіріске қосу мақсатында алынған авто­көлік бензиндерін зерттеу жұ­мыстарының маңызы зор. Атал­ған жұмыстар зауытта АИ-80, Нормаль-80, АИ-92, Регуляр-92, Премиум-95 авто­көлік бензиндерін өнді­ріске қою және қолдану Қа­зақ­стан Республикасының «Бен­зин, дизель отыны және қа­рамайға қойылатын талаптар» техникалық регламентіне және Кеден одағының «Автокөлік және авиациялық бензин, дизель және кеме отыны, реактивті қозғалтқыштарға арналған отындар мен қарамайға қойылатын талаптар» (ТР ТС 013/2011) тех­никалық регламентіне сай 25 пайызға дейін химиялық тұ­рақтылығы жетілдірілген кокс­тау бензинін қолдану автокөлік бензинін өндіріске шығару үшін қажетті.

Атырау МӨЗ-індегі инновацияларды дамыту мақсатында жыл сайын рационализаторлық ұсыныстар байқауы ұйым­дас­тырылып тұрады. 2010 жылдан бері техникалық кеңес мү­шелерінің талқылауына 207 өнер­тапқыштық ұсыныс түскен. Байқау жүлдегерлері қаржылай сыйақымен ынталандырылады. 2011 жылдың қорытындысы бо­йынша үздік деп танылған «Ті­ке айдамалы КГФ және па­рафинсіздендірілген КГФ-ге депрессорлық-диспергациялаушы қоспа беру жүйесі» (автор: А.Айт­­­­­­байқызы – жетекші инженер) ұсынысы республикалық бай­­қауда «Жылдың үздік ра­цио­на­лизаторлық шешімі» номи­нация­сы бойынша жеңімпаз деп танылды.

Зауыттағы инновациялық даму жұмыстары күннен-күнге қарқын алып келеді. Қызметкерлердің инновациялық ұсыныстар іздеу, жасақтау, ресімдеуге деген қы­зығушылықтары артқан. Бұрын рационализаторлық ұсыныстарды тек техникалық персоналдар ғана ресімдейтін болса, бүгінде бұл жұмыстарға зауыттың бар­лық бөлімшелері қатысады. «АтМӨЗ» ЖШС басшылығы рационализаторлық ұсыныстар мен инновациялық идеяларға қолдау көрсету және ынталандыру мәселесіне ұдайы жете көңіл бөліп келеді.

Жанна ИСКАНДЕРОВА.

АТЫРАУ.

Соңғы жаңалықтар