• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
20 Желтоқсан, 2013

Кемел кез

353 рет
көрсетілді

Әр өнер адамының өз жолы – өз соқпағы, өз сүрлеуі бар. Бұл жолдан сүрінбей шығу үшін – қаншама кезеңдерден өтіп, өнер кеңістігінде өнегелі із қалдырып, абырой биігіне көтерілу оңайлықпен жүзеге аспайды. Көп тер төгіп, ең­бек ету – өнер еншісі. Таби­ғаттың өзі сыйға тартқан туа бітті талантты тәрк етпей, аялап, күтіп-баптап, ізде­­­нім­паздықпен өмір сүру – ізгіліктің белгісі, ұлтын сүйген ұр­пақтың ұлағатты ісі болып табылары хақ.

 

Әр өнер адамының өз жолы – өз соқпағы, өз сүрлеуі бар. Бұл жолдан сүрінбей шығу үшін – қаншама кезеңдерден өтіп, өнер кеңістігінде өнегелі із қалдырып, абырой биігіне көтерілу оңайлықпен жүзеге аспайды. Көп тер төгіп, ең­бек ету – өнер еншісі. Таби­ғаттың өзі сыйға тартқан туа бітті талантты тәрк етпей, аялап, күтіп-баптап, ізде­­­нім­паздықпен өмір сүру – ізгіліктің белгісі, ұлтын сүйген ұр­пақтың ұлағатты ісі болып табылары хақ.

 

Тағдыры да, таланы да туған топырақпен біте қайнасқан Семей­дің семсердей перзентінің жүзі тау-тасқа шағылса да, тауаны қайтып, ауаны азайған емес. Кө­кірек көмбесіндегі өнер оты одан сайын өршіп, өршіл-өндір жастық тасы өрге домалады.

Кенжеғали өнерге деген ал­ғаш­қы қадамынан-ақ алысқа тартар құштарлығын айқын аңғартқан еді.

Балалық шақ, мектептегі жылдар, бозбала кезең, жігіттік жол, сту­денттік шақ, өнердегі биік белес­тер... Осы өткелдердің бәрінде де жас Кенжеғали, бала Кенжеғали, жігіт Кенжеғали үнемі алғы шепте жүрді.

Өнердің алғашқы баспалдағын Алматыдан – Алатау етегінен бас­таған Кенжеғалидың талант тұғыры көтеріліп, ән әлеміндегі көкжиегі бірте-бірте кеңейе берді. Алматыда өсіп-өніп, есейіп, қа­лыптасу кезеңдері өтті. Сол бір жылдар жүзінде Ре­сейдің рухани бесігі – Санкт-Петер­бург қаласынан тағылымды тәлім алып, білім қоржынына алтын қа­зына қосты. Ел аралады, жер көрді. Кеңестік кеңістіктегі талай қалаларда болып, талғамы биік орталарда өз өнерін сарапқа салды.

Кеңес Одағы ыдырап, қазақ елі еркіндікке, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Кенжеғалидың өнер жолында өзгеше бір серпіліс пайда болды. Қалай болғанда да қызыл империяның қыспағынан қыстығып, еркін дауысын шығара алмай жүрген тұмса талант, осы бір оңтайлы сәтте, тордан босанған бұлбұлдай еркін самғады. Бұрын да бойында булығып жүрген ұлт­тық үрдіс, елдік сана енді еркін­дік­тің ерен үлгісін көрсетті. Сол кезде Кенжеғалиға Абай рухы жол ашты.

Ол өнер адамы ретінде өз алдына мақсат қойды. Ол мақсатына тағы да Абай рухы көмекке келді. Өзінің концерттік бағдарламалары арқылы ел тарихын, оның ұлы тұлғаларының қадір-қасиетін ха­лыққа жеткізуде үлкен ізденімпаз­дықпен ізгі қадамдарға барды. Туған жерінің өңірін түгел аралап, полигоннан зардап шеккен бұқара халыққа рухани көмек бере отырып, қайырымдылық шараларын өткізген кездері де болды. Бұл арада әншінің азаматтық позициясы анықталады.

Абай ауылынан басталған жол, Алатауда аз аялдап, Астанаға да жетті. Ол – Ақмоладан Астана атын енді ғана еншілеп жатқан кез еді. Өнер адамдарының ең алғаш­қысы болып, Алматы төсінен қы­рандай самғап Ақмоладан бір-ақ шықты. Астана Ақмола облысынан толық ажырап, елордаға айналып үлгермеген болатын. Ол кезде облыста қажырлы қайраткер Жәнібек Кәрібжанов басқаратын. Кә­ріб­жанов шаруадағы іскерлігімен қатар, өнерге де жақын адам еді. Кенжеғалидың тек өнер жолында ғана емес, мәдени шаралардағы ұйымдастырушылық қабілетіне бұрыннан тәнті болып жүретін. Болашақ Астананың іргетасы берік болуы үшін берекелі істі бүгіннен бастау керектігін жете түсінген Жәнібек Сәлімұлы Кен­же­ғалиға «құда түсті». Астана туралы әңгіме енді басталып жат­қанда бірден жетіп келуге көп адамның жүрегі дауаламайтын кезде белгілі тұлғаларды бері тарту оңайға түспейтін еді. Қай кезде де жаңашылдыққа жаны құш­тар Кенжеғали Жәнібектің уәжіне қарсылық көрсеткен жоқ. Ондағы ойы – болашақ Астананың іргесін біз қаламасақ, Алматыда ұйыған рухани үрдісті Елордаға біз әкелмесек, кімге арқа сүйеп, иек артамыз. Астана болып-толып жатқанда, бәлкім екінің бірі келе берер. Астанаға ал­ғашқылардың бірі болып келіп, үлкен өнерге арна тартайын, көш бастап көрейін деген көрікті ой көкірегінен кетпей, жүрегін жау­лап алды.

Сөйтіп, Астана филармониясы­ның алғаш негізін қалап, қалып­тас­тыру құрметі Кенжеғалиға бұйыр­ды. Бұл тек құрмет қана емес, құдіретті күшті талап ете­тін, қажыр-қайратты қалайтын қайрат­керлік жолдың бас­тауы еді... Ол өзінің қасына филар­монияның көркемдік жетекшісі етіп, көрнекті өнер қайраткері, музыка зерттеушісі, әрі дирижер, әрі композитор Қайыржан Мақановты алып, тау­дай іске зор талаппен кірісіп те кет­ті. Ақыры, көп ұзамай, ізгі ізденіс өз жемісін берді. Астанада алғаш рет филармония қалыптасқаннан кейін Кенжеғали енді ұлт-аспаптар оркестрін құруға құлшыныс жасады. Бұл ниетінің де үдесінен шықты. Нәтижесінде астана филармониясы, оның жанындағы ұлт аспаптар оркестрі Астана атынан төрткүл дүниені аралап, қазақ өнерін алыс-жақын шетелдерге кеңінен насихаттау жұмысын үлкен дәрежеге көтеріп, атағын аспандатты.

Кенжеғалидың ұйымдастыру­шы­лық қабілеті – ғылым-білім­ге, шәкірт тәрбиелеуге ұлас­ты. Ас­та­надағы Музыка академия­сының сол тұстағы кафедра меңгерушісі, өнер ордасының профес­соры бола жүріп, ұрпақ­ты өнерге баулудың өзгеше үлгі­сін көрсетті. Әр жерде «Астанаға – ән шашу» бағдарла­ма­сын ұйымдастырып, жас өнер­паз­дар­дың бағын ашып, өрісін кеңейтті. Сөйтіп, Астананың ал­ғашқы асуын­да, өнер-білім жолында Кенже­ғалидың кемел кезеңі басталды.

Үнемі алғашқы бастамалардың қолдаушысы болып жүретін Кен­­жеғали Елбасының белгілі қайрат­керлердің ел ішіне, аудан, облыс көлемінде шаралар ұйымдастырып, әсіресе, әлеуметтік салаларға же­тек­ші болу қажеттігін айтқан ұсы­нысына бірден ден қойып, өз туған өлкесі – Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласына бет түзеді. Бұл тұста осы өлкеге өзіне де, өнеріне де үнемі жанашырлық көрсетіп жүретін Жәнібек Кәрібжановтың басшылық жасауы Кенжеғалиға көп қиындық келтірген жоқ.

Кенжеғалидың қазіргі таңда атқарып жатқан ауқымды ісі әм­беге аян. Астанадағы Л.Н.Гу­ми­­лев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде профессор бола жүріп ол осы оқу орда­сын­­дағы «Кәусар» мәдени-та­ным­­дық бірлестігіне жетекшілік етеді. Мақсаты – әдебиет, өнер, ғылым жолындағы белгілі қай­рат­керлерді Астанадағы іргелі оқу орны студенттерімен жүздестіріп, келелі кездесу өткізіп, танымдық-тағылымдық тәрбиені қалыптастыру. Осы ниетте ол биылғы жылдың өзінде композитор Е.Рахмадиев, жазушы Ә.Тарази, ақындар К.Салықов, И.Сапарбаев, К.Әмірбековтермен студент жас­тарды жүздестіріп, сыр-сұхбат өткізді, шығармашылығын саралап, әңгіме-дүкен құрды. Бұған осы күнгі университет ректоры Ерлан Батташұлы Сыдықовтың қолғабысы мол болғанын айта кеткен абзал. «Кәусар» бірлестігі алдағы уақытта да танымал тұлға­лармен кездесулер өткізіп, әде­биет, өнер, ғылым көкжиегін кеңейте берері хақ.

Сөз аяғында Кенжеғалидың ән­шілігі хақында аз-кем әңгіме. Тенор дауысты Кенжеғали Мыр­жық­баев – Қазақстандағы әйгілі әншілердің бірі. Мәскеу, Санкт-Петербург мектебінен өткен талантты әнші көп жылдар Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында бас кейіпкерді сомдаушы беделді әншілердің бірі болды. Абай, Біржан, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мәди әндерін әлемге танытуға зор үлес қосты. Сондай-ақ, Қазақстанның ком­по­зиторларының әндерін де кеңінен насихаттап таратуда тер төгіп, сүбелі үлес қосып келеді.

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ,

ақын.

Соңғы жаңалықтар