17 желтоқсан күні Ресей мен Украина басшылары Владимир Путин мен Виктор Янукович Украинадағы экономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатында кездесу өткізген болатын. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Кездесу нәтижесі бойынша мемлекет басшылары бірқатар маңызды шаралар қабылдайтынын мәлім етті. Мәселен, осы уақытқа дейін Ресейден Украинаға тасымалданатын газдың құны әр мың текше метріне 400 доллардан болса, 1 қаңтардан бастап бұл бағаны 268,5 долларға дейін төмендетуге шешім қабылданды. Сондай-ақ РФ Ұлттық әл-ауқат қорынан 15 млрд долларды Украинаның құнды қағаздарына құю көзделіп отыр. Кездесу барысында Ресей мен Украина әріптестігін нығайтуды қарастыратын 14 құжатқа қол қойылды.
Украина оппозициясы мен Тәуелсіздік майданындағы ереуілшілер Ресей президентінің неліктен мұндай қадамға барғанын түсіне алмай отыр. «Янукович Ресейден 15 млрд. доллар мен газдың әр мың текше метріне 130 доллардан жеңілдік алды. Жалпы есептегенде барлығы 20 млрд. долларды құрайды. Біз Януковичтің Путинге не бергенін білгіміз келеді», – деді «Батькивщины» партиясының жетекшісі Арсений Яценюк. Сондай-ақ ол Януковичтің қол жеткізген келісімдері арқасында халықтың тұтынуына берілетін газ бен тұрмыстық төлем ақысын 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бар екенін алға тартты.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Utro.ru
Фото: Utro.ru