• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Ақпан, 2021

Кеген ауданына өңдеу өнеркәсібі мен туризмді дамыту тапсырылды

931 рет
көрсетілді

Алматы облысы Кеген ауданы биылғы жылы туризм саласына 1 млрд 860 млн теңге инвестиция тартпақ. Осы қаржыға «Теміртау» эко-ауылын, қонақтар қабылдайтын 4 үлкен кешен, панто-сауықтыру орталығын ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Ал жалпы ауданға тартылатын инвестиция көлемі 6,5 млрд. теңге болады деп болжануда. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен өткен Кеген ауданының әкімі Талғат Байедиловтің онлайн форматтағы есепті жиыны барысында айтылды.

Коронавирус індетінің таралу қаупіне орай жарияланған шектеу шараларына байланысты Кеген ауданының әкімі Талғат Байедилов тұрғындар алдындағы есепті жиынын онлайн форматта өткізді. Жиынға облыс әкімі Амандық Баталов қатысты. Есепті кездесуде 2020 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2021 жылдың жоспарлары туралы баяндалды.

Баяндамашы Т. Байедиловтың айтуынша, ауданда өнеркәсіп  саласында өндірілген өнім көлемі 12,7 млрд теңгеден асса, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 30,7 млрд теңгеге орындалған. Мал басы да өскен. Ірі қара – 51 648 басқа, жылқы – 28 645, қой-ешкі 202 640 басқа жетті. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 185 млн. теңгеге 62 дана әр түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Соның арқасында егіс жинау науқаны да ойдағыдай өткен.

Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 6 млрд 110 млн теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 106,6 пайызды құрады. Бұл жұмыс биыл да жалғасып, бірқатар инвестжобалар межеленіп отыр.

«Талас» кооперативі жылына 300 тонна сүт өндіретін, жобалық құны 420,0 млн теңге болатын тауарлы сүт фермасын іске қосты. Бүгінгі күнге Чехия мемлекетінен «Сементаль» тұқымды 63 бас сиыр алып келді. Биыл 240,0 млн теңгеге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Оған 3 ғимарат салып, құрал-жабдықтар және 320 бас сүт бағытындағы мүйізді ірі қара малын сатып әкеледі. Тұйық ауылындағы бұрынғы кен орынын «Слава Мунай Сервис» ЖШС биыл іске қосуды және қорғасын өндіруді жоспарлауда. Компания 10 жыл ішінде Тұйық кен орнын игеруге шамамен 13 млрд теңге инвестиция салуды көздеп отыр. Қазіргі таңда барлау жұмыстары толық аяқталды. Рұқсат беру  құжаттары толық алынды. «Кеген Мясо Пром» ЖШС тәулігіне 10 тонна ет өндіретін жобалық құны 2,5 млрд теңге болатын ет өңдеу комбинатын салса, Қарабұлақ ауылдық округі жерінде «PG Solutions» ЖШС жобалық құны  110,0 млн теңге болатын  заманауи туристік кешен салуды қолға алуда. Бүгінгі күнге 7,5 га жер телімі берілді. Жалпы 2021 жылы  6,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда», деді Т.Байеділов.

Туристік әлеуеті зор Кеген аумағында туризм саласының өзіне 1 млрд 860 млн теңге инвестиция тартылмақ. Осы қаржыға «Теміртау» эко-ауылын, қонақтар қабылдайтын 4 үлкен кешен, панто-сауықтыру орталығын ашу жоспарланған.

2020 жылы аудандағы құрылыс жұмыстарының көлемі 4 млрд 60 млн теңгені құраған. Кеген ауылынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы құны 364,2 млн теңгеге 15 тұрғын үй салынып, кезекте  тұрған әр түрлі санаттағы отбасыларына берілді. Ал биыл 36 тұрғын үйдің құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық желілерін жүргізуге бюджеттен 843,5 млн теңге қаралған.

Осы және өзге де салалардың аяқ алысы туралы хабарлаған аудан әкімі баяндамадан кейін әлеуметтік желі арқылы тұрғындардан түскен сауалдарға жауап берді.

Кездесу соңында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов: «Қазіргі эпидемиялық жағдайға байланысты сіздермен алыстан тілдесіп, жиынға онлайн форматта қатысуға тура келіп отыр. Әрине, жүзбе жүз көріп, барлық мәселелерді сол жерде еркін талқылағанға жетпейді. Дегенмен бейнебайланыс бізге ауданның дамуы туралы есепті тыңдап, пікір алмасуымызға мүмкіндік беріп отыр. Біз Кеген ауданына өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы бөлінген қаржыны қосқанда 12,7 млрд теңге бөлдік. Осы қаржыға қаншама жолдар, әлеуметтік мекемелер, инженерлік инфрақұрылымдар жасалды, құрылыстар салынды. Биылғы жылы аталған бағдарламаны есептемегенде 5 млрд, теңгеден астам қаржы қарастырып отырмыз. Ауданда мал басы жақсы қарқынмен өсіп келеді. Ендігі жерде сол мал өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ашу, оған инвестиция тарту жағына көп көңіл бөлу керек. Кеген – туристік тартымды аймақ. Қайыңды көліне апаратын жолды биыл толықтай жасап береміз. Шарын, Көлсай, Қайыңды тізбегі бойынша туристік кластер құруға ниетті кәсіпкерлер де бар. Сол жобалар іске асса, халыққа жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады. Биылғы жыл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, мерейлі жыл. Осы үлкен белеске еліміз толайым табыстармен жетіп отыр. Биылғы өткізілетін шараларға жастар, ақсақалдар, басқа да санаттағы азаматтар белсене қатысып, жалпы бәріміз бірлесіп өткізуіміз керек. Патриоттық бағыттағы тағылымды шараларға мән беруіміз керек»,  деді ол.

Осы жиында аудан тұрғындарының Кеген өңіріне табиғи газ қашан жеткізілетінін білгісі келетіні айтылды. Сауалға жауап берген облыс әкімі «Шелек» АГРС-інен ары қарай Кегенге тартылатын магистралды газ құбырының ТЭН-і дайын екенін, бірінші жарты жылдыққа дейін ЖСҚ құжаты дайын болса, екінші жарты жылдықта жұмысты бастауға мүмкіндік болатынын жеткізді. Яғни Кеген ауданына көгілдір отын жеткізілетін күн де алыс емес. Бұл ретте Амандық Баталов тиісті басқармаға газға қосылу құнының халыққа қолжетімді болуына қатысты жұмыстарды ширатуды тапсырды.

Есепті жиын соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков сөз алды. Мұнан соң аудан әкімінің есебі онлайн форматта азаматтарды қабылдаумен жалғасты.