Ақтөбе облысындағы заң институтына қаруланған белгісіз біреулер шабуыл жасады. Бұл туралы «Мой город» порталы хабарлады.
«Қарулы бұзақылармен айқаста екі курсант жарақат алды. Арқаларына оқ бытырасы тиген 21 жастағы Азат Құрманбай мен 20 жасар Олжас Ибрагимов ауруханаға жатқызылды. Шабуыл жасаушы жас жігіттер аңшы мылтығынан атқан екен, полицейлер оқиға болған жерден олардың гильзаларын тапты», – делінген хабарламада.
Аталған оқу орнына шабуыл осыдан 3 күн бұрын жасалды. Осы күні бірнеше бұзақының институттың сап түзейтін плацы маңындағы темір бетон дуалдан асып түсіп, мекемеге кіргені туралы дерек айтылды. Олар сол жерде курсанттармен сөзге келіп, оқ атып, артынан бой тасалаған. Қазір осы оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Әзірге күдіктілер туралы нақты мәлімет жоқ.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «Мой город»
Фото: Azattyg. org