Таяуда Алматы қаласында «Menin Armanym» корпоративтік қорының баспасөз-конференциясы өтті. Ұйым өкілдері қор жұмысының алғашқы үш айының қорытындыларын айтып берді. Қор денсаулығында кінәраты бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың армандарын орындайды. Олардың басқа ұйымдардан ерекшелігі – сыйлықтар бермейді немесе емделуге қаражат жинамайды, керісінше балалардың ішкі қалауындағы ниетін орындауға көмектеседі.
«Menin Armanym» корпоративтік қоры – еліміздің əр өңіріндегі ауыр дертке шалдыққан науқас балалардың арман-тілектерін орындауға қолғабыс етеді. Осы орайда қор директоры Шамиль Дүйсенғазыұлы атқарылған жұмыстан хабардар етті.
«Біз бұл жобаны қолға алмай тұрып, ұзақ уақыт бойы еліміздің қайырымдылық нарығын зерттедік. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда қайырымдылық қорлары көп, алайда әлі бірыңғай жүйе орныға қоймаған. Әр қордың өзіндік ерекшелігі болғандықтан, біз армандардың орындалуына жол ашқымыз келді. Осы мақсатта біз Түркияға барып, 40 жылдық тәжірибесі бар ұйымның тұжырымдамасын негізге алдық. Бертінге дейін олар əлемдегі 500 мың баланың армандарын орындаған. Елімізде мұндай алаң қалыптаспағандықтан, түрік əріптестеріміздің жұмысымен танысып, әрі қарай өз қорымызды құруға бел будық», дейді қор директоры.
Бүгінге дейін науқас 13 баланың қалауы жүзеге асырылған. Солардың ішінде көмей папилломатозының диагнозы қойылған Шымкент қаласының 8 жастағы тұрғыны Дамеля Тағайханованың кішігірім арманы орындалды. Оның арманы − есейгенде дәрігер болып, адамдар ауырмай, жарқын өмір сүруіне қолғабыс ету. Қор өкілдері Шымкент қаласының №6 қалалық емханасынымен келісе отырып, Дамеляның арманын жүзеге асырды. Яғни емхананың дәрігерлері оған шағын экскурсия ұйымдастырып, әртүрлі дәрігерлік құрал-жабдықтарды көрсеткен. Экскурсия соңында дәрігерлер болашақ маманның қызығушылығын ояту мақсатында балаларға арналған медициналық жиынтықпен қоса, естелікке сыйлықтар табыстады.
Ал бас миының ісігі диагнозы қойылған Тұрсынбаев Бағланның болашақтағы арманы кәсіпкер болу екен. Өзі 16 жаста болса да, өмірге құштарлығы ерекше деп айтуға болады. Ол елімізге танымал әрі үздік кәсіпкер Сырымбек Таумен кездесті.
Кәсіпкердің бастамасы бойынша ол апта сайын Көлсайдағы бизнес-тренингке қатысқан. Сонымен қатар Бағлан «Altyn Kopir» нетворкинг кешінің қонағы болып және еліміздің ең үздік кәсіпкерлерімін жолықты. Сол күні оған «Yokohama» атынан арнайы сыйлық табысталып және қордың атынан естелік статуэткасы берілді.
Айта кетерлігі, бұл корпоративтік қорға кез келген адам ерікті болып жұмыс істей алады. Дегенмен қор басшысы еріктілерді бастапқы кезде психологиялық тұрғыдан дайындайтындарын тілге тиек етті.
«Біз оларды психологиялық тұрғыдан дайындаймыз. Ең алдымен, қордың жұмысын бастамас бұрын қызметкерлерге эмоционалды көмек қажет екенін түсіндік. Сол себепті оларға мотивация бере отырып, еріктілер құлшынысын оята білдік десек, қателеспегеніміз. Осындай процестерден өткеннен кейін ғана еріктілердің жұмыс барысындағы кез келген қиындыққа төтеп бере алады. Мәселен, алғашқы екі баланың арманын орындағаннан соң, олар да эмоционалды тұрғыдан қиын екенін түсінді. Сондықтан біз міндетті түрде шеберлік сабағын өткіземіз. Осыған байланысты желтоқсан айының соңында олармен қосымша тағы онлайн шеберлік сабағы өтті», дейді Ш.Дүйсенғазыұлы.
Сондай-ақ ол шеберлік сабағына республиканың түкпір-түкпірінен жастар қызығушылық танытып, өздерінің белсенділігін көрсеткенін айтып өтті. Алдағы таңда супервайзерлерге бөлек шеберлік сабағы өтетінін қоса кетті.
Қазақстанда қатерлі дертке шалдыққан, емдеуге келмейтін ондаған мың науқас бала бар. Кейбіреуінің көрер қызығы санаулы: бірнеше жыл немесе бірнеше ай. «Menin Armanym» корпоративтік қорының басты мақсаты − баланың моральдық жағдайын жақсарту үшін паллиативті жəне эмоционалды көмек көрсету, əр балаға күнделікті ауыр сырқаттармен күресу үшін жаңа серпін беру. Қазақстанның кез келген азаматы жобаның демеушісі бола алады немесе еріктілер қозғалысына қатыса алады.