• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 04 Ақпан, 2021

Әлемде коронавируспен күрес үдей түсті

183 рет
көрсетілді

Әлемде коронавирусты жаңадан жұқтырғандардың саны біртіндеп аза­йып келеді. Қазіргі таңда бір тәулікте тіркелген науқастар саны 2020 жылғы қазандағы деңгейге түсті.

 

Джон Хопкинс университетінің мәліметіне сүйенсек, 30 қаңтарда 504 мыңнан астам адам вирус жұқтырса, 31 қарашада бұл көрсеткіш 395 мыңға дейін азайған.

Жалпы, биылғы қаңтарда коронавирус инфекциясы қайта күшіне мінгенін айта кеткен жөн. Бұған дейін антирекордтық нәтиже 7-8 қаңтарда тіркелді. Сол уақытта бір тәулікте дертке шалдыққандар саны 840 мыңнан асып түсті.

Қазіргі таңда вирус жұқтырғандар саны бойынша АҚШ әлі де алда тұр. Онда 27 млн-ға жуық адамнан қауіпті инфекция анықталған. Күн сайын 100 мыңнан астам адам дертке шалдығады. Вирус тіркелгелі бері бұл елде 453 мыңға жуық науқас қаза тапты.

Үндістандағы жағдай түзеліп келеді. Коронавирус жұқтырғандар саны бұл елде 11 млн-ға таяп қалды. Дегенмен күнделікті белгілі болған науқастар саны 10 мың шамасында. Соңғы рет Үндістанда мұндай нәтиже маусымда тіркелген еді. Қайтыс болғандар саны 155 мыңға жуықтады.

Бразилиядағы ахуал әлі де күрделі қалпында қалып отыр. Бұл елдегі ста­тистикалық көрсеткіштер көңіл көн­шітерлік емес. Мәселен, 30 қаңтарда 50 мыңнан астам адамнан вирус табылған. Ал 31 қаңтарда жаңа науқас­тар саны 27 мыңға дейін түскен. Са­рап­шылардың пайымдауынша, Бразилиядағы статистиканың бұлай құбылуына бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, аталған елдегі тест сынамасын алу жүйесіне айтылатын сын көп. Екіншіден, Бразилияда бірнеше вакцина сынақ ретінде өткізіліп жатыр. Осының бәрі жиыла келе жаңа тіркелген науқастардың статистикасы ала-құла болуына әсер етіп отыр.

Коронавирус жұқтырғандар саны 3 млн-нан асқан Франция шекарасын қайта қымтауға көшті. Өткен жексенбіден бастап Еуропалық одаққа мүше мемлекеттерден басқа елдерге шығуға және кіруге тыйым салынды.

Сондай-ақ елдегі карантиндік шектеу шаралары одан әрі күшейтілді. Мәселен, барлық сауда орталықтары мен ірі дүкендердің жұмысы тоқтатылды. Шағын дүкендер мен сауда үйлері ішіне бір уақытта жүретін адамдардың саны шектелді.

Ел аумағында вирус жұқтырғандар саны күнделікті 24 мыңның шамасында. Бірақ дәрігерлер вирустың жаңа штаммдары таралуына алаңдаушылық білдіріп отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің пайымдауынша, Францияда енгізілген шектеу шаралары әзірге жаңа локдаун енгізуге жол бермейді.

Бұдан басқа, Еуропаның бірқатар елінде коронавирустың таралуына байланысты шекаралар жабылып жатыр. Өткен жұмада Ұлыбританияда үйдегі сауық кештеріне жиналғандарға айыппұл салына бастады. Осылайша, «Тұманды Альбионда» 15 адамнан көп жиналса, 800 фунт көлемінде айыппұл салынады. Алда-жалда бір рет карантиндік талапты бұзған адам тағы да тәртіп бұзса, айыппұл екі еселенеді.

Ағылшындардың мұндай қадамға баруына коронавирустың ұлыбританиялық штаммы әсер етіп отыр. Естеріңізде болса, қаңтардың басында вирустың жаңа түрі тез таралып, күніне он мыңдаған адам қауіпті дертке шалдыққан еді. Сон­дай-ақ жаңа штаммнан қаза тапқан­дар саны да күрт артты. Мәселен, өткен айда 33 мың адам осы дерттен қаза тапты.

Бүгінде Ұлыбританияда 3,8 млн-нан астам адам науқастанған. 106 мың адам көз жұмды. Вирус жұқтырғандар саны бойынша «Тұманды Альбион» бесінші орында тұр.

Германия билігі елге Бразилия, Ұлыбритания, Ирландия, Португалия және ОАР-дан келетіндердің кіруіне шектеу қойды. Аталған мемлекеттерде коронавирустың жаңа штаммдары таралған. Берлин вирустың қайта таралуына жол бермеуге барын салып отыр. Қазіргі таңда елде ауру жұқтырғандардың үлесі 1 млн адамға шаққанда 944 адам. Бұл – қазан айынан бері ең төменгі көрсеткіш.

Сонымен қатар Германия Pfizer компаниясы әзірлеген вакцинаның тағы 40,2 млн дозасына тапсырыс берді. Рейтерс агенттігінің хабарлауынша, ел билігі екпенің дер кезінде жеткізілмей қалуын да ескерген.

Сондықтан шығар, Германияның Ден­саулық сақтау министрі халыққа жап­пай вакцина салу мақсатында басқа да ша­ралар қабылдамақ. Атап айтқанда, не­міс­тер ресейлік және қытайлық екпе­лер­ді сатып алуды жоспарлап отыр. Қа­зір­­гі таңда бұл елде 2 млн-нан астам адам ғана вакцина салдыртқан. Бұл – басқа еуропалық елдерден әлдеқайда аз.

Норвегияда да шекаралар тұмшалана бастады. Жаңа қаулыға сәйкес, елде тұрмайтындар Норвегияға кіре алмайды. Бұл тізімге медициналық қызметкерлер мен тауар жеткізушілер ғана енгізілмейді. Бұған дейін ел астанасы Осло қаласы мен оның маңындағы бірнеше ауданда қатаң карантин жарияланған болатын.

Ресей тарапы көктемде коронавирус­тың таралуы бәсеңдейтініне сенімді. «Роспо­требнадзор эпидемиология» орта­лық ғылыми-зерттеу институты дирек­торының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Александр Горелов жағдай тұрақталып келе жатқанын мәлімдеді.

Ресейде коронавируспен күрес жө­нін­дегі федералды жедел штабтың мәлі­меті бойынша ауру жұқтырудың 3,8 млн жағдайы тіркелген. Соның ішінде 73 182 науқас қайтыс болған.

Дубай билігі шетелдік туристерге арналған карантиндік шектеулерді жаңартты. Жаңа хаттамаға сәйкес, 2021 жылдың 31 қаңтарынан бастап ПТР тестін өткізу уақытына қатысты өзгеріс енгі­зіл­ді. Бұған дейін туристерде 96 сағат­тан аспайтын мерзім ішінде тапсырыл­ған тестің нәтижесі бар анықтама болуы талап етілетін еді. Ендігі жерде ПТР сынағының уақыты 72 сағаттан аспауы керек. Коронавирус тестілері 12 жасқа дейінгі балалар үшін қажет емес және БАӘ азаматтарынан талап етілмейді.

Дубайдың дағдарыстар мен апаттарды басқару жөніндегі жоғарғы коми­тетінің хабарлауынша, жедел тестілеу енді Дубайдың барлық әуежайында өткізіледі. Осылайша, ПТР сынағын талап ететін елдерге ұшу рәсімі біршама жеңілдеді.

Вирустың әлі де ауыздықтауға көнбеуі әлем елдерін вакцина салдыруды тездетуге ұмтылдыруда. Қытайда 31 қаңтарға дейін коронавирусқа қарсы вакцинаның 24 млн-нан астам дозасы салынған. Бұл туралы өткен жексенбіде Мемлекеттік кеңестің коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі баспасөз жиынында  Вирустық ауруларды бақылау және алдын алу институтының директоры Сюй Вэньбо мәлімдеді.

Оның айтуынша, былтырғы желтоқ­саннан бастап Қытайда халыққа жаппай коронавирусқа қарсы екпе салынып жатыр. «Қазіргі уақытта ел ішіндегі егу пункттерінде тіркелген инъекциялардың жалпы саны 24 млн дозадан асты», деді Вэньбо.

Еуропаның Дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі (ЕМА) AstraZeneca фармаколо­гиялық компаниясы шығарған коронави­русқа қарсы вакцинаны қолдануға кеңес берді.

AstraZenecа – Еуропалық одақта қолдануға рұқсат етілген үшінші вакцина. Бұған дейін Pfizer/BioNTech және Moderna компанияларының вакциналары қолданысқа енген болатын. Еуропаның Дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі келтірген деректерге сүйенсек, әзірге AstraZenecа-ның 55 жастан асқан адамдардағы иммунитетті қаншалықты қалыптастыратыны белгісіз. Өйткені зерттеу қорытындылары жеткіліксіз.

Дегенмен өкілетті орган басқа вакци­на­лар­дың тиімділігін ескеріп, AstraZenecа екпесінің де вирусқа қарсы пайдасы мол болатынына сенімді. Алдағы уақытта компания зерттеу нәти­же­лерін жариялағаннан кейін қазіргі қауіп мүлдем сейілмек.

AstraZeneca вакцинасы адам ағза­сына 4-тен 12 аптаға дейінгі уақытша кезеңде екі инъекциямен енгізіледі. Бұл медициналық препарат Ұлыбританияда қолданысқа енгізілген.