Бұл АҚШ Федералдық Тергеу бюросы тергеу-тексеруінің нәтижесінде дәлелденді
Бас прокуратура ел құлағын елең еткізген осындай мәлімдеме жасады кеше. АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей мен Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко ресми хабарлама жасаған брифингте осы уақытқа дейін құпия болып келген қылмыстың жаңа қыр-сыры айтылды.
Бұл АҚШ Федералдық Тергеу бюросы тергеу-тексеруінің нәтижесінде дәлелденді
Бас прокуратура ел құлағын елең еткізген осындай мәлімдеме жасады кеше. АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей мен Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко ресми хабарлама жасаған брифингте осы уақытқа дейін құпия болып келген қылмыстың жаңа қыр-сыры айтылды.
АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей бұл істі тергеу кезінде екі ел құқық қорғау органдарының тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуіне мол мүмкіндік туғанын тілге тиек етті. «Қылмыстың мән-жайларын сараптап, қайта сүзгіден өткізу кезінде АҚШ Федералдық Тергеу бюросының мамандары толық әрі маңызды дерек-дәйектермен қамтамасыз етілді. Негізінен АҚШ-тың Федералдық Тергеу бюросы жүргізген тергеу-тексеру іс-шараларының нәтижелері Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының тұжырымдарымен сәйкес келеді. Мен Алтынбек Сәрсенбайұлымен кездескенмін, оны танитын едім. Сол себепті, ұзаққа созылған осы істің аяқталғанына қуаныштымын. Екі жақтап жүргізілген тергеу бұл қылмысқа соңғы әрі әділ нүктесін қояды деп сенемін», деді Дж.Ордвей.
Ресми мәлімдеме жасамас бұрын Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко бұл қанды оқиғаның тәуелсіз Қазақстан тарихында атышулы қылмыстық іс ретінде қалғанын да айтып өтті.
Қатыгездігімен ғана емес, қоғамдық жаңғырық тудырған даулы, екіұдайлығымен де жұрттың қызу талқысына түскен қылмыстық оқиғаға қатысты жаңа мәліметтердің белгілі болғанын хабарлаған А.Кравченко: «Бұл іске қатысты тергеу, анықтау іс-шаралары ұзаққа созылғаны белгілі. Бүгін біз америкалық әріптестеріміздің көмегімен кең көлемде кешенді жүргізілген жұмыстың қорытындысы жайлы, сондай-ақ, тергеу барысында анықталған тың мәліметтерді жарияламақпыз», деді. Сөз барысында бұл істің түптің-түбінде ақиқат шындығы айқындалып, әділ шешімін табатынына сенім білдірген ол адам өлтіруге тапсырыс бергендер мен қылмысты орындаушылардың нақты бет-бейнесі белгілі болып, тиісті жазасын алатындарына да күмән келтірмеді.
Естеріңізде болса, «Нағыз Ақ жол» партиясының басшысы Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның қос көмекшісі Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевтің өлімі 2006 жылдың 11 ақпанында тіркелген болатын. Желке тұстарынан атылған оқтан көз жұмған үш азаматтың денелері екі күн өткеннен кейін, яғни, 13 ақпанда Алматы облысының Талғар ауданындағы жол жиегінен табылған еді. Түрлі болжам айтылып, сан тұжырым жасалған бұл қанқұйлы оқиға ешкімді де бейжай қалдырмағаны анық. Әлі күнге дейін көптің көкейінде «Алтынбекті атқызған кім?» деген сұрақтың көмескі сәулесі де сөнбей келген еді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне қатысты сот процесі ашық түрде өтіп, осы қылмысқа қатысы бар деп танылған Рустам Ибрагимов пен оның 9 сыбайласына үкім де шыққан болатын. Тергеу барысында Рустам Ибрагимов саясаткерді өлтіруге тапсырыс берген сол кезде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аппарат жетекшісі қызметін атқарған Ержан Өтембаев деп атап көрсеткен еді. Кейіннен Өтембаевтың өзіне де «тапсырыс беруші» деген үкім оқылады. Осылайша 2006 жылы тамыздың 31-і күні Алматы облыстық сотының шешімімен қанды қылмысты тікелей ұйымдастырушы және орындаушы ретінде Ибрагимов өмір бойы, ал қалғандары ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылады. Алайда, қалың көпшілік көкейінде сот үкімінің әділдігіне ғана емес, іске қатысты күдіктілердің толық есімдері аталмағанына күмән табы қалғаны жасырын емес-тін.
Жариялылығынан жұмбағы көп бұл оқиғаның бұдан арғы желісін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми хабарламасымен жалғастыруды жөн көрдік. Сонымен...
2012 жылдың 16 сәуірінде түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген Рустам Ибрагимов Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына арыз жолдаған. Онда ол саясаткер мен оның көмекшілеріне қатысты жұртты шулатқан қылмыстың бұған дейін құқық қорғау және сот органдарына беймәлім болып келген мән-жайлары туралы хабарлаған.
Өмірінде бірінші рет адам өлтіріп, қолын қанға малғанын толық мойындаған Ибрагимов арызында үш бірдей атпал азаматтың ажалы қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндап, қылмыстың осы уақытқа дейін құпия күйде келген тұстарын қолмен қойғандай бейнелеп берген. Сөз соңында ол Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес, шын мәнінде Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев екенін де жайып салған.
Рустам Ибрагимовтің бұл айтқандары шындыққа қаншалықты сәйкес келеді? Осы сұрақтың мән-жайын ашып, жаңадан алынған жауаптың ақ-қарасын ажырату үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тапсырмасымен Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы жасақталып, қайта тексеру жұмыстары қолға алынады. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініші бойынша тергеу ісіне АҚШ-тың Федералдық Тергеу бюросы да тікелей қатыстырылады.
«Тергеу барысында жаңадан ашылған мән-жайлардың ақиқаты анықталып, өз дәлелін тапты, – деді ресми хабарлама жасаған Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко. – Рустам Ибрагимов полиграфологиялық зерттеу және АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросының агенттеріне берген сұхбатында бұл қылмысты жасауға Рахат Әлиевтің тапсырыс бергенін айтқан».
Бір айта кетерлігі, Ибрагимов бұл жөнінде 2006 жылы, яғни, қылмыс болғаннан кейін жүргізілген тергеу іс-шаралары кезінде-ақ мәлімдеген. Алайда, отбасының қауіпсіздігінен қам жеген ол бұл жөнінде құқық қорғау органдарына ресми түрде жауап беруден үзілді-кесілді бас тартып, өзі айтқан ақпаратты еш жерде жарияламауды сұраған. Себебі, Рустам Ибрагимов бұл шындығы үшін Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев жақындарына қастандық жасауы мүмкін деп қорыққан.
Рустам Ибрагимовтің арызын тергеу барысында АҚШ-тың Федералдық Тергеу бюросы бұл ақпараттың ақиқатын тиісті құжаттармен растап отыр.
Оқиғалардың бұдан кейін қалай өрбігені Бас прокуратураның ресми хабарламасында нақты айтылған.
Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ,
журналист.