• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2013

Дәуренбековтің ерлігі дәріптелсе игі

340 рет
көрсетілді

Мәжілісте палата спикері Нұрлан Нығматулин­нің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Омархан Өксікбаев Премьер-Министр Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдады. Онда осыдан 41 жыл бұрын жасалған ерлікке пара-пар іс-әрекет туралы әңгіме қозғалады.

 

Мәжілісте палата спикері Нұрлан Нығматулин­нің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Омархан Өксікбаев Премьер-Министр Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдады. Онда осыдан 41 жыл бұрын жасалған ерлікке пара-пар іс-әрекет туралы әңгіме қозғалады.

– Бұл сауалға қозғау болған Алматы облысының Балқаш ауданындағы депутаттық кездесуде сол аудан тұрғындары та­рапынан жасалған еленбей қал­ған ерлікке назар аудару туралы өтініш, – дейді депутат. – Осы ерек­ше ерлікті айғақтайтын оқиға тура осыдан 41 жыл бұрын, 1972 жыл­дың 18 желтоқсаны күні болған.

Ол кезде Алматы облысының Балқаш ауданындағы Ақжар ауылының тұсында Іле өзенінің жағалауындағы екі елді мекен арасындағы барыс-келіс тек қайық­пен ғана жүзеге асатын. Сол күнгі алғашқы қайыққа Үшжарма ауылындағы мектеп-интернатта оқитын оқушы балалар отырғызылып, ол жағадан ұзағанда шайқалып барып төңкеріліп, қайықтағының барлығы суға бата бастаған. Оны екі жағада да көріп тұрған жұрт тек шулағаннан басқа нақты әрекетке бара алмаған. Араларында суға кетіп бара жатқан балалардың жақын ағайын-туыстары да болған.

Сол кезде жағада тұрған Бейсетай Дәуренбеков үстіндегі қалың киімдерін әп-сәтте сыпырып тастап, суға бір батып, бір шығып ағып бара жатқан балаларға жүзіп жетіп, қайықтан аударылып түскен 15 бірінші мен сегізінші сынып арасындағы балалардың бірін төңкерілген қайықты аударып соған салып, бірін жағаға итеріп шығарып жалғыз өзі ерекше қайраттылық танытқан. Сөйтіп, 12 баланы судан аман алып шыққан. Шамасының жеткені сол еді. Ал үш бала көптің көз алдында суға батып кеткен.

Мұндайды қазақ аталарымыз көзсіз ерлік дейді. Ол өміріне соншалықты қауіп төнгеніне қарамастан, ерліктің осындай ерен үлгісін көрсетті. Оның аңызға бергісіз осы әрекеті көп ұзамай Бүкілодақтық «Правда» және басқа газеттер арқылы бүкіл Кеңес Одағына тарады. Бұл ерен ерлікке бірден-бір куә сол аман қалған, соңдарынан қазір 30-ға жуық ұрпақ ерген төрт ұлттың 12 азаматы. Олар бүгін аман-есен өмір кешіп, ұрпақтарын өсіріп жатыр және әр жылдың 18 желтоқсанында екінші әкелеріне сол ұрпақтарымен келіп сәлем беріп тұратын көрінеді.

Қай кезде де ерлік ескерілуімен құнды. Бұл оны жаса­ған кісі үшін емес, өзгелер үшін керек. Кейінгі жас ұр­пақ­ты ерлік рухында тәрбиелеу үшін қажет. Бұл ерлігі ар­қылы Бейсетай Дәуренбеков қазақ халқының бойындағы қай­рат­тылықтың зор екендігін бүкіл әлемге дәлелдеді десе де болады.

«Ерлік ешқашан ескірмейді», дейді кемеңгер халқымыз. Сол себепті кезінде әділ бағасын ала алмаған Бейсетай ағамыздың ерлігі кеш те болса ескерілсе деген тілек бар. Мұндай ерлікті әйгілі Гиннестің рекордтар кітабы да тіркемеген. Демек, Бейсетай Дәуренбековтің ерлігін дәріптеу керек-ақ!

Ол үшін, ең әуелі Білім және ғылым министрлігі осы көзсіз ерлік туралы мектеп оқулықтарына әңгімелер енгізсе. Екіншіден, Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан Бейсетай Дәуренбековтің ерлігін арқау еткен көркем, не деректі фильм түсіріліп, теле-радио хабарлар жасалса жөн болар еді. Үшіншіден, Төтенше жағдайлар министрлігі осы ерлік әрекетті құтқарушыларға үйрететін үлгі ретінде көрсетсе және ештен кеш жақсы дегендей, Алматы облысы әкімімен бірге 12 баланы нағыз өлімнен арашалап қалғанын және сондағы айрықша ерлігін ескеріп, Бейсетай Дәуренбековке Халық Қаһарманы атағын беру жөнінде ұсыныс енгізсе.

Солай етсек, мұнымыз жас ұландар үшін тәрбиелік, тағы­лым­дық мәні зор іс болар еді.

Соңғы жаңалықтар