• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Президент 04 Ақпан, 2021

Мемлекет басшысы Ақтоты Райымқұлованы қабылдады

199 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мəдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президентке мəдениет, спорт, туризм, архив, кинематография салаларында атқарылған жұмыстар туралы есеп берілді. Сонымен қатар биыл өтетін Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығын және өзге де атаулы мерейтойлық даталарды атап өтуге байланысты жасалатын жұмыстардың жайы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шəкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жұмысы, «Кинематография туралы» Заңға енгізілетін толықтырулар жөнінде айтылды.

Мәдениет және спорт министрі Мемлекет басшысына Токио Олимпиадасына дайындық жұмысы, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін енгізу бойынша мəлімет берді.

Ақтоты Райымқұлова пандемия кезінде ішкі туризмге сұраныстың арта түскенін жеткізді. Саланы ынталандырудың тиімді тетіктерінің бірі – балалардың демалыс орындарына ұшақпен баруын субсидиялау екенін, осыған қатысты тиісті түзету «Туризм қызметі туралы» Заң жобасына енгізіліп, республикалық бюджеттік комиссия тарапынан қолдау тапқанын атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтоты Райымқұловаға идеологиялық, тәрбиелік маңызы зор жұмыстарды, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, цифрландыру бойынша қолға алынған бастамаларды сапалы жалғастыру, министрліктің онлайн жобаларын жандандыру жөнінде тапсырма берді.