ESPN Deportes ақпарат агенттігі Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварес арасындағы жекпе-жектер трилогиясының соңғы бөлігі осы жылдың қыркүйегінде өтуі мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz
Десе де, Головкиннің мексикалық спортшы Хайме Мунгиямен мамыр айында жоспарланған айқасында басым түсуі – міндетті шарты болып отыр. Аталған жұдырықтасудың жеңімпазы шаршы алаңда Альвареске қарсы шығу мүмкіндігін арттырады.
«Егер Головкин (Мунгиямен айқаста) жеңсе, қыркүйекте «Канеломен» үшінші жекпе-жектің өткізілуіне қол жеткізеді, ал егер Хайме жеңсе, бұл болашақта «Канелоға» қарсы шыға алатын жаңа жұлдыздың жанғаны», деп жазды журналист Сальвадор Родригес.
Головкин-Мунгия арасындағы жекпе-жектің өткізілуіне боксшылардың тараптары да, DAZN стримингтік қызметі де қызығушылық танытып отыр.