• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 05 Ақпан, 2021

Ауылдың бәрі «I love»-пен әлек

574 рет
көрсетілді

Қазақтың алтын қазығы ауылды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ауыл қалай өркендеуі керек? Инфрақұрылымы жақсарып, сапалы жол, самала жарық, саулаған газ қолжетімді болып, ғаламторда іркіліс болмауы қажет. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының әлеуметтік әлеуетін назардан тыс қалдырмай, ұядай балабақша, ұлағатты ұстаздары бар мектеп, спорттық секциялар мен мәдени-рухани кештер, түрлі үйірмелер ұйымдастырылуы тиіс емес пе? Ауыл жастарының мәселесін шешу, жұмыссыздықты еңсеру және қорадағы қозы-лақтың күйін күйттеуге, малдың жем-шөбін қамдап, суын тауып беруге мүмкіндік болуы керек.

Өкінішке қарай, бізде барлық ауыл осы деңгейге жетті ме? Еліміздің басқа өңірлерін қайдам, Маңғыстауда ауылдар «I love-ла­тып» алаулап тұр. Облыс орта­лы­ғы Ақтау қаласынан бастап әрбір аудан, қиырдағы шағын ауылдар да ағылшынша өліп-өшкен махаббат құшағында. Түйесін іздеген бір апай бала-шағасына қайтып келіп: «Мына жайрағыр анау «айладыр» деген жазудың арғы жағына өтіп кетіпті, ол жақтан не жейін деп жүргенін?..» деген екен. Қарапайым ауыл тұрғындары түсінбек түгілі тілі де келмейтін тіркесті түгелге жуық ауылдарда әспеттеп тасқа қондыру қаншалықты қажет және кімге қажет? Осы инсталляция расында ауыл сәнін арттырып, жастардың көңілін көтере ме? Ауылдар ажар жағынан бір-бірімен бәсекелестікте болып, өзгеде жоқ нәрсені жасаумен ғана ерекшелене алады. Ал бір жазуды инкубатордан шыққандай көбейтіп, кез келген ауылға апарып орната берудің ешқандай мағынасы жоқ секілді. Әлде ағылшынша жазу ауылда «менмұндалап» айқайлап тұрса, дамудың, жоғары өркениеттіліктің белгісі ме? Әлде бұл «Үш тұғырлы» тіл бастамасына үн қосудың, «тілді үйренудеміз» дегеннің ишарасы ма? Олай деуге ағылшынша түгілі, қазақ тілінде қатесіз жаза алмайтын ауыл оқушы балаларының сауаты кедергі. Мүмкін, дарақылық, талғамсыздық...

Ауылын, туған жерін жақсы көрмейтін адам жоқ. Ауылға деген риясыз көңілін, шексіз махаббатын «I love» деп емес, «айналайын, ауылым» десе, бұл тіркес махаббатын жеткізе алмай тақиясына тар келіп жатса, «Сүйемін сені, Ақтау!» деген тәрізді келтіруге болмас па еді?!

Әйтеуір ауылдарда ағылшын тілі тұғырға мініп, нығайып тұр...

 

Маңғыстау облысы