Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Каспий теңізіндегі балық аулау аймағын ұлғайтуға қатысты заң жобасы қабылданды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасындағы жаңа нормаларға сәйкес Қазақстанның Каспийдегі теңіз белдеуінің ені 15 мильді құрайды. Ал қазақстандық балықшыларға балық аулау үшін ішкі және аумақтық суларға тәуліктің кез келген уақытында шығуға мүмкіндік туады.
Осы құжат жөнінде Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді баяндама жасап: «Ақтау конвенциясы – жиырма жылдан астам уақыт алған ұзақ әрі аса күрделі келіссөздердің нәтижесі. Ол теңіз жағалауындағы мемлекеттердің үйлестірілген халықаралық қарым-қатынасының жаңа негізін қалап, заманауи талаптарға жауап беретін Каспийдің жаңа құқықтық режімін жасайды. Каспий жағалауы мемлекеттері акваторияны әртүрлі режімдегі аумақтарға – ішкі суларға, ені 15 теңіз милі болатын аумақтық суларға, он мильдік балық аулау және ортақ теңіз кеңістігіне бөлу туралы консенсусқа қол жеткізді.
Кеме қатынасы, биоресурстарды орынды қолдану, сондай-ақ суасты кабельдері мен құбырларын тартуға қатысты ортақ су кеңістігінің еркіндігі және жер қойнауын пайдалану бойынша егемендік құқықтарға қатысты жағалау мемлекеттерінің арасында теңгерім сақталған. Биологиялық ресурстарды қолдану және теңіз ортасын қорғауға қатысты мәселелер кешені реттелген», деді.
Министрдің сөзіне сүйенсек, конвенциялық ережелерді заң жобасына имплементациялау шеңберінде аумақтық сулардың енін 12-ден 15 теңіз миліне дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ белгіленген акваторияда теңіз ғылыми зерттеулерін және су биологиялық ресурстары кәсіпшілігін жүргізу тәртібін анықтайтын балық аулау аумағының төңірегінде «балық аулау аумағының режімін» енгізу қарастырылған.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, заң жобасы ұлттық заңнаманы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережелерімен сәйкестендіреді. Конвенцияға Каспий жағалауындағы елдер басшылары 2018 жылы 12 тамызда қол қойғаны белгілі.
«Конвенцияның негізінде тиісті заңдарға ені 15 теңіз милін құрайтын аумақтық сулар туралы норма енгізіледі. Олардың сыртқы шегі мемлекеттік шекара мәртебесіне ие болады. Аумақтық суларға 10 мильдік балық аулау аймақтары қосылады. Онда әр мемлекет балық аулау бойынша айрықша құқықтарға ие. Қабылданған заң жобасы мемлекеттік шекараны берік қорғауға, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Каспийде еліміздің экономикалық мүддесін жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптастырады. Сондай-ақ заңның бірқатар нормасы су биологиялық ресурстарын сақтауға бағытталған. Жаңа нормалар біздің ұлттық мүддемізге сай келетіні сөзсіз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа енгізілетін жаңа нормалар ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың ашықтығын көздейді.
Құжатты Сенат депутаты Еділ Мамытбеков таныстырып: «Парламент депутаттарының бір тобы қолданбалы ғылыми зерттеулердің тиімділігін, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін қолдау және коммерцияландыру тетіктерін арттыру жөніндегі бірқатар шараларды ұсынатын осы заң жобасына бастамашылық жасады. Заң жобасында ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, инновациялық қорлар, инженерлік зертханалар, технопарктер, коммерцияландыру кеңселері және ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті сүйемелдейтін басқа да құрылымдар арасында ғылыми-инновациялық инфрақұрылымның жекелеген элементтері арасында орын алған даму теңгерімсіздігі мен экономикалық өзара іс-қимылдың болмауын жою қарастырылған», деді.
Депутаттың сөзіне қарағанда, заң жобасында ғылымның академиялық, жоғары оқу орындары мен салалық тармақтарын тиісті үйлестіруді жолға қоюға бағытталған түзетулер енгізілген. Бұл қаржыландырудан бастап, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізуге дейінгі процеске толыққанды мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
«Қазақстандық және шетелдік сарапшылардың бірыңғай базасын құру нормасы көзделеді. Бұл рецензенттердің деңгейін, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған жобаларды сараптамалық бағалау тұрғысынан, ғылыми жобалардың деңгейімен барабар сәйкестікке келтіруге мүмкіндік береді.
Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру процестері мемлекет тарапынан бюджеттік қаржыландыру саласына тартылған. Осылайша, екі негізгі буынды – тиімді гранттық қаржыландыру мен ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруды қолдау шаралары күшейтіледі. Бұл – Қазақстанның нақты ұлттық инновациялық жүйесін қалыптастыру процестерін жандандырудағы маңызды қадам.
Әрине, ғылымның барлық түйткілді мәселелерін бір заң жобасында қамту мүмкін емес. Жеке нормалар нақты сипатқа ие. Атап айтқанда, ұғымдық аппарат нақтыланды, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруда гранттық қаржыландыру қағидаларын бекіту жөніндегі Үкіметтің өкілеттілігі кеңейтілді. Ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы салааралық үйлестіру бөлігінде ғылым жөніндегі уәкілетті органның жекелеген функциялары мен міндеттері қайта қаралды. Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның, Ұлттық ғылыми кеңестердің міндеттеріне өзгерістер енгізілді, Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының құзыреті кеңейтіледі», деді Е.Мамытбеков.
Депутаттардың пайымдауынша, заң жобасын қабылдау инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесін ұлғайтады. Қазіргі таңда 28411 кәсіпорынның небәрі 3206-сы ғана инновациялық-белсенді кәсіпорынға жатады.