• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2013

Жас ұрпаққа өнеге

1217 рет
көрсетілді

Заман бір орнында тұрмайды, сынаптай сырғып буын артынан буын алмасады. Кезінде күллі дүниенің жартысын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған кеңес заманы келмес­ке кеткеннен кейін оның орнында жаңадан пайда болған мемлекеттердің басына талай саясаткер келді, талайы кетті. Көпшілігінің есімін жұрт жадынан шығарып та үлгерді. Дегенмен, елін тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бері басқарып келе жатқан, атағы алысқа жайылып, беделі бүкіл Жер шарын шарлаған, жеке-дара шың тәрізді тұлғалар да бар. Ол – тәуелсіз Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

 

Заман бір орнында тұрмайды, сынаптай сырғып буын артынан буын алмасады. Кезінде күллі дүниенің жартысын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған кеңес заманы келмес­ке кеткеннен кейін оның орнында жаңадан пайда болған мемлекеттердің басына талай саясаткер келді, талайы кетті. Көпшілігінің есімін жұрт жадынан шығарып та үлгерді. Дегенмен, елін тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бері басқарып келе жатқан, атағы алысқа жайылып, беделі бүкіл Жер шарын шарлаған, жеке-дара шың тәрізді тұлғалар да бар. Ол – тәуелсіз Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Елбасымыздың басшылығымен еліміз тәуелсіздік жылдарында әлем таныған абыройлы мемлекетке айналды. Алдымен аузынан ажал шашқан алып сынақ алаңы – Семей полигонын жапты, әлемдік ядролық державалардың қауіпсіздік кепілдігін ала отырып Қазақстанды аждаһа қарудан біржола азат етті, осы арқылы әлемнің ең бақуатты, бай да қуатты елдерімен қатынастарды достық және өзара сенім арнасына салды. Елдің ішкі тұрақтылығы тұрғысынан оның Қазақстандағы әсіреұлтшылдыққа жол бермеуін, әлемнің барлық қиырына тарыдай шашылып кеткен қазақтарды тарихи отандарына қайтара отырып, оларға барлық көмекті жасай отырып, Қазақстан жеріне тағдырдың жазуымен қоныстанып, тұрақтап қалған басқа ұлт өкілдерінің де елден түңіліп, сыртқа ауа көшуіне жол берген жоқ. Себебі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – әлдеқашан тарих-таразының елегінен өткен, тек қазақстандықтардың ғана емес, барша адамзат баласының болашақ тағдырын айқындауға өзінің үлесін қосқан азамат. Тарих беттерінде кино өнері арқылы мәңгі жадыда қалуға лайық ұлы тұлға. Осы ретте «Қазақфильм» киностудиясы қолға алған «Елбасы жолы» фильмдер циклы – қазақ киносындағы ғана емес, Қазақстан тарихындағы, ұлт өміріндегі рухани зор құбылыс!

Туынды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолы, сондай-ақ, жастық шағынан сыр шерт­ке­німен, фильм­нің басты мақсаты – жаста­ры­мыздың ел азаматы болып қалып­тасуына, оларды отансүй­гіш­тік­ке, еңбекқорлыққа баулу. Ел­ба­сы­мыздың кең тарапты өмір атты жолын­дағы алғашқы жеңіс­тері мен көңілі қалған сәттерін, жү­ректегі үміт оты мен арманға толы жан дүниесін әсерлі бейнелей отырып, оның тұлға ретінде қалып­тасуын баяндайтын көркем фильм өзінің әсемдігімен көз тартады.

Фильмнің сценарийін белгілі кинодраматург Шахимарден Құсайынов және Рүстем Әбді­ра­шев жазды. Сце­на­рий бойынша екінші және үшінші фильм­дерде 1950-жылдар аяғы мен 1960-жылдар кезеңіндегі оқи­ғалар қамтылады. Бұл кезде Елбасы ком­сомолдық жолдамамен Теміртау қаласындағы металлургиялық зауытқа жібе­ріліп, сонда жұмыс істейді, сол жақтан Украинаға оқуға жібе­рі­леді. Днепродзержинскідегі екі­жылдық оқуды тәмамдаған соң, Теміртау қаласына қайтып келіп жұмысын жалғастырады.

Фильм Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев еңбек жолын бастаған Теміртау қаласындағы металлургия комбинаты аума­ғында түсірілген. Дәл осында Тұңғыш Президенттің еңбек жолы басталған. Ең бірінші шойын­ды алу, салтанатты шеру секілді кульми­на­циялық көріністерін беру талпыныс­тары да дәл осы Теміртау қаласында жүзе­ге асты. Түсірілім жұмыстары, соны­мен қатар, Қарағанды, Қаражал, Абай қалалары мен Ресей, Украина және Эстония мемлекеттерінде де жүрді. Жоба продюсерінің айтуынша, фильмнің қызықты сәттері көп, әсіресе, Н.Назарбаевтың Гагаринмен кездесуі және өзіне күмәнмен қараған америкалық журналиске күстенген алақанын көрсетуі, болашақ жарымен танысу үшін хор және би үйірмелеріне қатысуға мәжбүр болуы, тағы сол сияқты эпизодтар бас кейіпкер Сұлтан образын қарапайым халықтың адамы, еңбек адамы ретінде халыққа жақындата түседі. Басты кейіпкер Сұлтан рөлін Нұрлан Әлімжанов, әкесі Әбішті – Нұржұман Ықтымбаев, анасы Әлжанды – Наталья Орын­басарова, Сараны – Мәдина Ес­манова сомдайды. Ресейден арнайы шақыртылған Валентин Гафт, Виктор Сухоруков, Сергей Шакуров, Мария Голуб­кина сынды кино және театр­ майтал­мандары отандық актерлермен үйлесім­ді актерлік ансамбль құра білген. Әлбет­те, образдардың нанымды әрі шынайы шығуы, біріншіден, режиссерге байланысты.

Айта кететін бір жайт, сценарий автор­лары жазған әрбір сурет, әрбір көрі­ніс, әрбір образ фильмнің алғашқы кадрын түсіруден әлде­қашан бұрын режис­сердің кө­ңіл экранында пісуі жеткенше қайталанып, июі қанғанша илен­гені көрініп тұр. Аталған актер­лердің де фильмнің жалпы көркемдік сапасын көтеруде ше­шу­ші рөл атқарғанына куә болдық.

Фильмде сан алуан образ, характер бар. Ең бастысы, герой бар. Ол – Сұл­­тан. Сол кезеңді қамтыған барлық оқи­ға­ға Сұлтанның көзі­мен, танымымен қарай­мыз. Себебі, образ нанымды және шына­йы.

«Елбасы жолы» циклын қазақ кино­сындағы соны леп деуге әбден болады.

Біріншіден, «Елбасы жолы» циклы­ның «Отты өзен» және «Те­мір тау» атты фильмдері – қазақ киносында де­ректі-көркем фильм стилистикасында жасалған тұң­ғыш фильм.

Әр уақыттың өз талабы бар. Фильм, осы тұрғыдан, жаңа­шыл­дық қоғамға тың серпіліс бергендей көрінеді. Қоғамның, мемлекеттің дамуына айтулы ықпал жасаған тұлғаларды кеңінен насихаттау – қазақ киносындағы жақсы бет­алыс. Осылайша, өз көрермендеріміз ғана емес, әлем халықтары мойындайтындай деңгейде көркем бейнелерді қалыптастыра білуіміз қажет.

Әлі талай буын, талай ұрпақ нағыз мемлекетшіл адам, ұлтын сүйген ұлан, көреген саясаткер қандай болады деген сауалға жауап іздер болса, әрдайым Нұр­сұлтан Назарбаевтың тұлғалық болмы­сы­на, азаматтық бейнесіне жүгінері дау­сыз!

Қорыта келе айтарым, «Елба­сы жолы» циклы – соңғы жыл­дар­дың қазақ кинематограф саласындағы ең ірі әрі бірегей жобасы. Киносыншылар мен қалың жұртшылық ілтипатына бөленіп, оң бағасын аларына кәміл сенемін. Шарықтай бер, қазақ киносы!..

Дулат ИСАБЕКОВ,

жазушы, Мемлекеттік

сыйлықтың лауреаты.

Соңғы жаңалықтар