«Біз берік бірлігіміз бен бекем тірлігіміз арқылы ұлан-ғайыр жетістікке қол жеткіздік. Алдағы уақытта да иық тіресе жүріп, биік белестерді бірге бағындыра беретінімізге сенемін»,– деген еді Елбасы «Нұр Отан» партиясының XV съезінде. Осы орамды ой бізді қанаттандырып, жоталы жетістіктерге жетелей түскенін жасырмаймыз. Қазіргі таңда аймақта партияның 37 мыңнан астам мүшесі бар. Олардың сапалық құрамын қалыптастыру бағытында елеулі еңбек жасалды. Партияның XIV съезі шешімдерін, Сайлауалды тұғырнама талаптарын орындауда партия мүшелерінің белсенділігі артты.
«Біз берік бірлігіміз бен бекем тірлігіміз арқылы ұлан-ғайыр жетістікке қол жеткіздік. Алдағы уақытта да иық тіресе жүріп, биік белестерді бірге бағындыра беретінімізге сенемін»,– деген еді Елбасы «Нұр Отан» партиясының XV съезінде. Осы орамды ой бізді қанаттандырып, жоталы жетістіктерге жетелей түскенін жасырмаймыз. Қазіргі таңда аймақта партияның 37 мыңнан астам мүшесі бар. Олардың сапалық құрамын қалыптастыру бағытында елеулі еңбек жасалды. Партияның XIV съезі шешімдерін, Сайлауалды тұғырнама талаптарын орындауда партия мүшелерінің белсенділігі артты.
Әрине, міндеттер мол, оны орындау – басты парыз. Қазір «Нұр Отан» партиясының Саяси доктринасын түсіндіру бойынша кешенді жоспар құрылды, соған сай Қызылорда облыстық партия филиалы «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында», «Доктрина: партияның жаңа идеологиялық тұғырнамасы», «Партияның аймақтық бағдары: басымдықтар және перспективалар», «Тұрақты даму: мықты экономика және әлеуметтік әділ саясат» секілді ірі шараларды жүзеге асырды.
Бүгінгі ауыл халқының партиялық ақпаратпен сусындау деңгейі өте жоғары. Ақпарат көздері көп, оған қолжетімділік артқан. Бұл орайда ел ішінде жүрген партиялық ақпараттық-насихат топтары түсіндірмелік жұмыстар жасайды, толғақты мәселелерді тарқатып айтады. Сондай-ақ, Жолдауға байланысты салалық қызметтердің жандануын жеткізеді. Бұл орайда Парламент Сенаты мен Мәжілісі, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының үлесі сүбелі деп айтқан ләзім. Мәслихаттағы партия фракциясының жұмысы, қоғамдық қабылдаудың маңызы ерекше.
Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауына сәйкес Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын, мақсаттары мен міндеттерін айқындаған облыстық филиал төрағасы, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың 2013 жылға арналған іс-қимыл жоспары негізінде аудан, қала халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізілуде. Іс-қимыл жоспарының игілігі қазірдің өзінде тиімді табысқа бастады. Айталық, аймақ экономикасына салынған инвестиция көлемі 2,5 еседен асты. Аймақта бюджет қаржысы есебінен 77 әлеуметтік нысан құрылысы жүргізілуде. Денсаулық сақтауды дамытудың 2013-2014 жылдарға арналған «Жол картасы» әзірленді. Осы құжат аясында ана мен бала өлімі, туберкулез, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулар көрсеткішін төмендету қарастырылып жатыр.
Ағымдағы жылы облыстың білім саласында үш ауысымдық мектептердің мәселесі толығымен шешілді. Ал газ бағасы 135-тен 80 АҚШ долларына дейін төмендеді. Яғни, көгілдір отын бағасы екі еседей арзандады. «Баласауысқандық» ванадий кен орнында алғашқы 6 тонна сынамалы метанованадат өндірілді. Елбасының тікелей қамқорлығы арқасында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасының 1-ші кезеңінің жүзеге асырылуы аймақтағы дәстүрлі өнеркәсіп – балық шаруашылығының қайта жандануына серпін берді. Балық консорциумының дамуы екпінді еңбектің тұсауын шешіп отыр. Мұны халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған баянды бастама десек, болашаққа негізделген іргелі істер іркіліс таппайтынына көзіміз жетеді.
Партияның Сайлауалды тұғырнамасы талабындағы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде, еңбек нарығының сұранысына сәйкес, аймақта Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының дамуына қолдау табылды. Тіпті индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы 8 800-ден кем емес жаңа жұмыс орнын құру, соның ішінде тұрақты жұмыс орнын 5300-ге жеткізу амалын қарастыруы үлкен жетістік болды. Оның бір белгісі, «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы «ЛукОйловерсиз» АҚ-пен бірлесіп, «Ақниет» әлеуметтік әріптестік бағдарламасын іске асыруға ден қойды. Мұның артықшылығы, 2013 жылы тәжірибе ретінде Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандары тұрғындарына жеке кәсіп жүргізулері үшін қайтарымсыз 1 млн. теңгеден 77 грант бөлінді. Бұл ауылды қолдаудың, қарапайым халықты көтермелеудің керемет жолы екенін көрсетті.
Биыл партия Төрағасының тікелей тапсырмасына сай аумақтық партия филиалдарының өз ғимараты болуы керектігі толық жүзеге асты. Бұл бағытта партияның Қызылорда облыстық филиалына қарасты барлық аумақтық бөлім жаңа қонысқа кірді. Сол секілді партия қызметін ашық әрі тиімді жүргізу бағытында «электронды партия» жүйесі қолға алынды. Қоғамдық қабылдау бөлмесі қызметін жандандыруға баса назар аударылды.
Партия филиалы республикалық, облыстық желілік кесте бойынша Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, «Жұмыспен қамту-2020», «Халықтық IPO», «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай ашық есік күндерін өткізіп, тағы да басқа жұмыстар жүргізді. Сондай-ақ, партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Киелі мұрамызға тағзым», «Тұсаукесер», «Өз тіліңді құрметте», «Гендерлік мәселелер бойынша жұмыс», «STOPҚылмыс» қоғамдық науқаны», «Шексіз мүмкіндіктер» атты арнайы жобалары аясында 52 шара өткізіліп, оған 2856 адам қамтылды.
Елге тиесілі күріштің 85 пайызын Қызылорда облысы өндіреді. Сондықтан алға күріштің өнімділігін арттыру, өнім өңдеу технологиясын дамыту сияқты бағыттарда зор міндеттер қойылған. Биыл диқандар молшылыққа кенелді. Ел тәуелсіздік алған 22 жыл ішінде тұңғыш рет 70 мың гектардың әр гектарынан 49 центнерден өнім жиналып, 365 мың тонна күріш терілді. Осы береке ел дәулетін асырды, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсті. Жергілікті жерден инвестор ретінде ауылға ақша салып, өркениет көшіне ілескен үлгі қалыптастырған азаматтар табылды. Солардың бірі «Нұр Отан» партиясы атынан сайланған облыстық мәслихат депутаты, «Абзал және К» толық серіктестігінің директоры А.Ералиев жақында ғана Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Бұл үлкен марапат партия беделін арттырды, мерейін асырды.
Партия Төрағасы «жастар – ел болашағы, жалғасы» деп олардың қоғамдағы орнын айшықтап келеді. «Жас Отан» ЖҚ Қызылорда облыстық филиалының қалалық және 7 аудандық филиалға қарасты 178 бастауыш бөлімшесі бар. Қазір олардың қатары 11 052 жасқа жетті. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің бастамасымен «Жастар – ауылға!» жобасын жүзеге асыру барысында қала және аудандарда мобильді топтар құрылған. Қызылорда қаласындағы «Сыбаға» орталық базарында жастарға «Кеңес орталығы» кеңес беріп келеді. Осындай озық жұмыстар нәтижесінде бағалау рейтингісі жылдың екінші тоқсанымен Қызылорда жастары бірінші орынға көтерілді. «Жастар кадрлық резерві» байқауына 158 жас құжат тапсырып, іріктеуден 4 үміткер өтті. Ал «Дипломмен – ауылға!» жобасы да өз жүйесін тапқан. Бүгінде 271 көтерме жәрдемақы және 291 тұрғын үйге берілетін қаржы дер кезінде игеріліп келеді.
Біз үшін әрбір кезеңнің жауапкершілігі өз билігімен өлшенеді. Демек, алған асулар мен сенімге ие бедел еселі еңбектің еншісі деуге болады. Ендеше, «Нұр Отан» өзінің нұрлы жолынан таймайды.
Өлмесхан БОЛАТБЕКОВ,
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары, саяси ғылымдар докторы.