Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz
Президентке Ішкі істер министрлігінің 2020 жылы атқарған жұмыстарының нәтижелері мен криминогендік ахуалдың жай-күйі туралы ақпарат берілді. Министрдің айтуынша, еліміздегі қылмыс көрсеткіші 37 пайызға төмендеген, сондай-ақ ұрлық, қарақшылық, тонау, бұзақылық және зорлау түріндегі қылмыстардың да саны азайған. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қауіпсіздік деңгейі артқан. Жол-көлік оқиғаларының және соның салдарынан жарақаттанған, қаза болған адамдардың саны қысқарған.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар Президентке бұрын берілген тапсырмалардың орындалу нәтижелері туралы есеп берілді.
Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрлігі жүйесінде 2021 жылдың «Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы» деп жарияланғанын айтып, ішкі істер органдарын реформалау жөніндегі жобалардың жүзеге асырылуына егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда жұмыстың сервистік моделін енгізу, «жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету, учаскелік инспекторлар қызметін реформалау жөнінде сөз болды.
Мемлекет басшысына ішкі істер органдарының қызметін цифрландыруға қатысты жобалар, азаматтарға полициямен жедел байланыс орнатуға мүмкіндік беретін «Police 102» мобильдік қосымшасын іске қосудың алғашқы нәтижелері туралы баяндалды.
Президент азаматтардың полицияға деген сенімін арттыруда айтарлықтай жетістікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін сапалы реформа жүргізу қажеттігіне баса мән берді.
Осы ретте Ішкі істер министрі кадрларды іріктеу жүйесінің жетілдіріліп жатқаны, жаңа біліктілік талаптарының бекітілгені, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитеттің қалыптасуы, идеологиялық және имидждік жұмыстардың күшейтілгені жайында мәлімет берді.
Бұдан бөлек Президентке қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту, жазасын өтеушілердің жағдайын жақсарту және оларды жұмыспен қамту, сондай-ақ, колонияларда жаппай бейнебақылау құрылғыларын орнату бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.
Министр еңбекақыны көбейтуге және әлеуметтік жағдайды жақсартуға қатысты мемлекеттік қолдау шаралары үшін Президентке қызметкерлердің алғысын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы еліміздегі құқықтық тәртіп деңгейін одан әрі арттыруға, азаматтардың полицияға деген сенімін нығайтуға және қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы тұрудың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет көрсету ісін цифрландыру жұмыстарын жалғастыру маңызды деп санайтынын айтты.