Бір мың екі жүз шақырымдық теміржол он алты айда төселді
Кеше өткен жалпыхалықтық телекөпірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жезқазған – Бейнеу», «Арқалық – Шұбаркөл» жаңа теміржол желілерінің басты жолдарының тоғысуына куә болды. Қазақстан экономикасының күретамыры Шығыс пен Батыс қақпасын қысқа жолмен жалғастырады: Достық стансасын Ақтау портымен жалғау арқылы өндірістік жүктердің солтүстік-оңтүстік бағдарындағы жеткізілу уақытын үнемдейді, Арқалық пен Жезқазған қалаларын тығырықтан шығарып, ірі теміржол стансаларына айналдырады.
Бір мың екі жүз шақырымдық теміржол он алты айда төселді
Кеше өткен жалпыхалықтық телекөпірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жезқазған – Бейнеу», «Арқалық – Шұбаркөл» жаңа теміржол желілерінің басты жолдарының тоғысуына куә болды. Қазақстан экономикасының күретамыры Шығыс пен Батыс қақпасын қысқа жолмен жалғастырады: Достық стансасын Ақтау портымен жалғау арқылы өндірістік жүктердің солтүстік-оңтүстік бағдарындағы жеткізілу уақытын үнемдейді, Арқалық пен Жезқазған қалаларын тығырықтан шығарып, ірі теміржол стансаларына айналдырады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа теміржол желілерінің құрылысын бастауға 2012 жылғы 3 шілдеде рұқсат берген болатын. Сол кезде Президент ел экономикасы үшін геосаяси мәні бар аса маңызды осы жобаны барынша қысқа мерзімде аяқтап, іске қосу жөнінде тапсырма берген еді. Осы жобаны орындау сеніп тапсырылған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ сол тұста оған дейін шекаралық «Жетіген – Алтынкөл» мен «Өзен – Болашақ» секілді екі теміржол телімінің құрылысын аяқтап, маңызды істе едәуір тәжірибе жинақтап та үлгерген еді. Бұл жобаларды іске асыруға отандық мердігерлердің өндірістік-техникалық әлеуеті барынша жедел жұмылдырылған-ды. Сөйтіп, ұлттық компания басшылығы жаңа теміржол телімдерін салу жөнінде Елбасының тапсырмасын алысымен-ақ оны жүзеге асыруға ешбір іркілместен бірден белсеніп кірісіп кетті.
Тәуелсіздіктің алғашқы кездерінен бастап-ақ Мемлекет басшысының экономиканы дамыту мақсатында жолдарды жаңғырту, соның ішінде болашақта үлкен әлеуетке ие болуы тиіс темір-жол инфрақұрылымдарын дамыту ісіне ерекше назар аударғаны белгілі. Өйткені, жол дегеніміз – экономиканың күретамыры, тіршілік артериясы. Ел өңірлерін бір-бірімен байланыстырып қана қоймай, сыртқы рыноктарға шығуға мүмкіндік беретін жаңа жолдар салынып, іске қосылған сайын экономикамыздың әлеуеті артып, батыс пен шығыс арасында, яғни бүкіл адамзат баласы көз тігіп отырған Еуразиялық кеңістікте географиялық тұрғыдан қолайлы орналасқан ел аумағын сол батыс пен шығысты жалғайтын алтын көпірге айналдыра түспек. «Жезқазған – Бейнеу», «Арқалық –Шұбаркөл» жаңа теміржол желілерінің құрылысы да осындай аса маңызды стратегиялық саясатты жүзеге асырудың серпінді жобалары болып табылады.
Міне, осы аса үлкен құрылыс нысанын жүргізу ісіне Елбасы сенімін арқалаған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ белсене кірісті. Жаңадан пайда болатын теміржолдың құрылысын қысқа мерзімде қарқындата жүргізу үшін оның екі басынан бір-біріне қарама-қарсы бағытта рельс қалау тәсілі таңдап алынып, жол салу ісіне бес мыңнан астам құрылысшы тартылып, үш мың дана техника жұмылдырылды. 46 миллион текше метр топырақ қабаты төселді. 37 көпір, 500 суағар құбыр салынды.
2013 жылғы желтоқсанда Қарағанды облысындағы Қоскөл және Байбұлақ стансаларындағы, Ақтөбе облысының Тассай стансасындағы басты жолдарға соңғы теміржол рельсті торкөзін төседі.
Айта кету керек, жаңа теміржол желісінің бойында көптеген жаңа стансалар бой көтереді. Электр желілері, өндірістік ғимараттар мен техникалық имараттар, тұрғын үйлер мен әлеуметтік мақсаттағы нысандар көптеп салынады. Жол бойында мыңдаған адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Жаңа деңгейге көшкен құрылыс нысандарына бұрын құрылыс материалдары автокөлікпен жеткізіліп келсе, ендігі жерде жаңадан төселген теміржол желісімен жеткізіле бастайды.
Бұл істен бейтарап былайғы жұрт үшін айта кететін тағы бір мәселе, қазіргі уақытта теміржол салу дегеніміз, бұл – тас төгіп, шпал мен рельс қалау ғана емес, сонымен қатар, жаңа теміржол бойында қызмет көрсетуге негізделген көптеген құрылыстарды тұрғызып, іске қосу деген сөз. Мәселен, осы жолы жаңа теміржол желісінің бойында 48 жаңа станса бой көтереді. Сонымен қатар, магистральдық желінің бойына жан кіргізетін энергетикалық нысандар, өндірістік кәсіпорындар және әлеуметтік инфрақұрылымдар қалыптасады. Ал бұлардың барлығы бір сөзбен айтқанда, қосымша жұмыс орындары деген сөз. Сөйтіп, «Жезқазған – Бейнеу» мен «Арқалық – Шұбаркөл» жаңа желілерінің бойында 3500 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын болды.
Оның үстіне, жаңа теміржол телімдерін іске қосу арқылы еліміздің Шығысы пен Батысын байланыстыратын теміржол желісі мың шақырымға қысқарады. Бұл Қазақстанның қосымша транзиттік жүк ағындарын тартуына барынша қолайлы ахуал орнатады.
«Жезқазған – Бейнеу» – бұл Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан бергі құрылысы жаңадан жүргізілген ең ұзын теміржол желісі болып табылады. Жалпы ұзындығы мың шақырымға жетеді.
Магистральдық желі құрылысшылары бір-біріне қарама-қарсы бағытта тоғысатындай етіп жол салу арқылы оның салыну мерзімін екі есеге дейін үнемдеді. «Жезқазған – Сексеуіл» мен «Шалқар – Бейнеу» бағдарында қарсы бағытта бастады.
«Жезқазған – Бейнеу» теміржол желісі мен «Арқалық – Шұбаркөл» теміржол желісі пайдалануға берілген соң, Қазақстан сауда және іскерлік серіктестеріне Еуропа мен Азияны жалғастыратын барынша қысқа әрі экономикалық тиімді транзиттік бағыттарды ұсынатын болады.
Міне, тәуліктің жиырма төрт сағатында тынбай жұмыстанған теміржол құрылысшылары Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен биылғы телекөпірде, барлығы 16 айда рекордтық мерзімде басты магистральдық желілерді іске қосқандығы жөнінде рапорт берді.
Сөйтіп, дәл осы күндері 1930 жылдары Орталық Азияны Сібірмен жалғаған атақты Түрксіб (Түркістан – Сібір) теміржол магистралінен кейін елімізде кең көлемде алғаш рет Қазақстан темір жолының жаңа эпопеясы жазылу үстінде. Бұл эпопеяның басты құндылығы, ол – тәуелсіздіктің эпопеясы. Бұл эпопея елдің тәуелсіздігі мен экономикалық дербестігін қамтамасыз етіп, қуатты Қазақстанды қалыптастыру мақсатында жазылуда. Күні ертең оның «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың негізгі тетіктерінің біріне айналатындығы және оның негізгі құрамдас бөлігі болып табылатындығы әбден айқын.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».