• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Ақпан, 2021

Өрісі тарылған жайылым – ауыл шаруашылығына қолбайлау

174 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдарды мемлекет иелігіне қайтару туралы тапсырмасы қоғамдық пікірді тағы да бір толқытып жіберді. Өйткені көптің көкейіндегі мәселе осы. Төрт түлігімен күн көрген ауылдағы ағайынға жайылым жетпейді. Мал жаятын өрістің көбі жекенің қолына өтіп кеткен.

«Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтардың иелігінде. Оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 млн гектар жайылым жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биыл жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтаруды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.

Мұның алдында Президент газеті­мізде жарияланған «Тәуелсіздік бәрі­­нен қымбат» мақаласында әр­бір қа­зақ­стандықты алаңдататын мәселелерге тоқталған. Елдің біртұ­тас­тығы жайында баяндай келе, еліміз­дің жері ешкімге сатылмайтынын, шетел­дік­тердің меншігіне берілмейтінін айтқан. Сондай-ақ биыл жер мәселесі жөнін­дегі комиссия құрылып, ауыл шаруа­шы­лығына арналған жерлерді тиімді пайдалану туралы нақты бір байлам жасалатынын жеткізген.

Естеріңізде болса, бұл мәселе 2019 жыл­дың желтоқсан айында да көтеріл­ген еді. Сол кездегі Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев «Жайылымдар туралы» заңда айтылған мәслелер тек қағаз жүзінде ғана қалып отырғанын айтып, Үкімет басшысына сауал жолдаған. Депутатқа берген жауабында Премьер-Министр Асқар Мамин арнайы жүр­гізілген талдаудың нәтижесі рес­публикадағы жекелеген ауылдық елді мекендерде, әсіресе оңтүстік өңір­лерде жайылым жердің тапшылығын көр­сеткенін, осыған байланысты «Жайы­лымдар туралы» заң шеңберінде ауыл-аймақтардың жайылым жерін қайтадан бөлу қарастырылып отырғанын атап өткен. Сондықтан Мемлекет басшысы жайылым мәселесін тектен-текке қоз­ғамаса керек.

2015 жылдың 2 қарашасында елі­міз­дің Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Құ­жаттың 24-бабына сәйкес, ауыл ша­руа­шы­лығы мақсатындағы жерлерді ше­тел­діктерге жалға беру мер­зімі 10 жыл­дан 25 жылға дейін ұзар­тыл­- ды.

Есесіне, осы уақытқа дейін жер телімін 49 жылға дейін жалға алып, шаруасын дөң­гелетіп отырған отандастарымыздың құқы шектелді. 2016 жылдың наурыз айында сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев сол жылдың 1 шілдесінен бастап, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 млн гектар жер аукцион арқылы сатылымға шығатынын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме халықтың наразылығын туғызып, бірнеше қалада жаппай қарсылық шаралары өтті. Елдің наразылығынан кейін жерге байланысты 14 маңызды шешім қабылданды. Онда жалға беретін телімдердің шекті көлемі анықталып, жерді пайдалану тәсілдері мен оны тиімсіз пайдаланған жағдайда мемлекетке қайтару туралы ұсыныстар енгізілді. Осылайша, қазақстандықтарға жерді 49 жылға дейін жалға беру нормасы сақталып қалды, «Жайылым туралы», «Жердің құнарлылығын арттыру туралы» құжаттар әзірленді.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жайы­лымдық жер мәселесі жерге қатыс­ты қордаланып қалған мәселенің бір бөлігі ғана екенін айтады. Оның пікірін­ше, жер саласындағы соңғы бес жылда жет­кен ең үлкен жетістігіміз – жеріміздің ше­тел­діктерге жалға берілмейтіні және сатылмайтыны. «Жерге қатысты мә­се­леге келгенде алдымен 2016 жылы шы­ғар­ған шешімдерді қайта қарап, ой еле­гі­нен өткізіп алуымыз керек. Сол кездегі комиссияның құзыреті жетпеген жайттарды күн тәртібіне қайта шығаратын сәт келді, соларды шешіп алсақ, жер дауын біраз тарқатқан болар едік», дейді Айдос Сарым.

Депутат 1990 жылдардың аласапыранын пайдаланып, жерге иелік етіп кеткен адамдардың аты-жөнін де халық білуі керектігін алға тартты. «Қазақстанда жерге қатысты ақпараттар құпия болмауы керек. Қазір ақпараттың заманы. Сондықтан қолында барда қонышынан басқандардың есімін анықтау қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Қарамағында 500 гектар жері бар тұлғалар кімдер екенін ел білуі тиіс. Жердің қандай шарттармен жалға берілгені де сол кезде айқындалып қалар еді», дейді депутат.

Белгілі қоғам қайраткері, экономист Қуаныш Айтаханов та Үкімет 2016 жылы жерге байланысты енгізілген ұсы­ныс­тарды қайта қарап, нақты шешім қабылдау қажеттігін айтты. «Кезінде жер телімдері қалай жекенің қолына өтіп кет­ті? Олар телімдерді қандай мақсатқа пай­даланды? Осы мәселелер көлденең қойылуы керек. Егер жер орынсыз бе­ріліп, мақсатсыз пайдаланылған болса, онда телімдер мемлекет меншігіне қай­та­рылуы тиіс».

 Экономист 1993 жылы қабылданған Жер кодексіндегі жер қоры туралы тар­мақ­ты да ерекше қаперде ұстау керектігін жеткізді. «Әсілінде осы тармаққа сай әрбір облыста, әрбір ауданда ашылған жер қорына мемлекет иелігіндегі жердің 40 пайызы берілуі керек еді. Үкімет пайдаланбай жатқан жер телімдерін осы қордың қарамағына өткізіп, жұ­мы­сын жаңғырту керек. Мұндай қадам жерге қатысты сенімсіздікті аз да болса сейілтер еді», дейді ол. Қ.Айта­ха­нов­тың сөзінше, 2016 жылы комиссия жеке тұлғаларға берілетін жер көле­мін нақтылап, Үкіметке ұсынған. Бірақ сол кездегі Үкімет қандай шешім шы­ғарғаны елге белгісіз. «Осы ретте жерді жалға аламын деген азаматтар мен жер қоры және аудан басшылары арасында келі­сімшарт түзілуі тиіс. Бұл шартта жер қандай мақсатқа игерілетіні нақ­ты­ланып, тараптардың міндет­те­ме­ле­рі айқындалуы керек. Егер құжат­тағы міндеттер орындалмаса, онда жер кері мемлекетке қайтарылатындай еткен абзал», дейді Қ. Айтаханов.

Экономист-сарапшының айтуынша, оңтүстіктегі ағайынды солтүстікке қоныстандыру мәселесін де жер арқылы шешуге болады. Ол үшін солтүстікке қоныс аударуға ниет еткендерге Үкімет уәде берген қосымша қаржымен қоса, бірнеше жүздеген гектар жер де жалға берілгені дұрыс. Сонда босап қалған аймаққа ел қондырсақ деген арман-жос­пар орындалады. Бұл үшін жобаны мемлекеттік бағдарлама деңгейінде қарастыру керек.

– Қазақ жерді игере алмайды деген бос сөз. Жерді сауықтырып, оны жөнімен пай­далана алатын азаматтарға жалға беру керек. Біз осы арқылы азық-түлік проблемасын да шеше аламыз, – дейді Қ.Айтаханов.

 2003 жылы қабылданған Жер кодексі ав­торларының бірі болған Тоқтар Есір­ке­пов бұл құжаттың бұрын­ғы заңдарға қара­ғанда ең басты айыр­машылығы – мемлекет ауыл шаруа­шы­лы­ғы жерлеріне тауар, жекеменшік нысаны ретінде танып, сатуға шығарғанын айтып берді. Жердің сатуға шығарылған себебі былайша түсіндіріледі: «90 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жері дұрыс пайдаланылмай жатыр. Жерді тиімді пайдаланудың бір ғана жолы бар, ол – жекеменшікке беру, жер­дің нақты иесі болмай, жердің құна­рын ешкім арт­тыр­майды. Оны өз мен­ші­гіндей қара­май­ды...».

– Әлемдік тәжірибеге қарасақ, жер мәселесі әр елде әртүрлі шешілген. Те­лім­нің жарты бөлігі жекеменшіктің қолына өтсе, бір бөлігі – мемлекеттің меншігінде. Сондықтан «тек қана жеке меншік құт­қарады, одан басқа жол жоқ» деген қағи­дат дұрыс емес, – дейді Т.Есіркепов.

Экономистер жер реформасы бас­тал­­ғалы бері жер құқығы өзгеріп отыр­ғанын айтады. Айталық, 1990 жыл­дар­дың бас кезінде жерді иеленіп алғандар жер үлесін соңына мұра­гер­лік­ке қалдыра алатын. Ал 1995 жылы жария­лан­ған жарлықтарда «жерді тұрақ­ты пайдалану» деген баптар пайда болды.

– Осыған орай шыққан Үкімет қаулы­сын­да «Жер жекеменшікке кетпейді, тек пайдалану құқығымен сатып алуға болады» делінген. Ал жерді тұрақты пайдалану құқығымен сатып алғандар 2003 жылы қабылданған Кодекс бойынша жерді заңдастырып алды, – дейді Тоқтар Есіркепов.

 Сол кездегі Үкімет басшылары 10-15 жылдың ішінде 10-15 млн гектар жер жеке меншікке сатылады деп болжам жасаған. Бірақ 1993 жылдан бергі 27 жылда 1-1,5 млн гектардан сәл асатын жер сатылған.

Осы ретте Т.Есіркепов оңтүстік өңір­лерде жайылымдық жерлердің тап­шы­лы­ғынан ауылдағы ағайын малын қораға байлап бағатын деңгейге жеткенін айтты. Мемлекет басшысы атап өткендей, жайылымдардың 99 пайызы – шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады.

Ресми мәліметке сүйенген Т.Есір­кепов елдегі ауыл шаруашылығы мақ­са­тындағы жердің 1,5 пайызы жеке­мен­шікке са­тыл­ғанын, ал 98,5 пайызы мемлекеттің қолында екенін, бірақ мем­лекет қолын­да­ғысынан айырылып қалғанын айтты. Оған Жер кодексін қабылдау кезіндегі «жерді пайдалану құқығымен сатып ал­ған­дарға жер тегін беріледі» деген өтпелі баптар жол берген. Осылайша ауыл шар­уа­шылығы мақсатындағы 4,5-5,5 млн гек­тар жер өзгенің қолына өтіп кеткен. Алайда бұл туралы еш жерде айтылып, не болмаса көрсетілмейді.

–Жер кодексін қабылдағанға дейін жерді бір түгендеп алайық дегенде ешкім құлақ аспады. Осыдан кейін жер мәсе­лесі шиеленісе түсті. Енді жерді тү­гендеу ісі ешқандай нәтиже бер­месі белгілі. Жер салығын өсіруден де пайда көретініміз шамалы. Ол үшін Үкі­мет экономикалық кадастр жасауы керек. Айналып келгенде, бұл да ауыл шаруа­шылығы жеріне инвентаризация жүргізуге келіп тіреледі. Сон­дық­тан ең дұрысы, қалған 46 млн гектар жайылымдық жерді Жер қорына тапсыру керек, – дейді Т. Есіркепов.

Кезінде жерді жекешелендіру науқа­ны тұсында ауылдық мекендерде 500-1000 га, облыстарда 200-500 мың га жерді иеленіп кеткен бұрынғы кеңшар бас­шылары мен облыс әкімдерінің қара­сы көп болғанын айтқан Т.Есіркепов соларды анықтау жөніндегі ұсыныспен Прези­дентке шыққалы отырғанын жеткіз­ді. «Ол жерлердің кімге берілгені туралы мәселе де тым күңгірт. Сондай-ақ еліміздің батыс өңірлеріндегі жекеменшікке өтіп кеткен жер телімдері – Каспий теңізінің қайраңында орналасқан. Ел ішінде «сол аймақтарда ірі мұнай көзі бар. Иелері сол үшін ұстап отыр» деген әңгіме тараған. Бұл мәселені де Үкімет жердің игерілмей жатқанын тексерген кезде ескеру керек, –деп сөзін түйіндеді экономист.

 

АЛМАТЫ