• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Ақпан, 2021

Тұрғындарды алаңдатқан мәселелер қалай шешілмек?

169 рет
көрсетілді

Тұрғындардың өтініші бойынша «Шығыс — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бахыт «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңеспен бірлесіп Өскемен қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 54 мекен-жайында тұратын пәтер иелерімен кезекті кездесу өткізді.

Кездесуге Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының, құрылыс бөлімінің, жылу жүйелерінің және ипотекалық компанияның өкілдері қатысты.

Көп қабатты үйде жүз алпыс екі пәтер бар. Алайда отызға жуығы әлі де бос. Себебі бұған дейін қоныс тойын тойлаған отбасылардың қуанышы ұзаққа созылмады. Көшіп келген күннен бастап тұрғын үй кешенінде олқылықтар пайда болды.

«Біз пәтер иелерімен үнемі байланыстамыз. Қаржыландыру мәселесі шешілсе, жөндейтін мердігер дайын. Әрбір пәтерге сараптама жасалады. Олқылықтардың орнын толтыруға бар күш-жігерімізді салатын боламыз», - деді ипотекалық компания өкілі Ренат Нысанов.

Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өкілінің сөзіне сүйенсек, сараптамалық-талдау жұмыстары ағымдағы жылдың 5 наурызында аяқталады.

Сондай-ақ жауапты сала өкілдері лифт қызметін 1-ші, 2-ші подъездерін алдағы күндері, ал қалған подъездердегі лифт қызметін ағымдағы жылдың 20 ақпанына дейін іске қосуға уәде етті.

Барлық сала өкілдерінің аталған мәселелерді шешуі бойынша уәделері жиын хаттамасымен бекітіліп, «Шығыс — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес өз бақылауында ұстайтын болады.