• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Ақпан, 2021

Қазақты кім киіндіріп жүр?

380 рет
көрсетілді

Еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласында түйткілді мәселе көп. Қазақстан тауарды көбіне сырттан тасиды. 2020 жылдың екінші жартысында шет мемлекеттен 144 млн доллардың киімі әкелінген. Елдегі нарықтың 80%-ын Түркия, Қытай, Италия, Бангладеш мемлекеттерінің тауары басып алған.

Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі са­ласындағы проблемалар шаш етек­тен. Кезінде тіпті «нарықтың қа­тал бәсекесіне икемі жоқ жеңіл өнеркәсіптен мүлде бас тарту керек шығар?» деп аптыққандар да болыпты. Бірақ бизнесмендер «хал­қын киіндіре алмаған, әскерін жабдықтай алмаған мемлекет ұзаққа бармайды» деген байламға тоқтап, аптыққандарды тәубеге келтірген көрінеді.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худованың пайымдауынша, осы саланы өркендету үшін ең алдымен, ішкі нарықты жетілдірген абзал. Өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемін ұлғайтуға күш салған жөн. Мысалы, жеңіл өнеркәсіпте жұрт­шылықтың сұранысы 9 па­йыз шамасында ғана өтеліп келген. Был­тырдан бері бұл көрсеткіш 12,1 пайызға жеткен. Негізінен, адамға аса қажетті, бірінші кезектегі тауарды көбіне сырттан тасимыз. Нарықтың 80%-ын Түркия, Қытай, Италия, Бангладеш мемлекеттерінің тауары басқан. Түркиядан келген тауар – 37,2 млн, Қытайдан келген тауар – 33 млн, Бангладештен келген тауар – 22 млн, ал Италия брэнді 10,8 млн долларды құраған. Бұл – өзбек пен түрікмен тауарларын қоспағандағы есеп.

«Қазақстан өзгелердің тауарын сатып алу арқылы Қытайға, Қыр­ғызс­танға, Түркияға инвестиция салып отыр. Елімізде аяқкиім, тігін, тоқыма бұйымдарының шикізаты шығарылғанымен, қайта өңделмейді, әзірге жеңіл өнеркәсібіміз тартымды болып отырған жоқ», дейді Любовь Худова. Оның айтуынша, өндірістік өнеркәсіп ішкі нарықтың емес, әлемдік нарықтың заңына бағынуы тиіс. Себебі қанша жерден ұлттық мүддеге салғанымен, Дүниежүзілік сауда ұйымы сапалы әрі арзан тауар алуға ынталы.

Сарапшылар кез келген салаға ас та-төк субсидия беретін кездің өткенін ескертіп отыр. Бірақ ішкі өндірісті жолға қоймай жатып, импортты суб­си­диялауға тыйым салу тауардың тап­шылығы мен қымбаттауына алып келеді. Осы ретте мамандар импортқа кеткен субсидияны отандық өндіріске бағыттау қажеттігін айтады.

Қырғыз, өзбек тігіншісінен қазақ кем түспейді. Бірақ қазір біздегі киім тігумен аты шыққан мекемелердің көбі – сән үйлері. Аты айтып тұрғандай, олар көбіне киімдерін атақтыларға, эстрада әншілеріне арнап тігеді. Әлбетте, оның бағалары да қымбат. Мысалы, Аида Қауменованың ұлттық брендтегі киімдері 120-300 мың теңге аралығында. Тіпті жұлдыздардың бір сән көйлегінің өзі бірнеше миллион теңгеден асып жығылатынын әлеуметтік желіден естіп, біліп жүрміз.

 Құралай Нұрқаділова, Лидия Досалина, Сәкен Жақсыбаевтың киімдері қарапайым халық үшін қол­жетім­сіз. Бағасы қымбат. Екін­шіден, отандық киім өндірісінде бәсеке жоқтың қасы. Заман талабына сай сәнді киімдер арзандау бағамен сатылса, тігін фабрикаларының тамырына да қан жүгірер еді. Бізде өз өнімдерін ішкі нарыққа ұсынып қана қоймай, шетелге экспорттап, басқа мемлекеттермен бәсекелесе алатын отандық мекемелер де бар. Мәселен, спорттық киімдер шығаратын «КазСПО-N», ерлер костюмдері мен мектеп формасын дайындайтын «Гласман», аяқкиім өндірумен айналысатын «Казлегпром – Алматы», әйелдер киі­мін шығаратын «Inspiration» ком­па­нияларының өнімдерін шетелге экспорттау жұмыстары ұйымдасты­рылды.

Бұдан бөлек, алматылық «Ажар», семейлік «Роза», тараздық ««ПОШ-Тараз», ақтөбелік «Сириус-Оптиум», оралдық «Девятко», шымкенттік «Гауһар» сынды отандық киім-кешек өнімдерін шығаратын компаниялар да бар. Бірақ олар танылып үлгерген жоқ немесе жарнамасы әлсіз.

Қазақстандық дизайнер Құралай Нұрқаділова Үкімет жеңіл өнер­кә­сіпке шындап көңіл бөлсе, отандық дизайнерлердің басым көпшілігі осы салаға ойысуға дайын екенін жеткізді.

Демек, қолынан іс келетін шебер­ле­рімізді мемлекет тарапынан ынта­лан­дыру шараларын қолға алу қа­жет. Әйтпесе қазақты киіндіруге тек Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер ғана емес, өзбек те ынта білдіре бастады.

 

АЛМАТЫ