Елдегі бөлшек несиелеу көлемі күрт төмендеген. 2019 жылы оның көлемі 20 пайыз болса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша небәрі 9 пайыз өсім көрсеткен. Бірінші кредиттік бюро мәліметі бойынша, 2020 жылы бөлшек несие портфелі 7,1 трлн теңгені құраған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өсімге серпін берген басты фактор – автокөлікті кепілге қою займдары. Бұл сегмент 22 пайызға өсіп, 707 млрд теңгеге жеткен. Ал кепілсіз займ көлемі еш өзгеріссіз қалған – 3,8 трлн теңге. Несие картасы портфелі де анау айтарлық өзгеріске ұшырамаған, жыл қорытындысы бойынша 222,7 млрд теңге болыпты. Ал кепілмен берілетін тұтынушылық займдар жыл санап төмендеп бара жатыр. Ондай несиелер портфелі 2019 жылмен салыстырғанда 4 пайызға төмендеп, 528 млрд теңгені құраған. Бұл ретте ипотекалық несие көлемі 1,9 трлн теңгеге жетті.
– 2020 жылы бөлшек несие бойынша 4,1 трлн теңге берілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 90 млрд теңгеге аз. Кепілсіз несие де азая түсті. Біз объективті себептерді түсінеміз. Былтырғы карантин және басқа да факторлар бұған әсер етті, – деді Бірінші кредиттік бюро атқарушы директоры Әсем Нұралиева.
Оның айтуынша, несие беру деңгейі тек күзде ғана қалпына келіп, сәл де болса аз төмендеген. Кепілсіз несие бойынша қарыздар көлемі 11 пайызға құлап, 2,4 трлн теңге болған. Қазақстандықтар 1,1 трлн теңгені ипотекалық займ ретінде алған. Бірінші кредиттік бюро дерегінше ипотеканың 80 пайызға жуығы мемлекет есебінен беріліп жатыр.
Бөлшек және бизнес-несие нарығы бойынша несие берешегі, банк, микро қаржы ұйымдары және басқаларын қоса алғанда, 2020 жылы 21,7 трлн теңге болыпты. 2019 жылмен салыстырғанда 1,3 трлн теңгеге, яғни, 6,5 пайызға өсім байқалады.
Осыдан аз күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова 2020 жылы экономиканы несиелеу 5,5 пайызға көбейіп, 14,6 трлн теңгені құрағанын айтқан еді. Дағдарысқа қарамастан шағын және орта бизнесті (ШОБ) несиелеу 7,1 пайызға немесе 4,2 трлн теңгеге өскен. Сондай-ақ президент тапсырмасымен ШОБ-ты жылдық 6 пайызбен субсидиялау механизмі қолға алынғаны белгілі.
Сондай-ақ Әбілқасымова 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдегі барлық микро қаржы ұйымдарын (ломбар, онлайн-несие компанияларын қоса алғанда) лицензиялау басталғанын, бұл бастама олардың ашықтығы мен жауапкершілігін қамтамасыз ететінін мәлімдеген.
Агенттік басшысының айтуынша, былтыр мерзімі өткен несие деңгейі 8,1-ден 6,8 пайызға азайған. Бірінші кредиттік бюро басшысы Руслан Омаровтың сөзінше, қазақстандықтардың банкке қарызы 15,9 трлн, микро қаржы ұйымдарына қарызы 456 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде қарыздың 16 пайызын 50 АЕК және 45 күн мерзімге дейін берілген микрозаймдар құрайды.
2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 1,9 млн экономикалық белсенді халықтың несиесі жоқ. 2020 жылы 420 мың қазақстандық алғаш рет несие рәсімдеген.
– 138,8 млрд теңге – тұңғыш рет несие алған қазақстандықтардың қарыз мөлшері. Азаматтардың 85 пайызы банк, 15 пайызы микро қаржы ұйымы арқылы несие рәсімдеген. Бөлшек несиедегі портфель сапасы 0,4 пунктке күшейіп, NPL (кешіктірілген қарыз) 10,9 пайыз болды. Алайда несиелік денсаулық индексі 68-ден 62 пайызға нашарлап кетті. Бұл көрсеткіш келесі жылы несие төлеу ықтималдығы жоғары қарыз алушылардың үлесін көрсетеді, – дейді Әсем Нұралиева.
Деректерге қарап отырып былтыр жеке тұтынушылық несиелердің азайып, керісінше, бизнестің банктерден жиі қарыз алғанын байқаймыз. Екінші деңгейлі банктер мен микро қаржы ұйымдарындағы кәсіпкерлік субъектілерінің қарызы 14,5 трлн теңгені құрайды. Әсіресе, жеке кәсіпкерлердің займдары 723 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға өсім көрсеткен.ф