Президент поштасынан
Мемлекет басшысының атына Солтүстік Қазақстан облысында тұратын соғыс және еңбек ардагерлері А.Х.Рижскихтен, Ж.Ғ.Ысқақовтан, Д.С.Сапаровтан, С.Ф.Башкировтан, С.М.Пресняковтан, Г.В.Кухарьдан, А.Ш.Кәкеновтен, Х.Жүнісовтен, А.С.Решетняктан жеделхат келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Ардагерлер “Шығыс-Батыс” институты тағайындаған Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығының Қазақстан Президентіне тапсырылғаны туралы хабарды зор қуанышпен қабылдағандарын жазады.
Жеделхатта былай делінген: “Біз ұлтаралық келісім мен төзімділікке негізделген қазақстандық даму жолын бүкіл әлем мойындап отырғанын мақтан етеміз. Бұл Қазақстан халқының және оның Президентінің бейбітшілікті сақтауға және халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесіне айрықша құрмет белгісі. Бұл сондай-ақ бейбітшілік үшін күресіп жатқандарға деген шынайы ризашылықтың көрінісі.
Сіз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біз үшін жанқиярлықтың және өз Отанына деген сүйіспеншіліктің өнегесі болып табыласыз!
Сіз біздің көшбасшымызсыз – болашақ ұрпақтарға өнегесіз!
Біздің барлық жетістіктеріміз Сіздің есіміңізбен байланысты.
Ардагерлердің атынан Сізді Сыйлықтың тапсырылуымен құттықтай отырып, мықты денсаулық, бақыт, Сізге және Сіздің отбасыңызға бақ-береке және Қазақстан халқының игілігі жолында бұдан былай да табыстар тілейміз”.