13 ақпаннан бастап «темір тұлпар» иелері жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу құжаттарын өзімен бірге алып жүрмесе де болады. Яғни енді жүргізушілер бұл құжаттарды өздерімен бірге алып жүрмегені үшін айыппұл арқаламайды. Осы жөніндегі жаңа норма енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңға Мемлекет басшысы 1 ақпанда қол қойған болатын.
Енді жол сақшылары жалғыз-ақ құжат – жүргізушінің жеке куәлігі арқылы өздеріне қажетті барлық мәліметті ІІМ-нің бірыңғай компьютерлік желісінің электронды базасынан тексере алады. Ал егер полиция қызметкері осы құжаттардың бірін көрсетуді талап етсе, жүргізуші 102-ге немесе ішкі істер органдарының өзіндік қауіпсіздік бөлімшелеріне хабарласып, әкімшілік хаттамаға қатысты сотқа жүгінуге құқылы. Бұл жөнінде ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов: «Жаңа заң нормалары әрбір полиция қызметкеріне егжей-тегжей түсіндірілгендіктен, мұндай жағдай болмайды», деп қайырды.
Алайда бір нәрсені ескерте кеткен жөн. Заңдағы бұл түзетулер шетелдік көлік иелері мен жүргізуші куəлігін өзге елдерден алғандарға қатысты емес. Себебі олар үшін қос құжатты өздерімен бірге алып жүру, талап етілген жағдайда көрсету міндетті болып қала береді. Сондай-ақ жаңа норма жүргізушілерге арналған куəлік пен техникалық паспорт енді мүлде берілмейді дегенді білдірмейді. Құжаттар бұрынғы тәртіппен беріле береді. Себебі олар жүргізушілерге шетелде жол жүруге, жұмысқа орналасқанда, сондай-ақ көлігін сатқанда қажет болады. Ал елімізде жыл сайын 500 мыңға жуық жүргізуші куəлігі мен 1,5 миллионға жуық техникалық төлқұжат берілетінін ескерсек, жаңа заң талабына сай құжатсыз жүру міндеті алынып тасталғанымен, халықты құжаттандыру қызметі қалатынын түсінгеніміз жөн.
«Жол жүрісі туралы» заңның 54-бабындағы бұл өзгеріс жол сақшылары үшін артық қағазбастылықтан арылудың бір жолы болса, «ұмытшақ» жүргізушілер үшін жөнсіз айыппұл төлеуден құтқаратын жаңашылдық екені сөзсіз. Себебі өткен жылы жүргізуші куəлігі мен көлігінің төлқұжатын өздерімен бірге алып жүрмегені үшін 167 мыңға жуық жүргізуші жауапкершілікке тартылса, оның 147,8 мыңына ескерту жасалған. Ал айыппұл арқалағандар саны 18 мыңнан асып жығылады.
Қабылданған заң талаптарына орай қазіргі таңда еліміздегі жол сақшыларын техникалық жарақтандыруға, қажетті құралдармен қамтамасыз етуге де ерекше мән беріліп отыр. ІІМ мәліметінше, бүгінде жол-патрульдік полиция құрылымы «Əкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» жүйесі орнатылған 17 мыңнан астам планшетпен толық қамтамасыз етілген. Жол сақшылары осы құрылғының көмегімен жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімін, сақтандыру полисін, тіпті азаматтың бұрын-соңды жүргізу құқынан айырылған-айырылмағанын, криминалдық есепте бар-жоғын да тексере алады. Планшеттегі «Əкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» жүйесі көлікке қатысты да толық ақпаратты көрсетіп береді. Мәселен, жол сақшысы көліктің мемлекеттік нөмірін енгізгенде, оның тіркелген нөмірі, иесі, маркасы мен моделі, сериясы мен түсі, VIN коды, сондай-ақ қайта жабдықтау туралы ақпаратты көрсететін арнайы белгілері автоматты түрде шығып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, полиция қызметкері планшет арқылы көлік пен оның иесіне қатысты кез келген мәліметтің заңдылығын тексере алады. Тексеруге бар-жоғы 3-5 минут уақыт кетеді.
Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, азаматтардың өмірін жеңілдетуге бағытталған мұндай заң бірнеше елде ғана бар екен. Солардың бірі – Грузия жүргізуші куәлігінсіз жүруді осыдан он жыл бұрын, яғни 2011 жылдың 1 қазанынан заңдастырып қойған. Ал Польша – 2018, Латвия 2019 жылдан бастап, азаматтарынан өзімен бірге жүргізуші куәлігі мен техникалық паспортын алып жүруін талап етпейтін болған.
Көлік саласындағы заңнаманы жетілдіру үшін енгізілген жаңа норманы еліміздегі цифрлы құжат айналысына енгізілген тағы бір жаңашылдық деуге болады. Себебі цифрландыру дәуірінде қажетті ақпараттық инфрақұрылым, тиісті деректер базасы бар кезде, бүкіл әлем «цифрлы жүйеге» асығып жатқанда біздің шетте қалып қойғанымыз жарамайды.