• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 11 Ақпан, 2021

Құны құбылған «қара алтын»

559 рет
көрсетілді

Мұнай бағасы көтерілді екен деп арзандап жатқан бензин, нығайып жатқан теңге жоқ. Сонда да өзіміз саудаласып жатқандай биржа жаққа елеңдеп отырамыз. 9 ақпанда Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың сәуір фьючерстерінің бағасы 0,76 пайызға көтеріліп, барреліне 61,02 долларға жетті.

Мұнай бағасы өссе, теңге нығаяды

Сарапшылар мұнай бағасының қымбаттауына себеп болған басты фактор – ОПЕК+ келісімі деп есептейді. Бұл бойынша мүше-мемлекеттер 2021 жылдың ақпан айынан бастап өндірісті тәулігіне 1,4 млн баррельге дейін қысқартқан еді. Тараптар бұл уағданы 2021 жылдың наурыз айына дейін қатаң сақтайды. Бұл шектеу нарықтағы ұсыныс пен сұраныс көлемінің теңесуіне әсер етпек. Сөйтіп, олар нарықтағы мұнай бағасын күрт құлдыраудан сақтап қала алады.

– Альянс мүшелері мәміленің тиімділігін жоғары бағалайды және осы саладағы өз әрекеттерін үйлестіруді жалғастыруға ниетті. Соңғы күндері ОПЕК + сарапшыларының қайта қаралған болжамы мұнай бағасына қолдау көрсетті. Мамандар 2021 жылы әлемдік нарықта мұнай тапшылығы сақталарына сенімді. Ең жоғарғы тапшылық деңгейі мамыр айында қатты сезіліп, тәулігіне 2 млн баррель болады, – дейді ресейлік RT басылымына пікір білдірген «БКС Мир инвестиций» сарапшысы Игорь Галактионов.

Shanghai University of Finance and Economics университетінің магистрі, экономист Оразбек Мырзақұл баға 65 долларға дейін көтерілуі мүмкін екенін жеткізді.

– Вакцинаның таралуы және оны мемлекеттік деңгейдегі басшылардың салдыра бастауы баға өсіміне әсер етті. Одан кейінгі негізгі фактор – ОПЕК+ келісімі. Ірі өндіруші Сауд Арабиясының өндірісті 1 млн баррельге дейін қысқартуы әлемдік нарықта ұсыныстың азаюына әкеледі. Экономиканы қалпына келтіру, бизнесті қолдау факторлары аясында мұнайға сұраныс өсе бастады. Кемінде жарты жыл мұнай бағасы 50-60 доллар аралығында болады. Кішігірім өсім көрсетіп, 65 долларға дейін баруы мүмкін, - дейді экономист.

Оның айтуынша, мұнай бағасының өсуі теңгені сәл де болса нығайтады. Ал нығайған теңге инфляцияны тежейді.

– Егер теңге мықтырақ болса, қазір 100 теңгеге сатып алған нанды бес айдан соң да 100 теңгеге сатып аласыз. Яғни қымбатшылық болмайды. Екіншіден, бізге сырттан келетін тауарлар бағасы төмендейді. Мықты теңге – әлсіз шетелдік валюта деген сөз. Яғни біз тауарды шетелдік валютамен аламыз және оны теңгемен сатамыз. Бұл жерде ритейлерлер ұтады. Халық үшін де тиімді болады,  дейді сарапшы. 

Жақсы тұтынушы – жарты табыс

Індетті өз ауласынан ұзатып салып, өзгелер түшкіріп-пысқырып жатқанда экономикасын жайнатып сала берген Қытай құдіретіне қайтіп таңғалсақ та жарасымды. Мұнай бағасының өсуіне себеп болған тағы бір жағдай – Қытай тарапынан сұраныстың күшеюі. Bloomberg агенттігінің дерегі бойынша, 5 ақпанда қытайлық порттарға 250 млн баррельден астам мұнай тиеген танкерлер аттанған. Қытай соңғы рет мұндай ірі көлемдегі мұнайды WTI маркалы мұнай бағасы күрт құлдыраудан сәл бұрын сатып алып, өз қорын аузы-мұрнынан шығарып толтырған екен.

EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарёв егер Қытай басқалардан бұрын экономикасын қалпына келтіріп үлгермеген болса мұнай бағасы қазіргіден де төмен болар еді дейді.

– Қазақстан келер жылға бюджетін бекіткен кезде классикалық сценариймен орташа баға 35 доллар болады деп болжады. Пессимистік сценарийде ол 25 доллардан да төмен. Егер Қытай өзге елдер сияқты әлі күнге еңсесін тіктей алмай отырған болса бұл сценарий шын мәнінде орындалушы еді. Қытай – ірі тұтынушы, – дейді А.Чеботарёв

Экономист Оразбек Мырзақұл Қытай жақын арада тұтынушылық деңгейін төмендетпейді деп есептейді.

– АҚШ әлемдік мұнай тұтынудың 20 пайызын алса, Қытайдың үлесі 15-17 пайыз аралығында. Қытай мұнай сұранысына әсер ете алатын ең үлкен ойыншы. Жалпы, әлемде мұнайдың 35 пайызы жол инфрақұрылымына пайдаланылады екен. Ал Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» атты аса ірі халықаралық жобаны жүргізіп жатқанын білеміз. Сондықтан олардың мұнайды тұтынуы жақын арада кеми қоймайды, – дейді О.Мырзақұл.

Былтыр қарашада ел үкіметі тәуелсіз мұнай өңдеу зауыттарына 2021 жылғы импорт үшін тәулігіне 4,88 млн баррельге (244 млн тонна) рұқсат берген. Соның әсерінен болар қаңтарда Қытайға тәулігіне 12 млн баррель мұнай жеткізілген. Елдің мұнай өңдеу қуаттылығы соңғы бес жылда тәулігіне 2,7 млн баррельге дейін өсіпті. Мұндай қуаттылық пандемия кезіндегі сұранысты қамтамасыз еткен. Әрине, бұл жағдай ел экономикасының жылдам қалпына келуіне де орасан септігін тигізген.

 Дегенмен Қытайдың өзі соңғы уақытта «қара алтын» өндіруге құлшынып жүр.

– Соңғы уақытта өздері де бағаның төмендеуін, қатпарлы мұнай компаниялары акциясының құлдырауын пайдаланып, қатпарлы мұнайды қатты дамыта бастады. Осы мақсатта былтыр өте көп технологиялар сатып алды. Алдағы уақытта мұнай өндірісін арттыратын болса жағдай өзгеруі ықтимал, – дейді экономист А.Чеботарёв.

2025 жылға таман бұл ел қатпарлы мұнай өндірісін тәулігіне 200 мың баррельге жеткізуі мүмкін. Елде қатпарлы мұнайдың 32 млрд баррель қоры бар деп болжанады. 2020 жылы Қытай 61,83 млн тонна мұнай өнімдерін экспорттаған.

 Алдағы болжам қандай?

Аз уақыт бұрын АҚШ Қаржы министрлігі энергетикалық ақпарат басқармасы жыл сайынғы баяндамасын жариялап, 2050 жылға таман Brent құны барреліне – 173 долларға барады деп болжады. Базалық сценарий бойынша – 95, пессимистік сценарий бойынша – 48 доллар деп көрсетілген.

Еске салсақ, Brent құны тарихтағы рекордтық деңгейге 2008 жылы шілдеде жетті: барреліне – 147,5 доллар. Былтыр коронавирус алқымнан алған сәтте 20 доллардан төмен түсіп кетті.

Пандемия бәрібір мұнай бағасының еркін шарықтауына мүмкіндік бермейді, дейді сарапшылар. Дегенмен COVID-19-ға қарсы вакциналардың сәтті ойлап табылып, халыққа егіле бастауы «қара алтын» құнын барреліне 70 долларға дейін қымбаттатуы мүмкін. Андрей Чеботарёв болса, экономиканың қалпына келуі үздіксіз жалғасқан жағдайда ғана қазіргі баға сақталуы мүмкін деген ойын айтады.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының хабарлауынша, АҚШ-тың экономиканы қалпына келтіру мақсатында 1,9 трлн доллар бөлуі де мұнай бағасының өсуіне екпін қоспақ.

Ұлттық банк экономиканың қалпына келуі коронавирус жағдайына тікелей тәуелді деп мәлімдеді.

– Вакцинаның тиімділігі туралы оң мәліметтерге қарамастан, бірқатар қауіпті факторлар сақталып қалып отыр, олар: вирустың жаңа, неғұрлым жұқпалы штаммдарының пайда болуы, вакциналаудың баяу жүруі, екпелермен қамтамасыз ету мен өндірудегі қиындықтар, бір сөзбен айтқанда – «вакционализм». Дегенмен, мұнай нарығындағы ахуал жақсарып келеді. Ақпан айының басынан бастап Brent маркалы мұнай бағасы 55,9 доллардан 59,8 долларға дейін немесе 7 пайызға өсті. Алайда мұнай өнімдеріне деген сұраныс баяу қалпына келеді. Өйткені әуе қатынасын қалпына келтіру және автомобильмен жүру үшін әлі ұзақ уақыт бар, – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Оның айтуынша, ОПЕК+ келісімінің сақталуы баға белгілеу үшін әлі де маңызды. Өндірушілер өзара келіспей өндірісті арттырып жіберсе, онсыз да сұраныс әлсіз қалпына келіп жатқан кезде нарықта артық мұнай пайда болып, оның соңы сұраныстың әлсіреп немесе мүлде тоқырап қалуына әкеліп соғуы ықтимал.