Еліміздің шаруалары егіс алқаптарын құрғақшылықтан сақтандыра алады. Оны үйден шықпай-ақ интернет арқылы жасауға мүмкіндік бар. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба арқылы Qoldau.kz порталына кірсе болғаны. Сақтандыру құнының жартысын мемлекет төлейді.
Онлайн сақтандыру өткен жылы басталып, жақсы нәтиже көрсетті. Мысалы, фермерлерге 535 млн теңгенің сақтандыру төлемі берілді. Сақтандыру жағдайы туындағанын комиссия мүшелері емес, спутниктік мәліметтерге негізделген ақпараттық жүйе анықтады. Бұл сақтандыру төлемі механизмінің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етті.
Агросақтандыру саласындағы оператор - «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес компаниясы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры. Мемлекет оператор арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сақтандыру сыйақысын төлеуге арналған шығындардың бір бөлігін өтейді.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Сақтандыру департаментінің директоры Әсел Рамазанованың айтуынша, биыл агросақтандыру шығындарын субсидиялауға 3,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Барлық сақтандыру процесі «Agroinsurance» сервистік жүйесі орналасқан Qoldau.kz платформасында іске асырылады. Қазақстандық сақтандыру компаниялары өз тәуекелдерін әлемдік нарықта айрықша орны бар Swiss Re, Munich Re және Hannover Re сияқты ірі халықаралық компаниялар арқылы қайта сақтандырады.
Сақтандыруға дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері, сұлы) және майлы дақылдар (күнбағыс, рапс, зығыр) жатады. Айта кетейік, егіс алқаптарын Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, облыстарының шаруалары сақтандыра алады.
Егіс алқабын сақтандыру үшін шаруа не істеу керек:
электронды цифрлық қолтаңба арқылы сайтқа тіркелу; жеке кабинетке кіру; тізімнен тәуекелі басым сақтандырылуы тиіс егіс алқабын таңдау; сақтандыру компаниясын таңдау (Жусан Гарант, Виктория, Номад иншуранс); сақтандыру құнының 50 %-н төлеу.Осы қарапайым процедуралардан кейін фермер күн сайын жеке кабинеті арқылы топырақтағы ылғал деңгейін бақылауға мүмкіндік алады. Ол үшін үнемі онлайнда болудың қажеті жоқ. Егер жүйе ылғал жетіспеушілігін немесе артық мөлшерін тіркесе, фермер электронды поштасы арқылы хабарлама ала алады. Осыдан кейін электронды цифрлық қолтаңба арқылы төлем өтінішіне қол қоюы керек.
Барлық процесс автоматтандырылған және сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру жағдайы тіркелген сәттен бастап 15 жұмыс күн ішінде төлем жасалады.
Ылғал тапшылығынан сақтандыру жағдайы орын алуы мүмкін тәуекелдерді сақтандыру индексі үш кезеңді қамтиды. Бірінші кезең: 15 мамырдан 14 маусымға дейін, екінші кезең: 15 маусымнан 14 шілдеге дейін және сақтандыру арқылы қорғанудың үшінші кезеңі: 15 шілдеден 14 тамызға дейін. Осы кезеңдердің әрқайсысы үшін жүйеде өз триггерлері қойылады. Яғни, сақтандыру жағдайы іске қосылатын нүктелер мен кезеңдердің әрқайсысына төлемдер қарастырылған. Топырақтағы ылғал деңгейін анықтаудың толық процесі, триггерлер мен басқа да параметрлер шаруаның жеке кабинетіне жіберіліп тұрады.
Қазақстанның көптеген аймақтарында түскен қардың және топырақтағы ылғал қорының аздығын ескере отырып, сарапшылар биыл жазда құрғақшылық болады деп болжап отыр. Қор мемлекеттік субсидия есебінен қолдау білдірілетін құрғақшылықтан сақтандыру механизмі шаруаларға үлкен көмек болатынына сенімді.