Тәжікстан Жоғарғы соты Сириядағы қарулы қақтығыстарға қатысқан елдің бес азаматын екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
«Қамауға алынған бесеуі де Сирия халықаралық университетінде оқып жүрген студенттер екен. Айыпталушылар өз еріктерімен үкіметке қарсы күштердің қатарына өтіп, соғыс қимылдарына қатысқан, – деп мәлімдеді Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі. – Олар елге оралған кездерінде қамауға алынып, өз кінәларын толық мойындады». Оларға «қылмыстық ұйымның немесе өзге қарулы топтардың қызметіне қатысты» деген айып тағылды. «Айыпталушылардың өз еріктерімен кінәларын мойындауларына байланысты сот үкімі жеңілдетілді», – дейді арнайы қызмет өкілі.
Тәжікстан күштік құрылымдарының ақпары бойынша, Сириядағы соғыс қимылдарына елдің 150-ден астам азаматы қатысуда. Олардың көбісі Сирия аумағына басқа ел арқылы кірген немесе сол елдегі жоғары оқу орындарында білім алып жүрген жастар көрінеді.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com
Фото: Interaffairs.ru