Атырауда ПТР-тест сынамасын тапсыруға ниеттілер қатары көбейе түсті. Мәселен, 9 ақпанда 6 391 сынама тапсырылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл – пандемия басталғалы бері елімізде бір тәулікте тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Бұған дейінгі тәуліктік жоғары көрсеткіш биылғы 6 қаңтарда тіркелген еді. Сол кезде 6 081 сынама алыныпты. Қазір өңірде 12 ПТР-тест зертханасы жұмыс істеп тұр. Былтырғы наурыздан бері аталған зертханаларда 666 мың ПТР-тест сынамасы жүргізілді.
Ал ауруханаларда 7 оттегі стансасы іске қосылды. Бұрын мұндай орталықтандырылған оттегі стансасы облыстық перинаталдық орталықтың базасында ғана болған екен. Алайда былтырғы коронавирус пандемиясының бірінші кезеңінде ауруханаларды оттегі стансасымен қамту қажеттігі байқалды. Осыған орай облыстық кардиологиялық орталық пен облыстық ауруханада, Атырау қаласындағы жаңа модульдік инфекциялық ауруханада, Құрманғазы мен Қызылқоға аудандық ауруханаларында орталықтандырылған оттегі стансасы жұмысын бастады.
Енді биыл №2 облыстық ауруханада да жабдықталған оттегі стансасы ашылды. Облыстық аурухананың директоры Ербол Иманғалиевтің айтуынша, стансалар автоматты түрде басқарылып, өздігінен оттегі өндіреді.
– Бұған дейін ауруханада дербес оттегі тасымалын жүзеге асыратын нүктелер болған еді. Бұл өткен жылғы жаздағы пандемия өршіген тұста аздық етті. Сол себептен қос өкпесіне ауа жетпей қиналған әр науқасқа оттегі баллонын қолдануға мәжбүр болдық. Енді біз мұндай мәжбүрліктен құтылдық. Оттегі стансасының қуаты науқастарды толық қамтуға жетеді, – дейді Е.Иманғалиев.
Ауруханадағы оттегі цехы кислород тарататын 360 нүктені қамтамасыз етіп тұр. Тіпті электр энергиясы өшкен жағдайда оған қосымша генератор пайдаланылмайды. Өйткені оттегі стансасының қуаты мен қысымы үш күнге дейін сақталады. Қазір инфекциялық стационарда коронавирус инфекциясымен ауруы асқынған науқастар жоқ. Дәрігерлер оттегіні жансақтау бөлімінде ғана пайдаланады.
Биыл осындай оттегі стансасын Индер аудандық ауруханасы мен Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында салынып жатқан модульдік инфекциялық ауруханада іске қосу жоспарланып отыр.
Атырау облысы