• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Ақпан, 2021

Ерекше балаға – ерекше қамқорлық

665 рет
көрсетілді

Қостанайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен ерекше қажеттілікке ие балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығы ашылды. Мұнда аутизм, БЦП және Даун синдромына шалдыққан балалар емделетін болады.

Орталықтың тренажер залы, әлеуметтік-тұрмыстық бөлмесі, компьютер сыныбы бар.

– Ең бастысы, мұнда емдеу-дене шынықтыру кешені бар. Мұнда кішкентай балғындар кәсіби инструктордың көмегімен бір арбадан екінші арбаға ауысуды, еңбектеуді үйренеді, сондай-ақ арбаны және өз денесін басқару дағдысына машықтанады. Жат­тығулар жұмсақ кілемнің үс­тін­де өтеді, – деді орталықтың әлеу­меттік мәселелер жөніндегі ма­маны Марат Айтбаев.

Оңалту орталығының арнайы спорт залы да бар. Мұнда Қостанай облысының паралимпиадалық спорт түр­ле­рі федерациясы мүм­кін­дігі шек­теулі балалар мен жас­өс­пі­рімдерге арнап 6 үстел тен­ни­сін, пауэрлифтингпен ай­на­лы­суға арналған спорт құ­рал­да­ры мен екі сәкі, жүру дағ­дысын қалыптастыратын жат­ты­­ғу құрылғысын әкеп орнатқан. Спорт залдың бір бұрышында 8 кәсіби би арбасы тұр. Орталық мамандарының айтуынша, спорт зал 25 балаға арналған. Мұның сыртында, ерекше мұқтаждыққа ие балаларды тәрбиелеп отырған 25 анаға қызмет көрсете алады.

– Сәуір айының соңына таман «Қолымнан бәрі келеді» деп атала­тын турнир өткізуді жоспарлап отырмыз. Орталыққа келіп жүр­ген балалардың бұл жерден не үйренгені сол жарыс­та белгілі болады. Ал мамыр айында аналар мен балаларды «Хатико» демалыс орнына апарамыз. Табиғат аясына шыққан балалардың белсенділігі артып, моральдық жай-күйі жақсарады. Әрі қарай облыс көлеміндегі ерекше балаларды іріктеп алып, спорт секциялары мен үйірмелерге тартуды көздеп отырмыз. Бейімдеу орталығы, ең алдымен, әр балаға өзіне ұнайтын, қолынан келетін спорт түрін таңдап, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік береді, – деді «Үміт-Надежда» қоғамдық қорының директоры Дүйсенғали Оспанов.

Ерекше балаларға есігін айқа­ра ашқан оңалту орталығына алғаш келген ата-ананың бірі – қостанайлық Валентина Несте­ре­ва. Ұлы 13 жаста, туабітті це­ре­балды сал ауруымен, яғни БЦП-мен ауырады.

– Денсаулығы сәл де болса жақ­сарып қалар деген үмітпен баламды талай жерге арқалап апардым. Осы қаладағы спорт секциялары мен үйірмелердің бәріне апарып шықтым. Енді, міне, бейімдеу орталығындағы арнайы кешенде балама керектің бәрі бар. Ең бастысы, ұлымды ерекше балалармен қалай жұмыс істеу керек екенін жақсы білетін кәсіби мамандар жаттықтырады. Сондай-ақ, балама қажет қызмет түрлері мен оңалту шараларын да бір жерден аламыз, – деді В.Нестерова.

Оңалту орталығында сан саланы меңгерген білікті мамандар жұмыс істейді. Ғимаратта ба­ла­лар­ға арналған бірнеше ойын бөлмесі бар. Мысалы, бір бөл­ме­дегі маман балалардың ой­­лау қабілетін дамытумен ай­на­­лысса, екінші бөлмеде қимыл-қоз­ғалысқа дағдыландыру ойындары өте­ді.

Қостанай облысы