• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Ақпан, 2021

Ғаламтордағы балалық

1236 рет
көрсетілді

Адам өміріндегі алтынға айырбастамас айрықша сәт – балалық шақ. Кез келген пенденің пешенесіне жазылатын періште пейілді пәк кездің қызығы көп, қызуы от күндері қаншама?! Бүгінгі балдырғанның балалық баяны қалай өтуде.

Павлодарлық ақын Алпысбай Хонж смартфонның бала психологиясына теріс әсер ететінін байқаған. «Ғылым мен технологияның да­мыған заманында телефонға тел­мір­ген қоғам ғаламтор мен смартфонсыз өмірді елестете алмайтын сы­ңайлы. Еңбектеген баладан ең­кейген қартқа дейін телефонға шұқ­шиятын болдық. Бұғанасы қатпаған жеткіншектерді былай қойғанда, ақыл тоқтатқан үлкендердің өзі теле­фонсыз өмір сүре алмайтындай күйге жеттік. Өз басым ата-ана ретінде смартфонның бала пси­­хологиясына теріс әсер ететінін бай­­қадым. 1-сынып оқитын ұлым план­шеттен түрлі ойындар ойнайды. Көп ойнаған сәтте қолынан план­шетін алып қойсаңыз, ашуланады, күйгелектеніп тамағын да дұрыс ішпейтін болды», дейді ол.

Иә, мұндай жағдай кез келген үйде кездесетіні белгілі. Те­лефонға тәуелді болып қалған ба­лақай сырт өмірге сығалап қана қарай­ды. Басында баласының теле­фон ұстап, оның ішіндегі түрлі функцияларға өзі кіріп үйренгеніне қуанған ата-аналар, енді сол баласынан смартфонын қайтып ала алмай қалғанына қапаланып жүр­­ген­дері бар. Алпысбай ба­ласы­ның басындағы жағ­дай­ды қа­лай шеш­кенін де айта кетті.

«Ақырында планшетті тығып тастап, ойын ойнауды мүлдем шек­тедік. Қазір сабағын уақытында қарап, тамағын да дер кезінде ішіп жүр. Биылғы карантиндік шектеу­лер кезінде телефон оқушыларға онлайн режімде сабақ оқуға мүм­кіндік берді. Бұл – құптарлық дү­ние. Жалпы, интернетте үйренетін де жи­ренетін де дүниелер көп. Ба­ла­ларға тек керектісін ғана көр­сеткен жөн. Әрбір ата-ана ба­ла­сының ғаламтордан не көріп, не біліп, қандай ойын ойнап отыр­ға­нын, әлеуметтік желілерде кім­дермен тілдесіп жүргенін қатаң бақы­лағаны дұрыс. Тик-ток секілді уа­қытты босқа алатын, балаға еш­қандай да пайдасы жоқ бос дүние­мен айналысуды доғару керек. Ес­теріңізде болса, осыдан біраз уа­қыт бұрын мемлекеттік қыз­мет­шілерге смартфон ұстауға шектеу қою туралы шешім қабылданған еді. Осындай шектеулер мектеп оқушылары үшін де енгізілсе екен деймін», дейді ол.

Алысыңды жақындатып, ескі күн­деріңді еске түсіретін де ғалам­тордың ғажаптары да бар. Дегенмен екі арада шекара болғаны абзал. Жеткіншектерді кітапқа, шынайы өмірге, шығармашылыққа шыңдап, балалық шағына балта шаппай, тілін тауып тізгіндеуді ойластырған дұрыс. Мұны отбасылық психолог, магистр Инара Әлкенқызы да құптайды.

«Қазіргі балалар – цифрлы дәуір­де туған балалар. Сондықтан смарт­фон ананың әлдиін, кітапты, тіпті ойынды да қызықты әрі әсерлі дүниемен алмастырып жіберді. Бірақ бұған қарап баланың бәрі смартфонға тәуелді деуге болмайды. Смартфон – шетсіз-шексіз, сан алуан ақпарат алуға болатын, вир­туалды әлемге шығуға мүм­кіндік беретін құрал ғана. Егер оны орынды пайдалана білсе, әри­не пайдалы. Ал шектен тыс пайда­ла­нып, күні-түні қарайтын бол­са, бала денсаулығына тигізер зия­ны көп болуы мүмкін. Атап айт­сақ, психикалық-эмоционалдық ауыт­қу, жігерсіздік, қызбалық, ішкі эмо­циясына ие бола алмау, т.б. Фи­зикалық симптомдары: көз көруі нашарлау, еңкіш тарту, сондай-ақ бұлшық еттерінің қалыптасуы бұзылады», дейді маман.

Сонымен қатар ол балаға смартфон бергенде ата-ана баса көңіл бө­летін нәрселерді де атап өтті.

«Бірінші, балаға шынайы және виртуалды әлемді түсіндіріп, екеуін екі бөлек қою, уақытын шектеу, шекарасын көрсету. Екінші, ба­ла­ның ол әлемде нені көріп, не­мен ұшырасатындығына мән беру. Смартфонға бала режімін, ата-ана бақылауын қою керек. Үшін­ші, смартфонды балаға өз мін­детін жақсы атқарғаны үшін, жақсы оқы­ғаны үшін, басқа да жақ­сы нәтижелерге жеткені үшін жүл­де ретінде берген жөн. Мұндай жағ­дайда смартфон позитивті әсер етеді. Ол баланың жауапкершілігін арттырады, тәртіпке және алды­на қойған мақсатына жетуіне ық­палын тигізеді. Бұл баланың бәсе­кеге қабілетті, белсенді жеке тұлға ре­тінде қалыптасуына әсер етеді», деп атап өтті И. Әлкенқызы.

Маман айтқан маңызды мәсе­ле­лер­ге мән беріп, әрбір ата-ана смарт­фон­ды баласына қандай мақ­­сатпен алып беретіндігін анық білгені дұрыс.

«Мысалы, смартфон несімен пайдалы? Оның көмегімен балада қан­дай сапалы, жақсы қасиеттер қалып­тастыруға болады? Бұл мә­селеде ата-ана жауапкершілігі тек смартфон пайдалануда ғана емес, балаға үйде жайлы атмосфера жасай білуде. Өйткені бала өзіне жайсыз, бір сарынды шынайы өмірден гөрі ойын арқылы ашуын басатын, «достарының» қамқорлығын сезінетін, әсіресе желі­дегі қауымдастықта өзінің маңыз­дылығын сезетін болса, виртуалды әлемге кірігіп кетуі мүмкін», деп тү­йін­деді отбасылық психолог Инара Әлкен­қызы.

Бұрын «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деуші едік. Қазір ұялы теле­фоннан көргенін істейтін ұр­пақ­­тың өсіп келе жатқанын бай­қай­мыз. Жаһандану деп жапа-тар­мағай жанталаспай, жас ұрпақ­тың балалық бал күніне баса назар аудар­ған артық емес. Себебі бү­гін­гі балдырған – ертеңгі ұлттың тұт­­­қасын ұстайтын тұлға.