• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Желтоқсан, 2013

Тәуелсіз Қазақстанның Жеті қазынасы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы

480 рет
көрсетілді

«Бесінші қазынамыз: Ұлттық байлығымыздың,

әл-ауқатымыз бен әлеуетіміздің түп негізі – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы». 

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

Тәуелсіздік күніне арналған

салтанатты жиында сөйлеген сөзден.

Айқын мақсат, жасампаз жоспар – қашанда алға қарай адаспай жүрудің және нақты табыстарға жетудің басты негізі. Сол мақсат-мұраттар мен толағай табыстарға жеткізетін құдірет не?!

«Бесінші қазынамыз: Ұлттық байлығымыздың,

әл-ауқатымыз бен әлеуетіміздің түп негізі – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы». 

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

Тәуелсіздік күніне арналған

салтанатты жиында сөйлеген сөзден.

Айқын мақсат, жасампаз жоспар – қашанда алға қарай адаспай жүрудің және нақты табыстарға жетудің басты негізі. Сол мақсат-мұраттар мен толағай табыстарға жеткізетін құдірет не?!

Әрине – Еңбек! Еңбек болғанда да ебедейсіз, көзін білмей, қы­бын сезбей босқа тер төгетін нә­тижесіз еңбек емес, ебін тауып өнімділікті еселей түсетін, сол арқылы табысыңды молайтып, тұрмысыңды жақсарта түсетін, ел экономикасын нығайтып, оның халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетін, табысың мен тұрмысыңа қуанып, еңбекке деген құштарлығың мен құрметіңді, сүйіспеншілігің мен шын махаббатыңды арттыра түсетін тиімді, нәтижелі, жан-жақты жетілген өнімді еңбек! Еңбек еткен ешқашан кем болмайды, әркез қатарынан да кейін қалмайды. Ұлы Абай: «Еңбек етсең емерсің», десе, жыр алыбы Жамбыл: «Еңбек ет те міндет ет», деп бекер айтқан жоқ. Дана да ұлы халқымыз еңбек туралы небір тамаша тұжырымдар жасады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та еңбекті барлық игіліктің басына қойып отыр. Осыдан бір жарым жыл бұрын Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасын жариялады. Мемлекет басшысы бүкіл Қа­зақстан халқына әлемнің әмір­шісі еңбек екенін, тек еңбекпен ғана жеміс өнетінін, тек еңбек қана бар қиындықты жеңетінін ерекше ескертіп айтты. Егер қазақ даналығындағы «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген мақалды ескерсек, бұл тек қазаққа ғана емес, бүкіл әлем халқына айтылған аталы сөз деп қабылдауымыз қажет.

Есімдері қазақ тарихында алтын әріптермен жазылып, ұлты үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін ұлы ұлағаттар қалдырған алып­тарымыз, ХІХ ғасырдағы Шо­қан, Ыбырай, Абай, ХХ ға­сыр­дағы Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәт­баев, Мәлік Ғабдуллин және басқалардың бәрі де адамгершілік пен ақылмандықтың шыңына тек қана тынымсыз адал еңбектері мен ұлтын сүйген ұлағатты қа­сиет­терінің арқасында жеткен. Ел­басымыз Нұрсұлтан На­зар­баевтың да өмір жолы – қайнаған еңбек, толассыз күрес жолы. Нұрсұлтан Әбішұлы қарапайым азамат, қатардағы жұмысшыдан бүгінгі күні Мемлекет басшысы, бүкіл әлем таныған саяси қайраткер дәрежесіне көте­ріл­се, бәрі – тынымсыз еңбегі мен туған ұлтының әлемдік қоғам­дастықтағы лайықты орны, тыныш та тату, бейбіт те ба­қытты өмір сүруі үшін толас­сыз жүргізген жүйелі де жеміс­ті күресінің арқасы. Мұны Тәуелсіздік мерекесі тұсында хал­қы­мызға тарту етілген «Елбасы жолы» киноэпопеясынан да анық түсіндік. Қазақтың еңбегімен ел игілігіне қызмет етіп, әрқашан алда болуды, табысты да бақытты, мәнді де мазмұнды ғұмыр кешуді армандайтын әрбір ұл-қызы Елбасының еңбек жолын үлгі, темірқазық нысана етіп ұстанулары тиіс.

«Құдай бізден «қанша жа­са­дың?» деп сұрамайды, «не жа­са­дың?» деп сұрайды», – деген еді бір сөзінде атақты ақын Олжас Сү­лейменов. «Адам өз өмірін ең­бектенуден бастап, еңбектанумен аяқтайды», деп кетті қазақтың ойшыл ақыны Қадыр Мырза Әлі. Қандай ға­жап сөздер! Өмірдің өзінен ойы­лып алынған толғақты тұжырым ғой бұлар. Ішіне бәрі сыйып тұр. Менің де бүкіл өмірім Қадекең айтқан бір сөйлемнің ішінде. Бір жарым жасымда мені өмірге әкелген анам дүниеден озыпты. Әкем адамзатқа айдаһарша ажал оғын  сепкен қасіретті со­ғыс­тан оралмады. Балалық шағымыз соғыс пен соғыстан кейінгі қиын жылдарға тура келді де, біздің ұрпақ еңбекке ерте араласты. Егер өткен ғасырдың 70-80-жылдарында халқымыз барлық нәрсе дерлік жеткілікті болып, уайым-қайғысыз берекелі ғұмыр кешсе, бәрі сол еңбектің, ұжымдық ынтымақтастықтың арқасы шығар. Өйткені, үлкен де, кіші де, жас та, жасамыс та еңбек етті. Ол кез үшін «жұмыс жоқ», «жұмыссызбын» деген сөздердің өзі санаға сыймайтын түсінік еді.

Мен де қандай  жетістікке де өз еңбегіммен жеттім. Мектепті үздік бітіріп, институтқа емтихансыз қабылдандым. Оны да жақсы бітіріп, ғылыми жұмыстармен айналыстым. Осы жасыма дейін адал тірлік кештім, қолымнан келген бар жақсылықты жасап, айналама шапағатымды шашуға тырыстым. Алла денсаулық берді, өзімді сыйлайтын, алтын басымды ардақтайтын өмірлік жар сыйлады, саналы, білімді, әдепті ұрпақ өсірдім. Соған өмір бойы шүкіршілік етіп, хал-қадерімше еңбек етіп келемін. Көз майымды аямай, қазақ ғылымына барынша үлес қосуды мұрат тұттым. Осы күнге дейін қандай жетістік, атақ-алғыс, мемлекеттік марапат, халық ықыласына ие болсам, бәрі де сол тынымсыз еңбегімнің, елімнің өркендеуіне титтей де болса үлес қоссам деп соққан жұдырықтай перзенттік жүрек әмірінің арқасы. Егер Олжекең айтқан әлгі сұрақты өзімізге емес, елімізге қатысты қояр болсақ, Елбасымыз ел алдына, ұлт алдына: «Біздің мақсатымыз – 2050 жылға қарай Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру, Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс», деген анық мақсат, асқаралы міндет жүктеп отыр. Өзін қазақтың ұлы, Қазақстанның азаматы санайтын әрбір жанды бүгін бәрінен бұрын осы мәселелер қатты ойландырып, әркім соған қолынан келер өзіндік үлес қосуға ұмтылулары тиіс. Мені аграрлық ғылыммен айналысып жүрген ғалым ретінде, ұстаз ретінде бұл мәселелер қатты толғандырады. Өйткені, бұл мақсат-міндеттердің бәрі толық орындалып, мұратқа жету үшін, Елбасы жүктегендей, бүкіл халқымыз еңбектеніп, жан басына шаққандағы өнім өндіру көлемі еселене көбеюі керек.

Ал бізде соған жетуге толық мүмкіндік беретін негізгі байлық – жерді пайдалану жағы тым төмен. Сол жер, оны өңдейтін халықтың айтарлықтай бөлігі – бүкіл ел тұрғындарының жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Елбасының сөзімен айтсақ, солардың 30 пайыздан астамы немесе бүкіл ел тұрғындарына шаққанда 15 пайызға жуығы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар. Егер қала тұрғындарының да айтарлықтай бөлігі сондай жандар екенін ескерсек, онда еліміз бойынша қаншама тұрғынның тұрақты жұмысы болмай, әй­теуір жанбағыс үшін табылған жұмыспен шұғылданып жүргенін есептей беріңіз. Ондай жағдайда еселеп артатын еңбек өнімділігі, жоғары жалақы, қажетті әлеу­меттік жағдай, жақсы тұрмыс жайында айтудың өзі қиын. Себебі, 1991 жылы, КСРО ыдыраудың алдында тұрған кезде елімізде 2095 кеңшар, 265 ұжымшар болған еді. Қазір олардың орнына ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын мыңдаған әртүрлі шаруашылықтар ұйым­дастырылғанымен, «бө­лін­генді бөрі жейді» дегеннің кері ке­ліп, сол ұсақ шаруашылықтар жұ­мысын жолға қоя алмай келеді.

Оның себебі көп. Ауылды жерде реформа жүргізген кезде бірқатар әділетсіздіктер орын алды. Ең бастыларын атайтын болсақ, біріншіден, ең құнарлы, жолға жақын, су жақсы баратын жерлерді қолында билігі бар санаулы адамдар иеленіп кетті. Жерді молырақ алғандар да солар. Мысалы, суармалы алқаптардан біреулер 200 гектарға дейін еншілесе, енді біреулерге 2-3, тіпті, 1,3 гектар ғана жер тиді. Ас атасы өндірілетін солтүстік облыс­тарда бұл мәселе тіпті асқынып кетті. Мұнда қолы жеткендер 3-5 мың гектарға дейін басып қалса, қарапайым тұрғындарға бұйырғаны 120 гектарға әрең жетеді. Сөйтіп, халықтың негізгі асыраушысы болып келген Жер-Ананың төсін ему жағы кеми берді. Өйткені, әлгі құнарлы жерлерді бөліп алғандар оны өзі үшін де, ел үшін де тиімді пайдалану мәселесіне мән бермеді. Егер 1991 жылы 227,5 миллион гектар жерде астық өндірілсе, арада небәрі 7-8 жыл өткенде оның көлемі 113,4 миллион гектарға дейін қысқарып, екі есеге дейін төмендегені бұл сөзімнің нақты дәлелі. Соның салдарынан түсім 30 пайызға дейін азайды. Ең өкініштісі, еткен еңбек пен төккен тердің құны тым арзандап кетті. Сөйтіп, «Қайтарымы жоқ жұмыстың барынан жоғы жақсы» көзқарасы қылаң берді. Ауыл жастарының арасында «Қалаға барып, арба сүйресем де өлмеймін» деген пікір қалыптасты. Осылай «байтал түгіл бас қайғы» заманда өнер-білімге, кәсіп иеленуге деген қызығушылық төмендеді. Бұл ауылда мамандардың күрт кемуіне алып келді. Қазір сарапшы-мамандардың айтуынша, 16-45 жас аралығындағы адамдардың арасында ауыл шаруашылығы мамандары қалмай барады. Жер шұқумен айналысатындардың басым бөлігі зейнеткерлер.

Екіншіден, кеңшар, ұжым­шар­лардағы техника да әділетсіз бөлінді. Жарамды техника-тетіктер әр ауылда қолында билігі мен лауазымы, соған сәйкес жағдайы бар, бірақ бүкіл ауылдың тірлігін жасауға мүдделі емес 4-5 адамның қолына шоғырланды. Ал негізгі еңбеккер қауым диқан мен шаруа­ның күш-қуатын арттыратын мұн­дай мүмкіндіктен мақұрым қалды. Енді жері аз, техникасы жоқтың қасындағы қарапайым ауылдықтар жер мен техникаға қолын молырақ батырғандардың алдында кіріптар күй кешуде. Ең бастысы, жерді молдан алғандар да, аздан алғандар да оны толық игере алмай, нәтижесінде миллиондаған тонна өнім, миллиардтаған теңге табыс әкелетін пайдалануға жарамды ауылшаруашылық мақсатындағы ұлан-ғайыр жерлер пайдаланылмай жатыр. Қа­зіргі ел экономикасының ауыл шаруашылығы саласының бәсе­келестік қабілетінің тө­мен­деп, ондағы кәсіпкерліктің дамуы­на кедергі болып тұрған жайттар да негізінен осылар. Мұны тереңірек түсінетін болсақ, айналып келгенде, билік басындағы шенділер мен шекпенділердің өздері кәсіпкерліктің дамуына кедергі болып отырғанын көреміз. Өйткені, мемлекет мың жерден оған заңнамалық негіз жасап қойғанымен, бізде кәсіпкерлікпен айналысатындар мемлекеттік қызметте, құқық қорғау немесе салық ұйымдарында отырғандар не солардың жақын-жуықтары. Олар қарапайым жандардың кәсібінің өрге домалауына мүд­делі емес.

 Үшіншіден, суару жүйелерінің толықтай дерлік істен шыққаны және олар түгелдей дерлік жекеменшікке өтіп кетуі себебінен өнімділігі өте жоғары суармалы жерлерді, сондай-ақ, жайылымдар мен шабындықтарды пайдалану тиімділігі күрт төмендеді. Айталық, 1991 жылы елімізде 2,3 миллион гектар суармалы, 187 миллион гектар табиғи жайылым болса, бүгінгі күні солардың жартысына жуығы ғана, мысалы 1-1,2 миллион гектар ғана суармалы жер, 100 миллион гектарға жетер-жетпес жайылым ғана пайдаланылып отыр. Онда да аса тиімді емес. Ал мұның бәрі ауыл шаруашылығын, ауылды, ауылдағы өндірісті пайдалану үшін қанша әлеует?!

Не істеу керек? Мемлекет бас­шысы «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясында еңбек өнімділігін еселеп арттырып, ауыл шаруашылығын, әсіресе, егіншілік пен мал өні­мі­не өсіп отырған жаһандық сұ­раныс жағдайында бұл саланы ауқымды жаңғырту қажеттігін атап көрсетті. Елбасы осы мақсатта егістік алаң­ын ұлғайту, жаңа технология­лар енгізу есебінен егістік түсімін елеулі деңгейге көтеру, мал шаруашылығы үшін әлемдік деңгейдегі жемшөп базасын, экологиялыққа баса назар аудара отырып, бәсекеге қабілетті ұлттық брендтер құру арқылы агроөнеркәсіптік кешеннің алдына экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу, бір сөзбен айтқанда, әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу міндетін қой­ды. Ол үшін ауылшаруашылық өнім­дерін қайта өңдеу мен сатуда фермерлік шаруашылық пен шағын және орта бизнесті жан-жақты дамыту керек. Жер өңдеу мәдениетін өзгерту және жаңа ғылыми, тех­нологиялық, басқарушылық же­тіс­тіктерді ескере отырып, мал ша­руа­шы­лығындағы ұлттық дәс­түрлер жаңғыртылуы тиіс.

Кезінде 100 қойы бар адам кедей саналған қазақ қауымы мал өсірудің мың түрлі әдіс-тәсілдерін меңгергені – дәлелдеуді қажет етпейтін тарихи шындық. Демек, ол – тумысында малды күтіп-бағу мен оны еселеп көбейтудің тәжірибесін өзі жасаған ұлт. Ешқандай техника-тетіксіз, жаз – жайлауға, қыс – қыстауға көшіп, табиғи жайылымдарды ұтымды пайдалану арқылы отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе айдап, оны көбейте білген халық нағыз кәсіпкер халық. Тек кешегі Кеңес өкіметі тұсындағы масылдық психология ғана оны өзге қасиеттерімен бірге осы тамаша қабілетінен де айыра жаздады. Негізінде қанында, болмысында бар қасиетті бүгінгідей, кәсіпкерлік – жаңа экономиканың қозғаушы күші ретінде бағаланып, мемлекет тарапынан қолайлы жағдайлар жасалып жатқан тұста қайта жаңғырту қиын емес деп ойлаймын.

Жалпы, «Отырар орныңды, айтар сөзіңді біл» деп мәтелдейтін қазақ ұлты дүниежүзілік нарықтағы өзінің алар орны мен айтар сөзін қай тұстан іздеу керек десе, мен ойланбастан «азық-түлік өндірісі саласынан» деп жауап берер едім. Өйткені, біздің ұлан-ғайыр жеріміз, сан ғасырлық мал өсіру тәжірибеміз бар. Елбасы отандық агроөнеркәсіп кешенінің алдына әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу міндетін қойғанда осы жағын ескергені сөзсіз. Негізінде біз қой баққан, қоймен бірге сайын даланы кезіп жүріп, бүкіл адамзаттың қажетіне жарарлық келелі ой баққан халықпыз. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатерін атай отырып, әлемдегі халық саны өсуінің жоғары қарқыны азық-түлік проблемасын күрт шиеленістіріп, бүгіннің өзінде миллиондаған адам аштыққа ұшырап, миллиардқа жуық адам тағамның ұдайы жетіспеушілігін бастан кешіп жатқанын, та­мақ өнімдерін өндіруде рево­люциялық өзгерістер жасамаса, бұл үрейлі цифрлар тек өсе тү­сетінін айтты. Бірақ осы сын-қатерлердің астарында біз үшін орасан мүмкіндіктер бар екенін де ескертті.

Қазір 2010-2014 жыл­дар­­ға арналған Елімізді ин­дус­триялық-инновациялық дамыту бағ­дарламасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Үкіметке оның келесі басқышының жоспарын жасау жүктелді. Енді соны дайындау кезінде бірінші кезекте жерді пайдалану, ауылшаруашылық өнімдерін молынан өндіріп, оны барынша өңдеу мәселелеріне баса назар аударған жөн. Өйткені, жер – баға жетпес байлық. Ең қымбат қазына. Бізге ата-бабаларымыздан қалған ең бағалы сый. Түптің түбінде адамзатты асырайтын да Жер-Ана. Жердің де жүрегі бар. Ол да сыздайды. Оны күтпеудің, бабын таппаудың, қадірін сезінбеудің зардабы орасан зор болуы мүмкін. Сондықтан, біз жерді тиімді пайдаланудың, азық-түлік дақылдарын, мал өсірудің ұлттық дәстүрлерге негізделген төл технологиясын тудыруымыз керек. Бір кездері бізде қант қызылшасын өсіру жақсы дамыған еді. Әр гектардан 500 центнерге дейін өнім алынды. Қазір ол 105 центнерді ғана құрайды. Дәндік жүгерінің әр гектарынан орта есеппен 18-20 центнер, картоптың әр гектарынан 105-110 центнер өнім алудамыз. Пайдаға шығу үшін қызылшаның әр гектарынан кем дегенде – 250 центнер, жүгеріден – 25-28 центнер, картоптан 170-180 центнер өнім алуымыз керек. Жалпы, барлық техникалық, бау-бақша және көкөніс дақылдарынан алынатын өнімді 1,5-2 есеге арттыруымыз керек. Ол үшін салааралық байланыстарды нығайтып, ауыл шаруашылығында жер реформасын жүзеге асырудың нақты бағдарламасын жасап, топырақ құнарлылығын арттырудың бар­лық амалдарын қолға алу қажет.

Дамыған елдердің бәрінде ми­нералды тыңайтқыштарға өнім­ділікті арттырудың агро­хи­миялық тиімді тәсілі ретінде қарайды. Франция агрохимиктер қоғамының мәліметіне сәйкес, 1 кило ты­ң­айт­қыш берудің нәтижесінде би­дайдың өнімі – 7,5, күріш – 8,6, жүгері 9,8 килоға артады екен. Ал бізде қазір ауыл шаруашылығында тыңайтқыш қолдану тым азайып кетті. Қазақстан бүгінде тыңайтқыштар қолдану жөнінен (әр гектарға 16-20 кило) дамыған елдерден де (340-480 кило, ТМД елдерінен де (160-280 кило) қалып қойды. Оның үстіне соңғы жылдары органикалық тыңайтқыш енгізу де күрт кеміп кетті. Егер 1990 жылға дейін Қазақстанда жылына 1 миллион тонна тыңайтқыш шығарылса, қазір бар болғаны 40-50 мың тонна ғана шығарады екенбіз. Ал бізге бүгінгі күннің өзінде  кем дегенде 650 мың тонна тыңайтқыш керек. Болашақта 1,3 миллион тонна қажет болады.

 Жалпы, Қазақстан үшін ауылды, ауыл шаруа­шы­лығы өн­ді­рісін дамыту – ең өзекті мәсе­ле. Егер, ауыл­дық жерлерде ша­ғын шаруа қожалықтарын ірілендіріп, кластерлік үлгі­де азық-түлік өнімдерін өн­ді­ретін әрі қайта өңдеу арқы­лы нарық­қа дайын өнім ұсы­на­­тын кәсіпорындарды көптеп шоғырландырып, дамы­татын болсақ, бұл бірне­ше мәселенің шешілуін қам­тамасыз етер еді. Бірін­шіден, ауылда тұрақты жұ­мыс орындары көбейіп, ха­лық­тың қалаға көшу үдерісі то­лас­тайды. Екіншіден, ауыл халқының жалақысы кө­бейіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайлары жақсарады. Үшіншіден, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі нығая түседі. Төртіншіден, әлеу­меттік тұ­рақтылық нығайып, бұл өз кезегінде қылмыстың азаюына, елдің еңбекпен айналысып, Елбасы айтқан Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының  қа­лып­тасуына қолайлы жағдай туғызады. Ал еңбекпен то­лық қамтылған қоғамда қиын­дық­тар өте аз болатыны анық. Кез келген ұлттың, мемлекеттің бас­ты мұраты – тұрақтылық, қа­лыпты даму, халқына бар игі­лікті жасау болса, ендеше, біз бі­рінші кезекте бүкіл халықты еңбекпен қамту мәселесін ше­шуіміз керек. Елбасы ойлаған ізгі ниет, ел алдына қойған бас­ты міндет те осы.

Рақымжан ЕЛЕШЕВ,

ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Алматы.

Соңғы жаңалықтар