Шекаралардың жабылуы, сақтық шараларының артуы, кәсіпорындар мен өнеркәсіп орындары қызметінің шектелуі 2020 жылмен тәмам болмайтын түрі бар. Шектеулер мен тәртіп биыл да жалғасады. Әрине бұл экономикаға да әсерін тигізеді. Дүниежүзілік банк ұсынған дерекке сүйенсек, 2020 жылдың нәтижесі бойынша әлемдік экономика 4,3 пайызға құлдырап кеткен. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан кейін тіркеліп отырған ауыр ахуал.
AERC қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы 2020 жылды қорытып, 2021 жылды бажайлап, әр тоқсан сайынғы дәстүрлі макроэкономикалық болжамын жариялады. Болжамның жалпы нобайында Brent маркалы мұнайдың 2021 жылы барреліне орташа 48,5 доллар болатыны; сауда серіктес елдердің экономикасы 4,5 пайызға өсетіні; Қазақстанның мұнай мен газ конденсаты өндірісін 86 млн тонна деңгейіне жеткізетіні және биыл ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 4,8 пайызға өсетіні айтылады. Ал тұтынушылық инфляция 2020 жылмен салыстырғанда біршама баяулап, 2021 жылы 6,5 пайызды құрамақ.
«Экономиканы қалпына келтіру үшін елдер «жұмсақ» ақша-несие саясатын ұстанды. Локдаун және бизнестің тежелуі салдарынан Қазақстан экономикасы 2,6 пайызға құлдырады. Қызмет көрсету секторы 5,6 пайызға кері кетіп, жыл соңында қалпына келе бастады. Бұл жылдың екінші жартысындағы карантин шараларының жеңілдеуіне байланысты. Көп қызметтің онлайн режімге көшуі онлайн қызметтерге деген сұранысты арттырды. Бұл әсіресе ақпарат және байланыс саласына оң ықпал етті. Нәтижесінде, бұл саладағы өсім 8,6 пайызға (2019 жылмен салыстырғанда) жетті. Сондай-ақ құрылыс (+11,2 пайыз), өңдеуші өнеркәсіп (+3,9 пайыз) салалары да жылды оң нәтижемен тәмамдады. Алайда ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр 11 айда ішкі сауда айналымы 12,9 пайызға, оның ішінде экспорт 18,2 пайызға төмендеп кеткен. Импорт 5 пайызға азайған. Негізгі капиталға инвестиция салу да 3,4 пайызға кеміп, теріс динамика көрсеткен», делінеді зерттеуде.
Сондай-ақ AERC өз зерттеуінде мемлекеттік жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары банк секторының қаржылық тұрақтылығы үшін қауіп тудырып отыр деп есептейді. Осы қиындықты еңсеру мақсатында құрылған «Қазақстан орнықтылық қоры» екінші деңгейлі банктерді нарықта өз өнімдерін ұсыну мүмкіндігінен айырып отыр делінеді.
«Үшіншіден, ақшаның нарықтық құнын арзандату арқылы экономиканы ынталандыру тәжірибесі экономикада көпіршік үрлену қаупімен қатар жүреді. Жеңілдетілген несие беру арқылы шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету шарасы банктерді несие алушыларға қойылатын скорингтік талаптарды төмендетуге мәжбүр етеді. Бұл банктердегі нашар займдардың (NPL) көбеюіне әсер етеді. 2020 жылы шағын бизнесті несиелеу 19,3 пайызға өскен (2019 жылмен салыстырғанда). Мұндай қауіп тұрғын үй нарығында да бар. Былтыр жаңа үйлер бағасы 5,2 пайызға, екінші нарық үйлері 13,1 пайызға өскен. Бұл үдеріс биыл да жалғасып, қаңтарда өсім 3 және 5 пайызға дейін артты» делінеді зерттеуде.
AERC болжамынша, биыл негізгі капиталға салынатын инвестиция 2 пайызға, номиналды ақшалай кіріс 9,5 пайызға өседі. Сонымен қатар доллар курсы 432,8 деңгейінде болуы мүмкін. Бұл дегеніңіз былтырмен салыстырғанда 4,8 пайызға әлсіреуді аңғартады. Дегенмен сауда балансы оң көрсеткішке бастайды деген болжам бар. 2021 жылдың қорытындысы бойынша тауарларды экспорттау көлемі импорттаудан 11,9 млрд долларға асып түсуі әбден мүмкін. Экономиканың реалды секторындағы іскерлік белсенділіктің қалпына келе бастауын ескере отырып салық базасы баяу қозғалыспен болса да еңсесін тіктейді, мемлекеттік бюджет түсімі 10,8 пайызға өседі деп болжам айтады.
Қазіргі макроэкономикалық ахуал мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік сектордың жоғарғы шығындарын сақтауды талап етпек, өйткені AERC болжамынша, аталған сектор 2021 жылы өсімге жетіп, 15,1 трлн табыс көрсетеді. Дегенмен мемлекеттік бюджет табысы 2020 жылғыдан 14 пайызға төмен болады. Бұл Ұлттық қордан трансферттердің азаюымен түсіндіріледі. Осылайша, мемлекеттік бюджет сальдосы 2021 жылы 2,5 трлн теңге тапшылық өлшемінде немесе ІЖӨ-нің 3,1 пайызы көлемінде болмақ.