Облыстық жастар фестивалінің шымылдығын аудан жастары “ЕҚЫҰ – Қазақстанның әлемдік абыройы” деген тақырыппен ашты. Аталған кездесуге Алматы облысының аудан, қалаларынан аға ұрпақ өкілдері мен жастар жиналып, оның мазмұнын толықтырды.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Азия және ТМД мемлекеттері арасынан төрағалық тізгінін тұңғыш ұстаған еліміздің асқақ абыройы жайлы жастар алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Махаббат Бигелдиев әрдайым жастардың алғы шептен көрініп, экономиканы нығайтудағы іргелі істерін ортаға салса, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Г.Сүлейменова биылғы облыстық фестивальдің осында өтуі тегін еместігін жеткізді. Жамбыл ауданы батырлар мен ақындардың құтты мекені болғандықтан жыл сайын өрелі істерімен ерекшеленгеніне, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда аймақта ауқымды жұмыстар жүзеге асқанына тоқталды.
Ел тарихы мен Мемлекет басшысының сарабдал саясатын арқау еткен алуан тақырыптарды көтерген аудан жастары орталық алаңда лег-легімен жалынды сөз, елжандылық көзқарасымен жарқырай көрінді. Жас жүрекке от беретін, елім-жерім деп еміренетін, мемлекетім деп мерейленетін шұғылалы сәтке жиналғандар тарапынан қолдау тапты. Он жасар оғылан, желкілдеген жігіт, бой түзеген бойжеткеннің елге, жерге деген шынайы сезімдері бүгінгі бейбіт өмірдің баянын, кең-байтақ Қазақстанның абыройын, туған жер топырағының қасиетін сезінуімен ерекшеленді. Асқақ поэзия әуеге шарықтап, көрікті сөздер көкейге құйылды.
Фестивальда аға ұрпақ өкілдері атынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Егеубек Далбағаев сөйлеп, жастарға бата берді. Жамбыл жастарының ортақ тілегін Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы, Грекияда өткен халықаралық олимпиаданың алтын жүлдесін иеленген білім озаты Дінмұхамед Ермек жеткізді. Жиында аудан жастарының үндеуі қабылданды. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан аудан озаттары облыстық ішкі саясат басқармасының және Жамбыл ауданы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.