Түркістан облысында карантин кезінде 200-ге жуық адамның басын қосып, көкпар ұйымдастырғандар анықталды.
Жетісай АПБ қызметкерлері күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында, белгісіз тұлғалардың көкпар ұйымдастырғаны туралы таралған бейнежазбаны назарға алды.
Болған жайтты бірден тексеруге кіріскен тәртіп сақшылары көкпардың Жетісай ауданы Жамбыл елді мекенінде болғанын анықтады. Яғни ауыл тұрғыны егістік алқапта карантин талаптарын бұзып, 200-ге жуық адамның басын қосып, көкпар ұйымдастырған. Бүгінде іс-шараны ұйымдастырушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша құжаттар жинақталып, СЭС-ке жолданды.
Өз кезегінде полицейлер Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтарын карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талаптарын бұзбау керектігін еске салады. Базарларға, дүкендерге және адамдар көп жиналатын басқа да жерлерге барғанда, қоғамдық көліктерге мінгенде медициналық бетперде киіп, антисептик пайдалану және әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет.
Той-жиын, көкпар немесе басқа да адамдардың саулығына зиян келтіретін іс-шараларды ұйымдастырмауға шақырады.