БҰҰ-ның рейтингіне сәйкес Қазақстан «электронды үкіметті» дамыту көрсеткіштері бойынша 193 елдің ішінде 29-орынға табан тіреген. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде өткен брифингте Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаментінің директоры Ильдар Үйсімбаев мәлімдеді.
«Мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау – қызметтердің халыққа қолжетімділігі» тақырыбында өткен брифинг барысында агенттіктің өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіру мәселелері қаралды. Халыққа сапалы қызмет көрсету қызметтің басты бағыты болып қалатынын атап өткен департамент директоры соңғы үш жылда электронды нысанда көрсетілетін қызметтер үлесінің 53-тен 82 пайызға өскенін жеткізді.
Өткен жылы осы мекеменің атына халықтан 1,5 мыңға жуық өтініш келіп түссе, оның басым көпшілігі жер қатынастары мәселелеріне қатысты болып отыр. Әлеуметтік, сәулет және қала құрылысы салаларында мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеттеріне қатысты түсетін арыз-шағымдар да аз емес.
Агенттік өкілі келіп түскен шағымдардың 36 пайызы (520 шағым) жергілікті органдар қызметкерлерінің «еншісінде» екенін алға тартты. Осыған орай, жеке және заңды тұлғалардың шағымдары негізінде 266 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, қызмет алушылардың құқықтары қалпына келтірілген.
«Халықтан түскен шағымдарды қарау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты мекемелерінің 207 қызметкері түрлі тәртіптік жауапкершілікке, 33 лауазымды тұлға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 465-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деп хабарлады ол.
И.Үйсімбаев барлық мемлекеттік органдарға тән әрі жүйелі түрде жіберілетін басты кемшіліктерді атап көрсетті. Оның ең бастысы және ең көп кездесетіні – қызмет алушылардан артық құжаттарды талап ету. Агенттік келтірген сандарға сүйенсек, өткен жылы мемлекеттік органдардан 114 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған.
«Құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді тетіктерінің бірі – мемлекеттік органдарға ішкі бақылау жүргізу» деп атап өткен департамент директоры тексерулердің 81 пайызы аудандық және ауылдық округтердің мемлекеттік органдарында жүргізілгенін де жеткізді.
Мәселен, жер қатынастары саласындағы бірқатар электронды қызмет қолжетімсіз екенін айтқан ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің 59% қызметін жергілікті атқарушы органдар көрсететінін, оның 97 пайызын электронды нысанға ауыстыру көзделгенін де алға тартты.
«Электронды үкімет» порталы енгізілгелі біраз уақыт өткенімен әлі күнге кей қызметтер қағаз күйінде қалып қойған. Қазіргі таңда 54 қызмет әлі порталға енгізілмеген. Осының өзі Мемлекет басшысының қызметтердің 90 пайызын электронды нысанға көшіру жөніндегі тапсырмасының сапалы орындалуына күмән келтіретіні сөзсіз.
Мемлекеттік қызметтерге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Сол себепті бұл бағыттағы сапа мен бақылауға ерекше мән беріліп отыр. Осыған орай И.Үйсімбаев сөзін: «Мемлекеттік қызметтің басты міндеті – халыққа қызмет ету. Сондықтан да қызмет сапасын жақсарту, мемлекеттік қызметшінің этикалық деңгейін көтеру, басты қағидаттардың бірі болып қала береді», деп түйіндеді.