Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтің төрағалығымен өткен Сенаттың жалпы отырысында уран өндіру мәселесі туралы заң жобасы екі оқылымда қаралды. Депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне уран өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтаруды ұйғарды.
Жер қойнауын пайдаланушылар уран өндіру зардаптарын жою жоспарын барлық жұмыс басталғанға дейінгі құжаттар топтамасын дайындау сатысында ұсынуы тиіс. Кен орнындағы қордың едәуір өскені анықталған жағдайда, олар өз кірістерінің бір бөлігін сол аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыттауға міндетті болады.
«Құжат еліміздегі уран өндіру саласын құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған. Мемлекет басшысының биылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік және жеке операторларды құруға тыйым салу жөніндегі берген тапсырмасын орындау мақсатында Сенат депутаттары заң жобасының бірінші бабының бесінші тармақшасының 14,15,16,17,18-ші және 19-шы абзацтарын алып тастауды ұсынып отыр. Үкіметтің биылғы 17 ақпанда келген қорытындысына сәйкес, бұл ұсыныс қолдау тапты. Заң жобасындағы барлық түзетулер уран саласындағы карым-қатынастарды әрі қарай жетілдіруге бағытталған. Сондықтан заң жобасының бастамашыларына, Парламент Мәжілісінің депутаттарына алғысымызды білдіреміз», деді сенатор Бауыржан Қаниев.
Сенаторлар ел Президентінің мемлекеттік және жеке-меншік операторларды құруға тыйым салу туралы тапсырмасын басшылыққа ала отырып, жобалау құжаттары мен уран кен орындарын игеру талдауына тәуелсіз сараптама операторын құруға қатысты ережелерді алып тастауды ұсынды. Баяндалғанды ескере келе, сенаторлар енгізген түзету Парламент Мәжілісіне жіберілді.
«Уран стратегиялық шикізат болып табылады және оны өндіретін қорларды есепке алу еліміздің отын-энергетикалық кешенін дамытуды көздейді. Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттағы міндеттемелерді орындау сапасын арттыруға және уран өндіру жөніндегі жобалау құжаттары туралы ережені жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл, сайып келгенде, Қазақстан әлемде жетекші орын алатын саланы дамыту жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», деді сенатор Ерік Сұлтанов.
Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарастырып, екі оқылымда қабылдады.
Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Әділет министрі Марат Бекетаевтің айтуынша, заң жобасы заңдарды әзірлеу, олар бойынша қоғамдық талқылау өткізу және заңдарды қабылдау рәсімдерін жетілдіру мақсатында әзірленді.
«Заң жобасында мынадай негізгі ережелер көзделеді. Біріншіден, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келетін заң шығару қызметінің жаңа кезеңдерін енгізу. Атап айтқанда, әзірлеуші органдар реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын әзірлейді. Бұл құжатта проблемалар мен ықтимал шешімдер көрсетіледі. Ол мүдделері қозғалатын мақсатты топтармен талқыланатын болады. Талқылау қорытындысы бойынша заң жобасының тұжырымдамасы жасалады. Екіншіден, заң жобаларын қоғамдық талқылау тәсілдерін кеңейту көзделеді. Азаматтарды жаңа реттеуге алдын ала дайындау мақсатында әрбір заң жобасы мен қабылданған заң ақпараттық түсіндіру бағдарламасымен сүйемелденеді. Үшіншіден, заң жобаларының ғылыми құқықтық сараптамасының сапасын арттыру. Бір ұйымның ғылыми ресурстарымен шектелмей, осы жұмысқа тиісті білімі бар елдегі барлық ғылыми сарапшыларды тарту. Бұл жұмысты үйлестіруді Заңнама және құқықтық ақпарат институтына жүктеу ұсынылады.
Төртіншіден, азаматтар мен бизнеске қосымша міндеттер жүктейтін нормаларға қатысты «өтпелі кезең» тәжірибесін заңнамалық деңгейде белгілеу. Жаңа міндеттерді белгілейтін нормалар халық пен бизнестің дайын болуына қарай, қабылданған күнінен бастап 60 күндік мерзімнен ерте енгізілмейді.
Заңдар қабылданғаннан кейін олардың тиімділігін бағалау міндеті ұсынылып отыр. Бұл міндет заңды әзірлеген мемлекеттік органдарға жүктеледі. Қабылданған заңның тиімділігін бағалау үшін әзірлеуші орган жаңа реттеудің салыстырмалы нәтижелері көрсетілген есепті дайындайды. Бұл есеп құқықтық мониторинг аясында қолданылатын болады, сондай-ақ парламенттік тыңдауда немесе «Үкімет сағатында» талқылануы мүмкін», деді Марат Бекетаев.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің айтуынша, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу, қоғамдық талқылау және қабылдау рәсімдерін жетілдіру жөніндегі міндеттер Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында белгіленген болатын. Бұл заңның қабылдануы халықтың заң шығару процесіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін қосымша құқықтық негіз қалыптастырады және Президенттің сайлауалды бағдарламасының орындалуы болып табылады.
«Әзірленетін заңдардың сапасын арттыруға, олар бойынша жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және қабылданған заңдардың орындалуын бақылауға арналған тетіктер анықталады. Заң аясындағы өзгерістер заңшығарушылық процесті жаңа деңгейге көтеріп, оның ашықтығын және тиімділігін арттыруға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетерлігі, заң жобасын талқылау барысында сенатор Қанатбек Сафинов қабылданатын заңдардың жартысына түзетулер енгізілетінін сынға алды. Оның айтуынша, бұл – заңнама тұрақсыздығының көрсеткіші. Заңдарға өзгерістер мен толықтырулардың жиі енгізілуі, дайындалатын заң жобаларында қабылданатын нормалардың нақты болжамдары болмауы басты мәселеге айналып отыр. Мұның бәрі қарама-қайшылықтарға, құқықтық қателіктерге, сот дауларына әкеледі.
«Қазақстанда 2,5 мыңнан астам заң қабылданды. Олардың 301-і дербес, 90 пайызы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар және ратификацияланған халықаралық шарттар. Тек қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің саны 51 мыңнан астам. Заңдар мен заңға тәуелді актілердің көптігі – қоғамдық қатынастарды нормативтік реттеудің көрсеткіші. Бұл мемлекеттік органдар үшін жаңа функциялар құруға және олардың аппаратын үлкейтуге әкеледі. Бұл мемлекеттік қызметшілер үшін де, кәсіпкерлер үшін де үлкен шектеулер мен тыйымдарға әкеп соғады», деді Қ.Сафинов.
Сондай-ақ отырыста Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолданды. Онда Алаш қайраткерінің мерейтойын лайықты деңгейде атап өтуге дайындық жүргізу қажеттігі туралы айтылған. Сауалды «Ұлттық құндылықтарды сақтау және нығайту – тәуелсіз мемлекеттің жарқын болашағы» тақырыбы бойынша өтетін Парламенттік тыңдауға дайындық аясында Нұрлан Әбдіров, Алтынбек Нұхұлы және басқа сенаторлар дайындаған.